Мен білетін бақытты адамдар...

Мен білетін бақытты адамдар дегенім жаратылысы ерекше, санасы басқа адамдар емес. Кәдімгі өзім танитын адамдар ғой. Оларды неге бақытты деп есептеймін?

Себебі олар интернетті қолдануды білмейді. Пошталары mail.ru-да тіркелген. Оларға ВКонтакте әлеуметтік желісі жетіп артылады. Сол жақта суреттерін жариялайды, лайк басады, пікірлерін жазады. Instagramда тіркелмеген. Кейбіреулері тіптен білмейді. Олар Twitter-де тіркелмеген. Сол сөзді естісе, не нәрсе деп сұрап, таң қалуы мүмкін. Gmail поштасын мүлдем білмейді. Facebook-та кезінде байқамай тіркелген де шығар. Бірақ оны сирек қолданады. Тіпті, қазіргі күні кірмейтін де шығар. Қолданса да, ВКонтактеден айырмашылығы жоқ. Сол баяғы суреттерін салады, лайк басады, пікірлерін жазады. Youtube сайтында арналарын ашпаған. Керек болса, видео көру үшін сол сайтты пайдалануға болатынын да білмейді. Жалпы, интернетке қатысты нәрселерді айта берсем, жалғаса бермек.

Жоға, өзімді интернеттің керемет қолданушысымын демеймін. Менікі имитация ғой сол. Көпшілік жұрт қайда жүрсе, мен де сол жерлерді көруге асығамын. Wordpress-ты енді біліп жатырмын. «Көштің соңында қалған» қолданушымын ғой. Блог жазуға да қабілетім мәз емес. Әйтеуір, «болмасаң да ұқсап баққырдың» амалы ғой. Кейде шығармашылық конкурстарға қатысамын. Күлкім келеді, дым да бұйырмайды ғой. Соңғы рет 10 мың теңге жеңіп алған едім, есепшотыма ақыры аудармады. Садақа!

Әлбетте, өзімді бақытсызбын деп айта алмаймын. Себебі интернет арқылы белсенді қолданушылар нанын тауып отыр, енді біреулері жобаларымен айналысып жүр. Пайдасына жаратып жүр ғой.

Мен бақытты деген адамдар жұрт қатарлы мәгәстірде оқиды, кейбіреулері бакалаврда жүр. Power Pointпен слайд жасауды үйреніп алғандары да бар. Бір бауырым WhatsApp-ты да білмейді, қолданып көрмеген, елестете де алмайды. Агентті қойдым дейді, себебі ондағы жұрт ВКонтактеге көшіп кеткен, «Асан мен Үсен» сияқты жалғыз қалып қойған ғой. Кейбір кісілер бар, интернетті шынымен түсінбейді, қолдана алмайды. Анда-санда сондай кісілермен әңгімелесіп қалып жатам. Ішімнен: "қандай бақытты адамдар" деп қоямын. "Қазақ тілін былай кемсітті", "қазақтарды қырып жіберді", «орыстар Ресейдің жалауымен жүр», т.б. толып жатқан бас ауыртатын, санаға кері әсер ететін жағымсыз жаңалықтарды оқымайды олар. Неге? Себебі интернеттері жоқ, қолдануды білмейді. Тек жұрттың аузынан естиді ел жаңалықтарын.

Рас, кейде интернетті білмейтін, түсінбейтін адам болғың-ақ келеді. Бір жағынан қызық сияқты: саған интернеттегі бірдеңелер жайлы айтып жатса, сен мәз боп, ештеңе түсінбей, "әә-ә" деп қана тұрасың аузың ашылып… Алайда интернеттің пайдасы жоқ емес, бар ғой. Тек бірдеңені қарап отырсаң, жанынан басқа жаққа сілтеме шығады. Соны қарап жатқанда астынан пікірлер шығады. Пікірлерден соң тағы басқа нәрсені іздеп кетесің. Болмайтын нәрселерді оқимын деп отырып уақытың да өткізіп аласың.

Жиен ағама ризамын. Интернетті қолдануды керемет білмейді, аздап қана түсінеді. Желі-мелі қызықтырмайды. Үйге келіп, интернеттен тек қана киноларды жүктеп алады. Кейде әндерді жүктейді. Бір күнде онның үстінде киноларды жүктеп алып, үйіне барып көреді. Бастапқыда келгенде бірден отыз шақты кино жүктеп алған. Кино көргенді жақсы көретін сияқты.

Өкініштісі, мен қолданатын сайттарда менің бірде-бір кластасым, я группаласым жоқ. Олар тек ВКонтактеде жүр. Туиттер оқымайды олар, блог жүргізетін сайттарды мүлдем білмейді. Тек сабақтарын оқып, жұмыстарын жасап жүрген адамдар ғой ше! Осыдан болса керек, көптеген интернет қолданушылары жаңа достарды Facebook, блог сайттарынан табатын сияқты.

11 жыл бірге оқыған достарымызды оңай ұмытып, 4 жыл бірге оқыған достарымыздан айрылмай жататынымыз қызық. Түсінемін, оқу орнына түстік, өмір көрдік, бла-бла-бла… Тым философ боп кеткен шығармыз. Әлбетте, есейген сайын жаныңа принциптеріңе 60-70 пайыз сәйкес келетін адамдарды жинай бересің. Ал түсінігіңе «ыңғайсыз» келгендерді шеттетіп, артқа қалдыра бересің. Тіптен болмай бара жатса, кейде сыр бөліскен достарым сатып кетті деп жылап аласың. Жылай алмасаң, көңілің түсіп, макаронға тәбетің тартпай тұрады.

Қой, құрысын, не жазып кеттім мен?! Ұйықтайын… Қайырлы түн!
Бөлісу:

2 пікір

ademi_alem
mail.ru, фейсбук, керекинфо, Осы үшеуінен басқаларына тіркелмегем, тіркелсем де парольдерімді де білмеймін, қашан тіркеліп, қашан кіргенімді де білмеймін.
qonyrbai
Менің таныстарым тек ВК-да жүр. Интернетте ағаларымды таптым. :)