Ергеш Хемингуей. "Арақ іздеген төртеу"

Менде бір керемет сюжет бар...: Ергеш Хемингуей. Арақ іздеген төртеу

Преәлгібула
— Осы арақ сусынға жата ма? Әйтпесе, менде бір керемет сюжет бар еді, — деді Ергеш, «Тассайдан» ұрттап қойып.
— Алкогольді сусынға жататын шығар? — дедім.
Ергеш жүресінен отырды да:
— Онда диктофоныңды қос! — деді.


Ергеш Хемингуей. «Арақ іздеген төртеу»


1- бөлім. Банкет

Шілденің ыстық күндерінің бірінде Көкжотаның маңындағы Жаманкөл кенішіндегі жұмысшылар қыстағында Күзербай деген шебер болатын. Соның тоқалы "ұл босанды" деген хабар жеткенде шал "өкіртіп" тұрып жумасам, Күзербай атым өшсін!" — деп ұлан асыр «пянкі» жасайды. Жуық маңдағы дүкендердің тығып сататын бір айлық арақ қорын түгескен Күзекең, көмекшісі Қасымханды, «уазигінің» шопыры Бекішті және ерігіп жүрген мені соңынан ертіп, 170 шақырым жердегі Қайманша деген ауылға жұмыс орнын тастап, банкеттің жалғасын қуып, аттанып кетеді.


2-бөлім. Жол

Арақтың буымен, дырылдаған төртеуіміз жалғыз соқпаққа түсіп алып, «гәккулеп» келе жаттық. Кенет қыстақтан 100-шақырым асқанда, уазигіміз тоқтады. Моторы өшкен.
Таң ата арқа-жарқа болып шыққан біз "қораға кіргенімізді" түсініп, бірімізді біріміз боқтап, кінәлай бастадық. Сәлден соң, мастығымыз тарқады да, ендігі не істейнімізді талқыладық.
"Қайманша ауылы жақындау, дегенмен, ол жақта бір күн ішерміз, екі күн ішерміз, түбінде кері қайту керек ғой! Ол жақта тегін көлікті саған кім береді?!" — деген аргументтер таразы басын келген жағымызға қарай бұрды. Оған қоса, әгәрәки, жұмысшылар біздің ұзақ уақытқа жоғалғанымызды байқап, төтенше жағдайлар бөліміне баяндаса, біткен жеріміз сол. Жұмыстан тайлы-тұяғымыз қалмай қуыламыз. Иә, іздеу тобы ізімізге ит салып, тікұшақ жұмсап, дала тінтіп шығатын болса, қораға кіргеннің нағыз көкесі сонда болмақ. Сондықтан есіміз барда, елімізді табуға әлгі үшеуін көндіру қиын болмады.


3-бөлім. Құдық

Бір-бір пластик шөлмекке құйып алған ауыз суымызды жарты сағатқа жеткізбедік. Екі сағаттан соң ауызымызға сөл жиналмай, сусызданудың алғашқы белгілерін бастан кешірдік. Арақтан ауырып, көмейімізгее "қуаңшылық" келгені былай тұрсын, тағы 10 шақты шақырымнан кейін-ақ, даланың мына сорлы өмірімізге әділ нүкте қоя алатынын анық сездік.
Күндіз жүру тозаққа айналған соң, Күзербайдың нұсқауымен, жолда кезіккен сексеуілдің түбінен адам сыйятындай ор қазып, күндіз соның ішінде бой тасалап, кешкі тоғыздан өте жолға қайта шықтық.
Түн баласы бірнеше шақырымды артқа тастаған біз, таңға жуық, терең құдыққа кез болдық. Кәдімгі қауғасы бар, арқаны бар құдық. Жігіттер қауғаны құдыққа тастап кеп жібергенде, ол «гүмп» еткен дыбыс шығарып, бізге «су бар!» деген қуанышты хабарды жеткізді.
Төбеміз көкке жетіп, қауғаны қармап-қармалап, шығарғанымыз құрысын, шелектің іші құрттаған құзғын мен дала кеміргіштерінің өлексесіне толып шықты. Шөлдің ақырғы сатысына әлі келмесек керек, ешқайсымыз сасық суды ақыры іше алмадық. Дегенмен, сасық болса да, сап-салқын құдықтың суына шайынып, жақсы боп қалғанымды жасырмаймын.


4-ші бөлім, Жете алмай қалды

Осымен екінші күннің көзінен қашып, сексеуілдің түбіне тығылған «бәдәуилердің» ұсқынсыз ұжымы жолға қайта шықты. Шөл біртіндеп тек көмейді ғана емес, бүкіл тұла бойымызды қақсытып, өңмеңімізден өтіп, санамызды кептірді.
Бекіш осыдан бір ай бұрын, қалашықтың кіреберісіндегі постыдан бір жарым шақырым қиыс кетіп, адасып қап, шөлден өлген жігітті есіне түсірді. Сол жігітті іздеуге шыққан топтың құрамында шопыр ретінде өзі де бар еді. Әлгі жігіт жан-жағын қолымен тырнап-тырнап, қазып тастапты. Өзі тағы құдықтан жетпіс метр қашықтықта жан тапсырған екен. Неткен «хоррор» десейші.


5-ші бөлім. «Коктейль»

Бекіш екеуміздің даладағы ит өлім туралы түнерген ойымызды Күзербайдың "Әлі бір күн жүреміз, судың басқа көзі табылғанша… далаға емес, қолдарыңдағы баклажкаға сиіңдер!" деген бұйрығы бұзды. Шалдың тәжірибесінен күмәні бар Қасымхан, сексеуілдің түбіне сахнада тұрғандай шалқайып, қасақана шаптырды. Бұнысы мыж-мыж болған пластик құтыға зәрін жинап, жан сауғалаған бізді мысқылдағаны ма екен?!
Бәрінен бұрын араға алты сағат салмай, кірпиязымыз, Күзербай шалға: «Басеке, әлгіңізден бір ұрттайыншы» — дегені қызық болды. Күзекең әулие ғой, Қасымханға, «Менікі тым ащы, ана Бекіш пен Ергештікін сұра, олар жастау ғой», — дейді. «Ақыры үшеуіміз Қасымханға кезек-кезек бір-бір реттен ұрттатқан соң, „Қалай тәтті ме екен?“ деп, өз мысқылын өзіне қайтардық.



Соңғы бөлім

Үшінші күннің жартысы ауғанда, дәрет те таусылды. Аяққа қосымша зіл болып, жүрісімізді тежеген етіктерімізді шешіп тастап, жалаң аяқ сүйретіліп, кете бердік.
Ит сілікпесі шыққан төртеуіміз қыстаққа үш шақырым қалғанда, бірдеңе қылып, ұялы байланысқа шықтық. Телефон сымының ар жағынан „Ереке, қай маңайдасыңдар?“ деген дауысты ести сала, есіміз ауғандай, „Су-у-у-у, су-у-у!“ деп бақырғанымызды ұмытпаймын.



Пролог

Ергеш түбінде аз ғана суы қалған „Тассайдың“ шөлмегін төңкеріп, ұртына толтырып алып, бір-ақ жұтты. Сосын, көзін жұмып, терең тыныстады да: „Қара судың да тәтті дәмі болады, бауырым, ол дәмге әлемдегі ешбір дәм жетпейді!“ — деді.
Бөлісу:

3 пікір

Marco
Тамаша! Белиссимо! Гуфаша айтсақ сусыниально!
temir1986
Күлкіден жатып қалдым! Рахмет! Бірақ шын ғой!