Жүректеріңіз ауырмасын!

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!
Мына ғимараттың ішінде қанша жүректің тағдыры шешіліп жатыр десеңізші… Кей жүректің соғуы дәріге, кейбірінікі аппаратқа, кейбірінікі қуат көзіне байланысты. Біреудің жүрегі арылы өмір сүріп жатқан жандар да бар. Иә, біреудің жүрегі екінші жанның кеудесінде дүрсіл қағуда.

Жәнібек Успанов 1974 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. 2012 жылы Астана қаласындағы Ұлттық ғы­лыми кардиохирургия орталы­ғындажүрегіне трансплантация жасалды. Яғни, 46 жасында инсульт алып, дүниеден озған Галинаның жүрегін Жәнібектің жүрегімен алмастырды.

Жәнібек — елімізде ең алғаш рет жүрек трансплантациясын жасатқан пациент.

Кеудесінде орыс әйелінің жүрегі соғып тұрған қазақ жігіті қайта оралған өмірі туралы әңгімелеп берді.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

— Ауылда өскен баламын, ауылда денсаулыққа көп назар аудара бермейміз. Әскерде ревматизммен ауырып қалдым. Ол кезде 19 жаста едім. 2005 жылдан бастап жүректе ақау бар екені анықталды. Жарты жыл сайын Астанаға келіп тексеріліп, керекті дәрілерді алып тұрдым. Үнемі дәрі ішіп жүретін ем, 2008 жылы аузымнан қан кетіп, жансақтау бөліміне түстім. Жүректе артерия жарылып кетіпті. Астанаға қайта келгенімде бұл ауру жазылмайтынын, мені құтқаратын жалғыз жол — жүрек ауыстыру екенін айтты. Ол кезде еліміздегі трансплантация туралы ойламайтын да едік.
Өзіме сыздап ауырғаны білінбегенмен, ісініп жүретінмін. Жүрек ұлғайып-ұлғайып, бір күні жарылып кетуі мүмкін.
Кейін кезекті тексерілуге келгенде осы орталықтың ашылғанын, мұнда жүрек ауыстыратынын айтты. Келдім. Тексеруден өттім. Ота жасауды ұсынды.
Адамда таңдау қалмай, ең соңғы жол осы ғана екенін білгенде ойланбайды да екен. Бірден келістім.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Әйелімнің аяғы ауыр еді. «Дүниеге келетін баламды көруім керек, оны өсіруім, бағуым керек. Менің балам кімге керек болады,» деген мақсатпен ота жасауға келістім, сол мақсат үшін өліммен күрестім.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Ота 5 сағатқа созылды. Оянғанымда бірден ет қосып қуырған картоп сұраппын, менің есімде жоқ.
Жүрегімнің кеудемнен шығып кетердей қатты соғып тұрғанын сездім. Оған дейін дүрсілі мүлде сезілмеуші еді. Бірдеңеден қатты қорқып не толқып тұрғандай, жүрегім кеудемнен шығып кетердей сезімде болдым. Сау жүректің соғуын ұмыта бастаған екем.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Операциядан кейін қайта өмірге келгеніме қуандым ба екен, білмеймін, көңілшек боп кеттім. Тамағыма өксік тығылады да қалады. Жылай бергің келеді.
Әкем екі жасымда қайтыс болған еді. Анам 37 жасында 8 баламен жесір қалған. Маған операция жасалғанын білместен үш жыл бұрын ол да қайтып кетті. Сол есіме түсіп, көп жыладым.
Маған жүрегін орнатқан Галинаның баласы Игорь да 22 жасында жетім боп қалды ғой. Соны да ойлап жылайтынмын. Көп жыладым.

Игорьмен алғаш рет кездескен кезімде тіпті сөйлей алмадым. Жасым тиылмады.
Онымен қазір жиі кездесіп тұрамын, досым сияқты боп кетті. Ол болмағанда мен қазір тірі болмас па едім. Сондықтан менің Игорьға деген құрметім шексіз.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Маған операция жасалып біткен соң үш аптадан кейін Махаббат есімді қызым дүниеге келді. Махаббатым — менің құтқарушым, стимулым. Балам бәрімен соңына дейін күресуге басты себеп болды.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Жүрегімді бес жылға дейін бақылауда ұстайды. Бес жылдан кейін жүрек жиырылып, өздігінен соғатын болады. Ал, қазір тек дәрі-дәрмектің арқасында жұмыс істеп тұр. Қазір менде мүлде иммунитет жоқ. Маған қарап түшкірсеңіз, мен бірден ұшып түсем, өте-өте тез ауырып қаламын. Үнемі қолымды жуып, бетіме маска тағып жүремін. Адам көп жерге бармауға тырысамын. Егер ауыра қалсам, ол ағзамда өте тез таралып, ең асқынған түріне бірден апарады.
Қазір маған жүгіруге, секіруге, ауыр көтеруге болмайды. Бес килодан артық көтерме деген еді, мен ештеңеге қарамастан баламды көтеремін. Қызым күннен-күнге өсіп жатыр, қазір 13 келідей боп қалады-ау.
Спортпен айналыспаймын. Кабинеттегі велотренажермен кейде жаттығып тұрам.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Қазір екі айда бір тексеріліп тұрамын. Жағдайым жақсы. Осы орталықта жұмыс істеймін. «Нұрлы қоғам» атты қоғамдық бірлестік құрдық. Ота жасалғанға дейін пациенттердің құжаттарын түгелдеп, оларға психологиялық кеңестер беремін. Емделу барысында өз басымнан өткен тәжірбиелермен бөлісемін.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Отбасымды да осында көшіріп әкелдім. Ауылдағы үйімді, көлігімді сатып, осы жақтан баспана алдым. Баспана деген аты ғана болмаса, жертөлеге ұқсас бір бөлме ғана, үйдің ең астыңғы қабатында орналасқан. Амал жоқ, күн көріп жатырмыз.
Басында бар ақшамды жиып, құрылыс компанияларына, банктерге дені дұрыс үй алғым кеп хабарласқанмын. Олар жандарына да жолатпады. Мүгедек адамға кім несие не ипотека берсін. Көмектеседі-ау деген жердің бәріне бардым, хабарластым, нәтиже болмады. Қазір осында жұмыс істеймін, алатын пенсиям бар, амалдап күн көріп жатырмыз. Әйелім әзірге жұмыссыз, баламен отыр. Қысқасы, маған осы орталықтан басқа ешкім көмектеспеді де, осы орталықтан басқа ешкімге керек те емеспін.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Еркектің тағдыры әйеліне тікелей байланысты, тіпті, аурудан жазылуың да. Күйеуі ауырды деп, тастап кетіп жатқан әйелдер қаншама. Операциядан кейін де қанша күтім керек, одан кейін адамның мінез-құлқы да өзгеріп кетеді.
Операциядан кейін «анау жоқ, мынау жоқ» дегенді, майда-шүйдеге ашулануды доғардым. Олардың бәрі түкке тұрғысыз нәрсе екен ғой. Адамдар көп ренжиді, өзім де солай едім. Тез өкпелеп, кек қайтарғым кеп тұратын. Жүрегіңде кек пен наланы арқалап жүресің, ауруым содан болды деп ойлаймын.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Операция қалай болар екен деп қатты ойландым. Ауылдың ақсақалдарын, ағайындарды жинап алып, мал сойып, құран оқытып келгем. Енді бәрі сәтті өтті. Қазір көбісі айтады: — "саған жоғары жақтан аванс қылып екінші өмір беріп отыр, енді намазға жығыл," — деп. Мен намазды сән үшін не мақтан үшін оқығым келмейді, оған үлкен дайындық керек. Ешкімге жамандық жасамасам болды.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Жоғары білімім жоқ, ауылда көлік жүргізгем. Қазір психология мамандығын алып жатырмын. Бірінші курсымда оқуымның ақшасын жақсы адамдар төлеп берген. Ендігі жылғысын көрерміз, бұйырғаны болар.
Кітап жазуды ойлап жүрмін. Жүрегімнің иесі суретші болған, бірақ, мен сурет сала алмаймын. Тіпті, қызымның куәлігіне толтыру керек арызды жаза алмай қалдым. Сол жердегілер ауруымды қайдан білсін, «бланктардың бәрін құрттың» деп айқайлаған.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Кеудемде орыстың жүрегі соғып тұр, бірақ, мен — әлі де қазақпын. Жүрек деген — бұлшықет қана. «Донор — орыс» деген соң отаға дейін де, отадан кейін де дінім туралы көп ойландым. Діни сауаты бар адамнан сұраған едім, мұсылман боп қалатынымды айтты.

Жүрегім тоқтап қалады деп қорықпаймын. Бұл біреудің жүрегі екенін де ұмытқам. Ештеңе ойламауға тырысамын. Менің қолымнан келетіннің бәрін жасадым, ендігісі «жоғары» жаққа аян.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Интернеттен жаңалықтарды оқып, өзіме қажетті ақпараттарды алып отырамын. Бірақ, қазақ сайттарын оқымайды екем. Әлеуметтік желіден Фейсбук пен Одноклассникида отырамын.

Блог - aikarakoz: Жүректеріңіз ауырмасын!

Сөз соңында айтарым, адам алдында не боларын білмейді. Бірдеңе бола қалса, донор болып, біреудің өмірін сақтауға көмектессе екен. Ол үшін қазір-ақ келісім беріп қоюға болады. Бізде ағзасы өзіне сай келетін донорды күтіп жатқан пациенттер өте көп. Олар қазір аппараттың көмегімен ғана өмір сүруде, оңай емес. Біреудің өмірі сізге байланысты болуы мүмкін...
Бөлісу:

15 пікір

patick
Жүрек ауыртатын материал екен
AKY
Өмірдің өзі кітап
afrodita
Неше миллионға да лайықсың ғо
Соңғы түзету:
Korkem
Өмір үшін күрес!
zholantai
керемет пост, донорлық, трансплантация, органын алмастырғандар туралы жазба күтілген еді осы Денсаулық темасында, сенің алып шыққаныңа қуаныштымын
mampasi
алдыңғы көктем жайлы жазбаң тамаша еді. Мынауың шынымды айтайын, ұнамады. Қазақстанда толып жүрген өмірі аянышты «Жан дауа» сияқты передачалардың бір кейіпкері ғана. Оның бетін табақтай етіп 10 фото салып, соның аузынан шыққан сөздерді қыстырып жаза салынған. Блог жазбасынан гөрі телевизиялық сюжетке дайындалған сияқты.
Соңғы түзету:
Erkekyz
Жоқ, бұл ондай «Жан дауа» сияқты бағдарлама кейіпкері емес. Бұл кісі көмек немесе осындай ем қажет деп отқан жоқ, бұл кісінің керісінше ауыр дерттен айығып, жаңа өмір бастағаны туралы жазылған ғой. Бұл кісі арқылы автор өмірде ғажайыптың барын айтқысы келді деп ойлаймын
Трансплантация- өте ауыр нәрсе. Оған морально дайын болу деген қиын енді. Бұл кісіге тәнті болып отырмын.
bizbike
Бұндай жағдайға жетпеу үшін сабыр сақтау керек үнемі, сары уайымға салынып, жүйкеңді жұқартпай жүрген жақсы ғой.
MERmukhanov
"Оянғанымда бірден ет қосып қуырған картоп сұраппын"
эх адамият…

Эль еңбектенеді  Жап-жақсы, жұмыр материал.
azoakpar
Жазбаңды оқып отырып, көзіме жас алдым
Erkekyz
Бұл ғимараттың ішіндегі дәрігерлерді, барлық медперсоналдарды мақтап кетейінші осы жерде. Бәрі қарапайым, бәрі тура сен үшін қызмет етіп жатқандай сияқты болады.
Marco
Оңай емес жүрек деген. Материалыңа рахмет. Біз бұл жігіт туралы екі рет репортаж жасап едік. Екеуінде де көзге жас үйірілді, мына посттан соң да.