Оқып көр, ой салар...(8) "Кіндігін ашқан қыз кімге керек?"
Кіндігін ашқан қыз кімге керек?
Өмір есігін ашқан әрбір сәбиді жас шыбыққа теңесек, шыбықтың да ағашқа айналары әммаға аян табиғат-ананың бұлжымас заңдылығы. Ал ағаштың түзу, я қисық болып өсуі – оның бақташысынан.
Алла Елшісі (с.а.с.): «Әрбір нәресте әу бастағы жаратылыста, фитрада туылады. Алайда, ата-анасы оны не яһуди етеді, не христиан етеді, не мәжуси етеді», – деген.
Дәл солай, бесікте жатқан сәбидің де болшақта ел қатарлы ғұмыр кешуіне, ақ жаулықты ананың ақ сүті арқылы даритын тәрбие мен өсе-келе араласқан ортасыда зор ықпалын тигізері шығар күндей шындық. Сондықтан, қара сөздің қадірін білген халқымыз, «Ана – ұрпақ тәрбиешісі» – деп бекер айтпаса керек-ті.
Қазекең: «Есті қыз етегін қымтам ұстар» – дейді. Бірақ туғаннан тағдыры ауыр әйел затының бүгінгі сыртқы келбетіне көз жүгіртсеңіз, қазақ санасынан аталы сөздің ауылы алыстап кеткендігін аңғарасыз. Себебі, етегін кескенді ерлікке балайтын, төсін көрсеткенді сұлулық санайтын, кіндігін ашқанды кербездік деп қарайтын апке-қарындастарымыздың қатары қара ормандай қалың. Ұятын юбкаға айырбастап, арын ақшаға саудалаған қыз баладан ұрпағын тәрбиелер ананың шығуы, суды киімшең жүзіп өтіп, құрғақ шығамын дегенмен бірдей.
Осы бір қазақ қоғамы үшін қуанышынан қайғысы басым көрініс келместің кемесіне мініп кеткен кешегі кесір кеңестің тарту еткен қасіреті. Иә, орыстың отарына айналмағанға дейін, қазақ қызы үшін кіндігін ашып жүрмек түгілі, түндігін түрмей ұйықтаудың өзі үлкен ұят еді. Бүгінгідей кәзекейінің жағасы төсінен төмен болады деген ой, салтымыз – сайқымазақ, дәстүріміз – дүбәраға айналмай тұрған шақта, аруларымыздың санасында қылаң бермек түгілі, сайтан айдап, түсіне де кірмеген шығар. Қазекең: «Ақиқатқа келгенде атаңның қылмысы болса да жасырма» – дейді, азат ғасырдағы қазақ қыздарының басым көпшілігі кеңестен қалған «имансыздық» деп аталатын даңғыл жолдың жиегінде жартылай жалаңаш жүр. Соған қарағанда баба дәстүрі мен шариғи үкімдерді қыстырар қызың қалмағандай көрінеді… Әсіресе, жазды күні күнәлі көріністерге жиі куә боламыз.
Қазақ қызы десе иманды, ибалы, инабатты, шолпысы сыңғырлаған, талдырмаш кейіптегі образдың осы күні көз алдымызда сағымы ғана қалған сыңайлы. Себебі, қоғамымыз жөргекке сиған төсі жер көкке симай жүрген аруларымыздан аяқ алып жүргісіз.
Осы туралы, Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Тозақтықтардың екі түрін көргенім жоқ (олар ақырзаман жақындағанда болады). Бірі – қолдарында сиырдың құйрығындай қамшылары бар, соларымен адамдарды ұратын топ. Екіншісі – жартылай жалаңаш киінген, қылымсып, мүләйімсіген, бастары түйенің өркешіндей қисайған әйелдер тобы. Олар жұмаққа кірмейді, исін де сезбейді. Жұмақтың исі олардан тым қашықта болады».
Данышпан халқымыз: «Ақ жаулығы ананың – Ақ көрпесі баланың» – еріккеннен айтпаса керек-ті. Бірақ, киімі тиым салынған жерін жабуға жетпеген әйелден перзентін қымтар қасиет табылар ма екен…
Шамамен 6 ғасыр бұрын ғұмыр кешкен Мөңке бидің ақыр заман туралы толғауында:
«Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар,
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар.» – деген жолдар кездеседі. Бабамыздың көрегенділігіне таң қалмасқа амалың, қане. Себебі өткен тарихимызға зер салсақ қыз баланың төсін ашпақ түгілі, еркек адамның көзіне тура қарауы ыңғайсыз саналған, ұят деп дәріптелген. Екі ғасырдай миымызда қалағандарынша психологиялық бомба жарып келген «қайырымды» көршіміз, білгенін істеді. Шамасы жеткенше санамызды улады. Салт-дәстүрімізге зақым келтірді. Кезінде кимешек киіп жүрген әжелеріміз, бұл күні жастарына сай киініп, артындағы ұрпағына үлгі көрсеткені сол, жастармен жарыса жалаңаштанып жүр. Амал жоқ, бұған да көз үйренді… Үйретті…
әлі ойланып отырмын, әлі ұялып отырмын!!!