Құпия әлем

Жер бетінде құпиясы ашылмаған тылсым аймақтың бірі — «Бермуд үштағаны». «Шайтан үштағаны» аталған бұл аймақ талай ұшақтар мен кемелерді жұтып жіберді, сонымен бірге мыңдаған адамдардың ажал құшуына себепкер болды. Адамның таңданысымен қоса, үрейін тудыратын мұндай аймақ тек Атлант мұхитында ғана емес, әлемнің басқа да аймақтарында көптеп кездеседі екен. Ендеше, осындай қауіпті әрі құпиялы аймақтардың «қара тізімін» назарларыңызға ұсына отырайық.Судан келетін қауіп«Шайтан көл», «Сайтан көпір» деп тізбектеле беретін жер-су аттарын естіген боларсыз. Бұл аймақтар өзінің қауіптілігімен, құпиялылығымен осындай атқа ие болған. Әлемнің бірнеше жерінде дәл осылайша жын-шайтандардың мекеніне айналған көлдер бар екен. Мұндай көлдің бірі — Африка жерінде орналасқан Ниос көлі. Камерунның солтүстік-батысында орналасқан көл өзінің әдемілігімен көз тартады. Иә, сұлу қыздың көзіндей мөлдіреген бұл айдын, бір-ақ түнде бір ауылды жер бетінен жоқ қылды. 1986 жылдың 21-тамызында Субума ауылының тұрғындары, мал-жаны, тіпті, ұсақ жәндіктеріне дейін қырылды. Бұл түнде ғайыптан тайып, бір адам ғана тірі қалған. Мұхаммед Мұса Аб­дуллах сол күні үйінде қонбай, түнін биік дөңнің үстінде орналасқан мектепте өткізген екен. Осылайша, оған ажалдың құрығы жете алмай, аман қалған көрінеді. Бұл түні ауылдың 1700 тұрғыны ұйқыда жатып, жан тапсырған. Дәл сол кездері ғалымдар бұл жайттың себебін түсіндіре алмаған болатын. Мәселенің мән-жайын кейін ұқты. Бұл ауылға бар бәле Ниос көлінен келген болып шықты. Ниос кезінде белсенділігін жойған жанартаудың орнында қалыптасқан екен. Бүкіл ауылды бір түнде тынысынан айырған осы көлдің түбіне жинақталған улы көмірқышқыл газ болып шықты. Күн артқан сайын терең судың астында тонналап жиналатын бұл у уақыты келгенде алапат күшпен суды жарып, ауаға шығады. 1986 жылы да дәл солай болған. Сол кездегі жарылыстан ауаға көтерілген газды судың биіктігі 80 метрге дейін көтерілген. Ал улы газдың таралу жылдамдығы сағатына 70 шақырымға дейін жеткен.Дәл Ниос секілді қауіпті көлдің бірі — сол маңнан 95 шақырым қашықтықта орналасқан Моноун айдыны. Бұл тұнықтың түбінде де адамды ажал құштыратын «мөлдір» газ жинақталуда.Кордильер сілемдерінде орналасқан Гаипо көлінің маңында да түрлі тылсым оқиғалар белең алуда. Бұл көлдің үс­тінде күндіз де, түнде де, яғни уақыт талғамай, қызыл түсті, көк түсті түрлі дөңгеленген сәулелер пайда болады екен. Сол жерді мекендейтін кечуа тайпасының адамдары біресе аспанға көтеріліп жоқ болып кететін, біресе керісінше құлдилап отырып көлдің түбіне түсіп кететін бұл сәулелерді жынның әрекеті деп түсіндіреді. Ал өзгелер болса, бұл тылсым құбылысқа жат планеталықтардың қатысы бар деп сендіреді.Солтүстік Каролина штатында Джон Д.Лонг көлі орналасқан. Бұл көлдің түбінен талай автокөліктің қаңқасы шыққан. Көліктерді өзіне магниттей тартатын бұл айлақ талай жүргізушіні ажал құштырды. Сол үшін де тұрғындар дуаланған Джон Д.Лонг айдынының маңына көп жуықтай бермейді.Тылсымның сырын ұғып көрЖұмбаққа толы мекен Қытайдың оңтүстігінде де бар екен. «Қара бам­бук» аталған алқапта құпиясы әлі күнге ашыла қоймаған құбылыстар болып тұрады. Бұл аймақ тура «Бермуд үштағанының» жердегі серігі іспетті. Мұнда да адамдар дәл мұхиттағыдай із-түзсіз жоғалып кетеді. «Қара бамбук» жылына бірнеше адамнан жұтып отырады. Тіпті, 1966 жылы бір топ зерттеушілер ізім-ғайым жоғалып кеткен. Дәл зерттеушілер секілді он жылдан соң, із-түзсіз орманшылар да жоғалған екен. Бірақ орманшылардың маңдайының бес елі бағы бар екен. Біраз уақыт өткен соң, үйлеріне оралған орманшылар өздерінің көзге түртсе көргісіз қалың тұманға тап болғанын, үнемі үрейді алатын дауыстарды ес­тігенін айтқан. Бұл жайт өз кезегінде биліктегілерді де бейжай қалдырмаған. Олар ғалымдардан тұратын арнайы экспедиция жасақтап, алқапты түбе­гейлі зерттеуді тапсырған. Алайда ға­лымдар зерттеу барысында ешқандай адамның денесін таба алмаған. Олар бұл алқапта жердің жарылғанын анық­таған. Содан бұл жерде орын алып жүрген тылсым оқиғаларға себепші болған осы жайт деп шешкен. Олардың пайымдауынша, жер астында түрлі өсімдіктердің тамырлары шіріп, сол осы жарық арқылы улы газ болып шығады. Нәтижесінде, бұл жазық тірі жан кесіп өте алмайтын ажал алқабына айналған. Десек те, бұл алқаптан жоғалған адамдардың қаңқасының табылмауы, таңқалдырмай қоймайды. Бұған, тіпті, зерттеушілердің өздері дұрыс жауап таба алмаған.Дәл осындай жырасы бар аймақ Невада штатында да кездеседі екен. Бұл жерді сол маңайдың адамдары «Шайтан шұңқыры» атап кеткен. Бұл жерде адамның бойын үрей билей­-ді. Сондықтан да жергілікті тұрғын­-дар бұл орды әзәзілдің мекені деп есептейді. Бірақ ғылымда бәріне де ғылыми тұрғыда дәлел келтіріледі. Ғалымдар бұл шұң­қыр плиталардың тектоникалық қозға­лысының нәтижесінде пайда болған деп топшылайды. Олар, тіпті, бұл те­рең ордың түбінен сирек кездесетін балықтар тіршілік ететін көлді де тап­қан. Бірақ әлі күнге дейін бұл шұңқырдың тереңдігі анықталған жоқ және толық зерттеу жұмыстары да жүргізілген емес.Камчатка мен Севостополь маңында да «Ажал алқабы» аталып кеткен жер­лер бар. Екі аймақтан да үнемі жануарлардың өлі денесі табылады. Сондықтан да онда адамдардың ба­руына тыйым салынған. Тіпті, Сево­стополь маңындағы жазықтан 1856 жылы бірталай адамның өлі денесі табылған. Ғалымдар бұл жерлерден де улы газдың шығатынын анықтапты.«Ажал алқабы» деп аталатын Аме­риканың шөлейтті жазығы да адамды тылсым құбылыстарымен таңғалдырады. Бұл аймақ жердің ең ыстық нүктесі саналады. Жаз айларында бұл жерде температураның көрсеткіші +57 градусқа дейін көте­ріледі. Бұл шөлейтті кесіп өте алмай, талай жолаушылар мерт болған. Сол үшін де жазыққа осындай есім берілген. «Ажал алқабы» атанса да, бұл жерде өздігінен қозғалатын «тірі» тастар бар. Бұл аймақтың алып тастары шөлді даланы ары да, бері де кезуде. Тастардың қозғалуын ар­тынан қалдырған ұзын сонар ізінен-ақ аңғаруға болады. Ғалымдар бұл құ­былыстың да шешімін тапқан емес.Ал Үндістан жерінде Джатинга алқабы бар. Бұл алқап неге екені белгісіз, көгінде ұшқан құс атаулыны қанатынан айырып, жерге құлата береді. Бұл жерден адам баласы еш­қандай өзгешелікті байқай алмайды. Кәдімгі алып таулары мен орман көлдері бар әсем дала. Бірақ сол далада адам түсініп болмайтын осындай біртүрлі оқиға қайталанып отырады. Бұл құпиялы аймақты Джи атты шай өсіруші тапқан. Өлкеде болатын тыл­сым оқиғаны да алғаш болып кітапқа түсірген де — сол.Джатинга аймағында бірнеше ауыл қоныстанған. Қоңсы қонған көршілес ауылдың тұрғындары жыл сайын дәстүрлі мерекесін тойлайды. Тамыз айының соңғы күндерінде бұл аймақтың тұрғындары түгелдей бас қосып, үлкен алаңда от жағады. Міне, дәл осы күні, басты алаңда алау тұтанған күні құстар қызық қылық таныта бастайды. Түннің дәл ортасында қайдан пайда болғаны белгісіз, құстар ұшып келіп, алаңда біраз айналып жүреді де, жерге топырлап құлай бастайды. Құстардың құлауы тек осы күні ғана емес, бұдан кейін де бірнеше күнге жалғасады. Ғалымдар бұл құбылыстың сырын әлі ашқан жоқ. Бірақ мамандар бұған геофизикалық факторлар әсер етуі мүмкін деп топшылайды…
Бөлісу:

1 пікір