Күлкі терапиясы

«Целитель Адамс» (1998 ж.) фильмінің басты кейіпкері — жәй дәрігер қызметін атқарушы ғана емес, нағыз емші. Экрандағы көрініс арбайды, көңіл шерін қозғайды, ойландырады, күлдіреді, тебірентеді, кей тұстарында жылатады, дегенмен өте мейірімді кино.
Біз үшін дәрігер — мамандық. Ол адам баласының денсаулығын қарайды, ем қойып, дәрі белгілейді. Бұдан артық ықылас бөлінбейді. Кей кездері дәрігерлердің дөрекі мінезін де аңғарасың, сондықтан да болар, соңғы уақытта көп адам шаманың келгенінше ақылы емханаларға барады.
Бұл ғибратты фильмдегі оқиға өмірден алынған. Осы дүниеде еш өзінің пайдасы үшін емес, шын ниетімен жақсылық жасайтын адамдар бар екеніне көзің жетеді. Соның бірі — кинодағы Пэтч. Оның жақсы бір сөзі есімде қалды. «Дәрігер болу үшін ауруды ғана емес, ауырған адамды емдеуге үйрену керек».
Ол жанның емі көңілдің көтеріңкі болуында деп табады. Қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға күлкі сыйлайды. Тапқырлығымен езуіңе еріксіз күлкі үйіртіп, жаныңды жадыратады. Әпенділік қылықтарымен, іс-әрекетімен жұрттың күлкісін тудырып, күлкімен көңілдерін жасартып, hәм өмірін ұзартады. Шынымен де күлкі бар жерде өмір бар. Күлкі — күллі жаманшылық атаулыға, әртүрлі дертке қарсы қолданатын қуатты қару.
Демалыста отбасыңмен отырып көретін фильм. Сөнбеуге, бір орында қалмауға, тоқтамауға, алға қойған мақсаттарға жетуге үйретеді.
Киностан: Күлкі терапиясы
Бөлісу:

2 пікір

MickThatsMyNick
Осы актерді бірінші рет Джуманджи фильмінен көрдім. Жақсы актер, сосын аты-жөнін әнші Робби Уильямспен шатыстырып ала берем.))
dindar
))) Ия, Робин Уильямс мықты актер, маған да өте ұнайды.