Шаш кутімінің ең қарапайым әдісі

Блог - Asem-K: Шаш кутімінің ең қарапайым әдісі
Қазақ «Қыздың көркі – шаш, ердің көркі – бас» деген. Қыз баланың көзге түсер жері – жылтыраған шашы мен әдемі көзі. Шашты жуу, өсіру, күтім жасау – қыздар үшін маңызды. Әсіресе, ұзын шаш көп күтімді қажет етеді. Шашының ұзын болғанын қаламайтын қыз жоқ, бірақ оны күтіп-баптауға кейбірінің шыдамдары жетпей жатады.
Шашты зақымдайтын бірнеше себеп бар. Бояу, күйдіру, түзулету, бұйра салу секілді әрекеттер шаштың өсуін тоқтатып, түсін көмескілендіреді. Шашыңыз жылтырап тұрсын десеңіз төменде көрсетілген кеңестерді орындағандарыңыз жөн.

Сусабын таңдау. Бүгінде сусабынның бірнеше түрі бар. Майлы, құрғақ, боялған, т.б. шаш түрлеріне арналған. Шаш түбінің қышуы мен қайызғақ – шаштың зақымдануының басты белгілері. Мұндай жағдайда құрамында мырыш бар сусабын қолданып, шаш түбіне массаж жасай отырып, шаш тамырын берік ететін сұйықтықтарды айына бір қолдану керек. Кез келген сусабын түрімен немесе иіс сабынмен жууға болмайды.
Шаш жуу. Шаштың табиғи қалпын сақтау үшін оны таза ұстау керек. Егер кір болса, бас терісіне әртүрлі микроорганизмдер жиналады. Басты аптасына бір рет жуған дұрыс. Шаң-тозаңды жерлерде жұмыс істейтіндердің 2-3 рет жуғаны абзал. Жиі жуған жағдайда бас терісі құрғап, шаш сынғыш болады. Үлкен әжелеріміз шашын жаңбыр, қар суларымен жуып жатады. Бальзам, кондиционер секілді заттарды көп қолданбау қажет. Қышқылы орташа, жұмсақ сұйық сабынмен жуған жақсы. Кез келген сусабын түрімен басты жуа беруге болмайды.
Шашты кептіру. Шашты бөлме температурасында кептіру керек. Күннің көзіне, жанып тұрған отқа қақтауға, электрлі кептіргіштермен кептіруді әдетке айналдырмаңыз. Басқа сүлгі орап кептіру дұрыс емес. Суын құрғатқаннан соң қалыпты бөлме температурасында кептіру зиянсыз.
Шашты тарау. Қысқа шашты түбінен, ұзын шашты ұшынан бастап тарайды. Тарақ тістерінің өткір және сирек болмағаны дұрыс. Өткір тіс бас терісін жарақаттаса, сирек тістер шашты толық тарамауы мүмкін. Сонымен қатар, біреудің тарағын пайдаланбау қажет. Шашты су кезінде тарамаңыз, бұл оның түсуіне әсер етеді.
Шашты өсіру. Бас терісіне жасалған массаж қан айналымын жақсартып, шаштың өсуіне әсер етеді.
Шашты бояу. Шашты өз түсінен күңгірт түске бояу сізді әлдеқайда үлкен етіп көрсетуі мүмкін.
Қынамен бояу шашқа зиянсыз әрі пайдалы. Оның пайдасы ерте замандардан-ақ белгілі болған. Өзге химиялық бояулардан айырмасы – құрамында аммиак, оксиданттар, басқа да зиянды заттар жоқ. Қынамен боялған шаштың түсі ұзақ табиғи түс берумен қатар оның сыртқы қабыршақты қабатын бекітеді. Басмамен не қынамен боялған шаш сырт қарағанда бірден байқалады. Себебі шаш жылтырап, әдемі түс беріп, жеңіл таралады. Қына құрамындағы А дәрумені шашты бекітіп, терінің тыныстауына жол ашады. Май бездерінің қызметі жүйеге келіп, шаш түсуін тоқтатады. Әдетте қынамен тек қана ашық қоңыр не қоңыр түсті шаштарды ғана бояуға болады. Химиялық зақымдалған, химиялық бұйра жасалған шашты бояуға болмайды. Қына сіз қалаған түсті бермейді не басқа түс шығады. Қынаны екі айда бір рет қолдану қажеттігін мамандар ескертеді. Басманы негізінен шашты қара түске бояуда қолданады. Шашты өсірумен қатар табиғи түс береді.
Табиғи күтім. Әдетте сабынның орнына айран немесе жұмыртқаның сарысын пайдалануға болады. Айранды бастың терісі мен шашқа жағып, басты жылы орап, 5-10 минуттан кейін ыстық сумен жуу керек. Ішінде аздаған суы бар ыдысқа 1-2 жұмыртқаның ағын араластырып, шашты жуып, сонан соң ыстық сумен шаяды. Шашты жуып болған соң оны жұмсақ сүлгімен сүрте отырып, кептірген дұрыс. Басты орамалмен байламайды. Құрғақ шашты жуар алдында бірнеше сағат бұрын кез келген өсімдік майымен майлайды.
Шаштың жылтырап, әдемі болуы сіздің көңіл күйіңізге де байланысты екенін ескертеміз. Адамның жүйке жүйесі титықтап, шаршаса да шашы қуаң тартады, өңсізденіп түседі. Ағзадағы зат алмасу бұзылып, дәрумендер жетіспесе, шаш біршама өзгеріске ұшырайды екен. Жасы ұлғайған адамның шашының ағаруы – қалыпты жағдай. 35-40 жас аралығында шашқа ақ түсе бастайды. Шаштың түсуі дұрыс күте білмеуден болса, енді бірде тұқымқуалаушылық та әсер етеді.

“ Шаш түспеу үшін
қолданатын тұнбалар
— Ошаған түбірін майдалап турап, оның 10-15 грамын 0,5 литр суға салып, 5 минут қайнатып алады. Оны сүзіп, салқындатып, шаштың түбін аптасына 2-3 рет сүртіп отырады.
— Ақ қайың жапырағынан бір ас қасығын 20-30 минут қайнатып суға салып, екі сағаттай тұндырып қояды да, сүзіп алады. Тұнбаны шашты жуған сайын басты сүртуге пайдаланады. „

Табиғи шөптерден дайындалған тұнбалар шаштың өсуіне ықпал етеді. Шашыңыз түсе бастаса, түсін жоғалтса, қайызғақ басса немқұрайды қарауға болмайды. Сонымен қатар күнделікті тұтынатын тағамдарыңыздың құрамында жеміс-жидек, көкөністердің болғаны абзал.
Бөлісу:

5 пікір

bake
жұмыртқаның ағын араластырып
Биология пәні. Жұмыртқаның құрылысы: 1. Ауа қуысы 2. Сарыуыз 3. Ұрық табақшасы 4. Сары уыз қабықшасы 5.Ақуыз 6. Әкқабық 7. Арқанша. Ағын таппадым
ken
осы ақуыз/сарыуыз дегендер баяғыдан айтылып келе жатқан сөздер ме, әлде советизмдер ме?
bake
Білмедім. Совет тұсында туылғанмын. Сарыуыз деген сөзді кішкене кезімде естігенмін, кейін зоологиядан оқыдым.
ken
уыз ол жаңа туған сиырдың сүті ма еді? түсі сарғыш болу керек.