Оқып көр, ой салар...(5) "20 минут(әңгіме сымақ)"

Жиырма минут(әңгіме сымақ)
1. Замдекан
Он тоғызыншы желтоқсан. Күн бейсенбі. Сағат тілі таңғы 8.53-ті меңзейді. Екі өкпемді қолыма алған мен, емтихан өтіп жатқан аудиторияға қарай табаным жерге тиместен жүгіріп бара жатыр едім. Кенет, алдымнан деканның орынбасары Біржылда Өзгермесовтың ұшыраса кетпесі бар ма. Қас қағым сәт аралығында қол алыстым да, қажет жағыма қарай жүйткіп бара жатыр едім. «Тоқта, қайда?!» деген дауыстан кілт бұрылдым.
– Емтиханға ма? – деді.
– Аха, – деп едім.
– Болды, кешіктің. Кірмейсің,– дей миығынан күлді.
– Неге? – деген сұрағыма.
– Әне, комиссия қағазыңды алып бара жатыр,– деді.
Дәліздің дауыс естілер жерінде кетіп бара жатқан апайды екі аттап қуып жеттім де, ернім-ерніме тиместен ақталу сөзімді айтып, қағазымды қайтарып беруін өтіндім. Комиссия ханым болса, тыңдап тұруға ерінген болу керек, бір ауыз салқын жауап қатты да, жөніне кетті. Сол сәт, «қалап алған» замдеканым болса, жүзіне кекесін күлкі үйірген қалпы жағынан араша түсер сөз суырмады. Комиссия кеткесін барып, бар айтқаны: «жазғы семесторға қалдың» деді күмістенуге айналған мұртының астындағы еріндерін еріне жыбырлата. Пендеміз ғой. Дәл сол сәт мұртты мырза осыған дейінгі егестерімізде кеткен есесінің қайтарым қамын жасап тұрғандай көрінді, маған. Әйтпесе, бір жапырақ қағазымды қайтарып берерлік бір ауыз сөз айтпағанын басқаша қалай жоруға болады…
Құр тұрғанмен кеткен поездің қайырылып келмесін сезгесін, тығырықтан шығар жол іздеуден басқа амал қалмады. Факультеттегі екінші адам болғасын мұртты мырзадан ендігі әрекетім туралы сұрағанымда. Қайта тапсырудан басқа амалдың жоқтығын айтты. Онысы ақылы екен. 45 мың теңге. Одан кейінгі қойылған өзге сұрақтарыма «Зәкеңнің» «мен білмейміннен» өзге жауап қатуға зауқы соқпады. Адамға басшылық баспалдақ арқылы жоғары көтерілген сайын буынсыз тілі мен жарты қарыс жағын ашудың өзі ауыр да ақылы жұмысқа айналары көзіміз ашылғалы бері ұшырасып келе жатқан қазақ қоғамының қасіретті көрінісі емес пе… Түсінем…
Содан, әйтеуір, «елде бардың ерні жыбырлайды» деп, емтиханнан шыққан ұл-қыздардан сұрастыра жүріп, тығырықтан шығудың амалын таптым. Замдекан білмеген(білмегенсіген) түйіншек университетіміздің оқу ісі жөніндегі проректоры Ахмед-Закидің атына өтініш жазсам шешіледі екен. Қарапайым формула…
Осы оқиғадан түсінгенім. Біріншіден, басыма күн туса қызғыштай қорғауы тиіс мырза, керісінше «халық қалаулылары» «қолынан келгендіктен, қонышынан баса» отырып ортайтқан ел қазынасының тырнаққа татымас кетігін қалпына келтіргенімді қалағандай. Миллиардтап тоналып жатқан қаржының қасында, мен төлемек 45 мың теңгелік айыппұл халық қалтасын қалпына келтіруінде қарлығаш қанатымен су сепкендей ғана әсер етпей ме… Екіншіден, Күншығыс елінің философы Конфуцидің: «Адамның қандай екенін білгің келсе, қолына ақша мен билік бер» дейтін тәмсілінің өміршең екенін ұқтым. Үшіншіден, егер, шынымен не істеу керегін білмеген болса, онда, әлі де ақыл емес, ақшаның құлына айналған қазақ қоғамы дертінен айықпаған екен ғой…
Ол енді Соңғы 10 жылда айыға қоймас. Үдей түспесе… Себебі, шабан аттан жүйрік аттың айырмашылығы сол, жүйрік ат мәрені көргенде құлаштап шабады. Ал, мәреге дейін 5-10 шақырым(жыл) қалды… Қай жүйріктің тынысы(өңеші) кең екенін абыз-уақыт көрсетеді… Қызықтың көкесі алда…
Айтпақшы, бәйге соңынан қатысушылар тізіміне бір көз жүгірте кетуді ұмытпалық, бәлкім біз күткен адам(дар) топ жармаса да, қатардан көрінер… Өйткені, биыл ел ағасы жасына жетіп қалған «Зәкеңе» аламан бәйгеде қасына серік болсын деп, қатысу мүмкіндігін деканымыздың өзі сайлап берген болатын… Сәттілік!
Бөлісу:

12 пікір

Beytanis
Менде екі сұрақ. 1).Жалпы, «меңзейді» деген қандай мағынада қолданған дұрыс?
2). Конфуци Күншығыс елінен бе? Күншығыс елі қай ел?
Ispek92
Күншығыс елі Жапондар болса керек, ал Аспан асты елі Қытайлықтар-ау, қателессем АКҮ ханымның дилетанттық туралы тұжырымы дұрыс деген сөз
Beytanis
Негізі, әдеби көркемдік пен көркемдеуге қарсы емеспін. Бірақ, әр елді ресми атауымен атасақ, аспан денелерінің қозғалысына кедергі келтірмегеніміз болар.
Blogshy
осы таңым бар, мұнайды қара алтын, газды көгілдір отын, тв ны көгілдір экран, машинаны темір тұлпар т.б. деп неге шұбалтып сөйлейді әсіресе жаңалықтар айтқанда.
Ispek92
Оны несі таң қалатын нәрсе? Қазақ тілін оқымағансыз ба мектепте, әсірелеу, теңеу, болмаса астарлап жеткізу, синоним, омонимдер дегенді білмеймісіз, болмаса көркемдік стиль деген бар. Қызықсыңдар, қате жазса бір сәрі, өзіндік мағынадағы теңеулер ғой…
Blogshy
неткен білім! дей тұрғанмен жаңалықтар қызметінің көркем әдебиет туындысы немесе роман емес екенін есте ұстаған абзал, себебі жаңалықтарды қазақ тілін онша терең білмейтін басқа ұлт өкілдері немесе жас балалар да қарауы мүмкін ғой. Сосын қысқалық таланттың апасы/сіңлісі/қарындасы деген де ұстаным бар.
Ispek92
Неткен білім екені рас, сонда біз жаңалықтарды сол басқа ұлттар мен жас балалар үшін береді екенбіз ғой, я? Салғыласты демессіз, тек түсінуге қиын болып отыр, анау сөздердің мағынасын мен де, сіз де біліп отырсыз. Сол өзге ұлтқа жанымыз ашып бара жатырса түсіндіріп жіберіп, неткен білімді атағын алып алсақ, нұр үстіне ультрасәуле болары анық, ал жас балаларға келер болсақ жаңағы мен айтқандай дәл сол тақырыпты өтер кезде мектептен, тойыс сабақтан қап қоймаса болды, үйренісіп кетеді. Онсызда іріп-шіріп жатқан тілімізді көркемдейтін сөздерден бас тартайық дегеніңіз енді, мен түгілі Сәшөкте қолдамас бұл идеяңызды. Жеткізе алдым деп ойлаймын.
Blogshy
7 сыныптан бастап қазақ тілін тереңдетіп оқығанымды жай ғана түрте кетейін. Былай ғой негізі,
тілімізді көркемдейтін сөздерден бас тартайық
деген ұран тастамап едім. идея былай болатын, күнделікті тыңдайтын және оқитын жаңалық сынды ресми хабарларды осындай әсірелеу, көркемдеу, жоғарыда айтылғандай әр мемлекетке "Қызғалдақтар елі" (Нидерланды) сынды қосамжар атты телімей қысқа да нұсқа айтса екен деген ниет еді. Бұдан әрі біреудің топигін айтыс-тартысымызбен сәнін кетірмей осы жерден тоқтай салайық.
ken
дұрыс, қысқа айту керек.
Ispek92
Менікі жәй ғой, соңғы кезде бәрі бірдеңені өзгертуге құмар боп алған.
daryn
)) күншығыс емес, аспан асты елі шатасып кетіппін)
satibaldi
Оқып көрдім. Ой салмады. Әдеби рецензия жоқ заманда орын алатын құсық жазба екен.