Қазнеттен ерте кеткен феномен сайттар
Қазнет (қазақша интернет) қазір күшейіп келе жатыр. Қолданушы да, сайт саны да, жасаушы да, жасау технологиясы да көп. Бірақ Қазнет бұрын да болды ғой, бұрын да жақсы сайттар көп болды. Тек түрлі себептерге байланысты жабылып қалды. Домен, хостинг ақысы төленбей жабылғандар болды, техникалық қолдау болмай жабылғандар болды, контент жасаушы болмағандығынан жабылғандар болды. Себеп-салдар көп. Бірақ ол сайттар шынымен феномен сайттар еді. Қазіргі виртуал элита сол сайттарда тәрбиеленіп шықты. Бірге еске түсіріп көрейік.
Akolya.org
Бұл сайт туралы өткен жазбамда да жаздым. Алғашқы қазақша форум. Қарапайым тілмен жазылған скрипт. Ол кезде IRC чаттан басқа байланыс құралы жоқ еді. Бұл форум алғашқы орта болды.
Atameken.de
2000 жылдар басында Германияда оқитын қазақ студенттердің ашқан сайты сол кездегі танымал сайттардың бірі болды. Қазақ сайттарында Php-nuke дәуірі осы кезде басталған сияқты.
Tor.kz / Nur.kz
Php-nuke арқылы жасалған сайттардың ішінде сәтті шыққандардың бірі еді. Өзіндік аудиториясы болды. Домендері де бастапқыда nur.kz болды (өазіргімен қатысы жоқ)
Pikirtalas.tk
КерекИнфоның алдында осындай фоурм болатын. Тегін форум қызметін ұсынатын сайттардың бірі арқылы жасалған бұл форум кейінгі КерекИнфо үшін жақсы орта дайындады.
Solai.de
Толыққанды алғашқы портал болған сайт осы шығар? Тек форум емес, жаңалықтар, музыка, чат, галерея, файлдар, барлығы бар еді.
Arular.kz
Қыз-келіншектерге арналған алғашқы сайт. Біраз қазақша газет-журналдарға тегін азық болған сайт кейін контент жоқтықтан жабылып тынды. Журналистика көбірек өкінген сияқты бұл оқиғаға.
Beu.kz
Жігіттердің де өз сайты болды. @Gastarbaiter жалғыз өзі көпке дейін сүйрей алмады деп ойлаймын. Контент және техқолдау жетіспеді.
Malimetter.org
Танымдық үлкен сайт еді. Кейін ана мен балаға арналған бөлімі бөлек сайт болып ашылды. Авторлық құқық мәселесі сайттың түбіне жеткен сияқты.
Kezdesu.com
Фейсбук пен Вконтакте әлі қазіргідей қолданылмай тұрған кезде әлеуметтік желі ролін жақсы атқарды. Тек серверлер шыдамады. Серверден серверге көшіп, ақыр аяғында тағдырға мойынсұнды
Zhastar.biz
Солай.де жабылғаннан кейін аудитория осы сайтқа көше бастады. Бірақ қызығы бұрынғыдай болмады және әлеуметтік желі қолданушылар да көбейе бастады.
Dosym.kz
Басында Бекжан Толыбайдың жеке қолданысы үшін алынған домен мен хостинг кейін бірнеше адамға субдоменмен блог ашып беретін сайт болды. Қазақша блогосфераның қызуына көп көмегі болды бұл қызметтің.
Қазір есіме түсіп отырғандары осылар. Жоғарыда айтқанымдай жабылуларының басты себептері контент және техникалық себептер. Кейін әлеуметтік желілерді қолданушылардың көбеюі, газеттердің энтузиаст сайттарынан материал ұрлаулары да контент жасаушыларды суыта бастады.
14 пікір