Оқып көр, ой салар...(4) "Мен жастарға сенемін"

«Мен жастарға сенемін!»
Блог - daryn: Оқып көр, ой салар...(4) Мен жастарға сенемінЕлбасы Қазақстан халқына жолдауында арнайы жастарға қарата: «Мен, бүгінгі жастар, сіздердің ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер, тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер» – деп, Қазақтың бес елі бағына орай туып, төрт елі маңдайына симай кеткен Ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев құсап жастарға деген сенімінен жаңылмады. Сенім жүгін арқалаған жастардың жағдайы қалай...
… Түңлігін – ту, намысын – найза еткен кешегі жауынгер халықтың ұрпағы – біз бабамыз армандап өткен құлдық қарғыбаудан арылып, азаттық таңының астында ширек ғасырға жуық ғұмыр кешіп келеміз. Тарих үшін қарға адымындай уақыт аралығында кей ел құзғынша өмір сүре жүріп жетпеген табысқа қол жеткіздік. Барлығы да табанды түрде төгілген тердің ақысы. Иә, бүгінгі біздің қоғамда барды бар деп бағалай білу – жағымпаздық емес, ерлікпен пара-пар… Бірақ, өкініштісі сол, жетістіктеріміздің басым көпшілігі қарға тамырлы қазақтың емес, өзге ұлт алдында ұпай жинау үшін ұйымдастырылып келді. Келеді де…
Енді, осы уақытқа дейін ел игілігі үшін атқарылған айтулы істерге тоқтала кетейік.
Әлқисса… 1993 жыл. Егемендігімізді алып, еңсемізді тіктеп, ескімізді жаңалап, жыртығымызды жамап жатқан кез. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болашақ жастардың қолында екенін сезді, нәтижесінде, тікелей өз бастамасымен «Болашақ» бағдарламасын өмірге әкелді. Мақсат айқын – еліміздегі үздік жастардың білімін шет елде шыңдау, солайша, ел егемендігінің нығаюына үлес қосу. Теориялық тұрғыдан алып қарағанда мінсіз жоба. Өкінішке орай, сол мінсіз жоба жиырма жыл ішінде жарытып жеміс бермеді. Себебі, іс жүзіне келгенде қашанғы әдетіміз бойынша «бармақ басты, көз қысты»-лықпен «Болашақ»-тың рақатын қалталылар көрді. Қоңыртөбел халықтың баласы болса, қол үзіп қала берді. «Ақылсыз болса да, байдың баласы барсын...»
Одан, 2003-2005 жылдар – «Ауыл жылы» деп тағайындалды. Мақсат – қазақтығымыздың күре тамыры саналатын алтын бесік ауылдарымыздың хәл-ахуалын жақсарту. Тағы да, теориялық тұрғыдан қарағанда керемет бастама. Бұл жолғы сәтсіздіктің де себебін іздеп көрелік. Дәл осы уақыт «Болашақ» бағдарламасының түлектері жаппай елге оралып, Қазақстанды өрге сүйреу жолында «ерлік» бастамалар көтеріп жатқан кезі. Ауыл деген сөзді естігендері болмаса, өмірі көзі көрмеген «білімділер» құрылған жаңа жобаның теориясымен де таныспай жатып, білек сыбана іске кірісіп кетті. Әуел баста, іштей қуандық. Жыртық шапаннан арылатын кез келгендей көрінді. Сөйтсек, сағым екен… Оның үстіне төріңе ауыл топырағында ала таңнан, қара кешке дейін асық ойнап, тай мінген перзент емес, күннің атысы, кештің батысы тас қаладағы тас қабырғаға қамалып, тас босағадан аттай-аттай жүрегі тасқа айналған тасбауыр ұрпақ келді. Келді де, қазақтығымның бастауы – ауылыма деп бөлінген қаражатты қалталарына басты, қалғанын ауылдың көркеюіне жұмсағансыды. Қарапайым көзбояушылық… Қызық болғанда, шетел көрген жастар мен биліктегі ағаларымыздың ойлары бір жерден шықты. Қазақтың: «Тегіне тартып туады» дегені осы болар…
2009 жыл. «Дипломмен – ауылға!» жобасы. Жоба ғұмырының қысқа екенін ұғу үшін, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алудың қажеті шамалы болатын. Себеп, 2003-2005 жылы ауылды көркейтуге бөлінген қаражаттың қолды болуында. Ауылға деп ел қазынасынан арнайы бөлінген ақша қарақшылар құрған ауға ілігіп, нәтижесінде тізесі шыққан елді-мекендердің жыртығы жамалып, жағдайы жақсармады. Аракідік бетіне опа жаққан қыз құсап, Елбасы барады деген кезде ғана театралданған профессионалды қойылымдар болмаса… Енді, ойлап қараңыз. Тозығы жеткен жерден қазығын жұлып алып, қалаға келген жастың қанша кіндік қаны тамған топырағы болмасын, ертеңі тұманды жермен болашағын байланыстыруы қаншалық ақиқатқа жақын. Ақымақ болмаса, әрине… Осылайша, о баста біле тұра жіберілген қателіктің кесірі, «керемет» жобаның өміршең болуына кесірін тигізді. Енді, осы жоба туралы биліктің бұқараға ұсынған төмендегі есебіне көз жүгіртелік: 2009-2013 жылдар аралығында «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында жас мамандардың қалың тобы ауылдық аймақтарды өсіруге аттанды. 24577 маман жоба қатысушыларынан ел тірегі боларлық кәсіпқойларға айналды.18164 педагог, 4967 дәрігер, 769 мәдениет саласының өкілдері, 225 әлеуметтік қамтамасыз ету саласының қызметкерлері, 268 дене тәрбиесінің мамандары, 184 ветеринар өз еңбек жолдарын біздің жобамен байланыстырды. Жоба операторы болып Қазақстан Республикасының аймақтық даму министрлігі табылады. Республикалық бюджеттен 16,2 млрд.теңге, оның 3,1 млрд. теңгесі – 24 573 маманға бастапқы жәрдемақы есебінде және 13,1 млрд.теңге — үй алып, шатыр тігуге 7 882 бюджеттік несие түрінде жұмсалды. Қағаздағы сценарийді қолға алсаңыз, көңіл қуантарлық. Ал, ауылға барсаңыз, үкімет ақпаратындағы, ақ парақтың тұрғындарын жиі кездестіре бермейсіз… Сиқыр…
Биылғы жылдың тамыз айынан бастап, «Дипломмен – ауылға!» жобасының інісі – «Жастар – ауылға!» жобасы қатарға қосылды. «Неге інісі?» Себебі, «Дипломмен – ауылға!» жобасын еліміздің бас партиясы «Нұр Отан» дүниеге әкелсе, «Жастар – ауылға!» – «Жас Отан» жобасы. Енді, бұған пікір айтып, сөз шынғындамалық. Алдыңғысының жетістігіне көз жүгіртіңіз де, соңғысының барар жерін болжай беріңіз! Күлкілі…
...Өкінішке орай, сенім толық ақталмай келеді… Қос тұлғаның сөзі бос құмға сіңіп кетіп жатыр…
Бөлісу:

2 пікір

bake
Біздің қалағанымыздай Үкімет басқара алмайды, оған келісемін. Бастықтар өз халқын ұры, қылмыскер көреді. Оған да келісейін. Бірақ сен солардың орнында болсаң не істер едің? Қайта ұрандаса да, істеп жатқандай қыр көрсетсе де, "істері" бар ғой. Әлі де жағдай өзгермейді. Халық қалаулары халық қалағанын ұмытады. Неліктен? Сайланған соң халық оған әсер ете алмайды. Кадр мәселесі бар. Бастық болсаң ішіп жесеңде «ортадан» шықпайсың. Жақын жерден табыласың, мысалы көрші кабинетте орынбасары боласың жаңа бастықтың. Үкіметте кадр мәселесі бары жасанды емес. Қасым -Жомарт Тоқааев бірде айтып қалған: «Бізде мына жерде дейсіңдер, жергілікті жерде не айтады соны естісеңдер ғой»-деген. Саяси шешіммен тағайынддалды көбі. Оны түсінуге болады. Біздің халық өзін басқаратын жағдайға әлі жеткен жоқ. Саны аз. Сапасы үшін күрес жүруде. Сапаны Үкімет өзі жасамақшы. Бұл ортақ істе халық Үкіметке көмектеседі десем келмейді. Үкімет халыққа «керемет» көмектеседі десем тағы келмейді. Қазақ санын түгелдеп алып қана бір жаққа шығуымыз қажет. Қазір әр жанұя бес-алты баланы тәрбиелесе таразы басы қайда ауысатыны белгілі. Бірақ үкіметті жамандап бір баланы өсіріп жатқаны бар. Бұл жерде тек бірте -бірте өрлеу жолынан басқа амал көріп тұрған емеспін. Ой сал немесе самасаңда жағдай осы. Барымызға базар.
Dzhonsaken
«Күрек-қайламен — қалаға!» жобасы өз-өзінен дүниеге келіп, жақсы жетістіктерге жетуде. Оған дәлел Кинг-КонгӘнуар Целиноградқа барып 6 ай жұмыс істеп, інісінің құдалығын өткізіп берді. Астына 1989 жылғы желтоқсан айында шыққан «ВАЗ-21011» мініп алды. Бағдарламаның кемшіліктері де жоқ емес. Қисықнұржан құрылыста жүріп, үйіне ІІІ-топтағы мүгедек болып оралды…