Өгей сезімге саяхат (өткен өмірден бір елес)

Есіме түсе қалса түсімнен шошынып оянамын демей-ақ қояйын, бірақ тұла бойымды өткінші бір сезім билеп, қиялдап кететінім рас. Ойлана-ойлана ойдың шыңына шыққан кездерде махаббат сезімінің бойымда бір ақ рет болғандай сезінемін. Әңгіменің әрін қашыра беріп қайтейін, одан да ұлы сезімге беріліп, сергелдең күй кешкен жанның хикаясын баяндап бергенім дұрыс болар.

Көктемнің кәдімгі күндерден еш айырмасыз бір күнінде көрші үйіне туыс ағайындары келіп жатыр. Ауыл үйі аралас, қойы қоралас бола беретіні о бастан белгілі жайт, көрші үйіне бас сұққанымда имене жылжып орын берген қонақ қыздың көзқарасы есеңгіретіп кеткендей болды. Не де болса еш кірбіңсіз көңілден әңгіме айтып, танысып-білісіп, кешке ауыл көшесіне шығуға көндіріп қайттым. Дене – басымды сол кезден бастап өзгеше сезім баурап алғанын кімнен жасырайын?! Сол кездерде ғана күткен уақытта күннің де ұзарып кететініне, ұнатқан адамың үшін қолыңнан келгенін еш күмәнсіз жасай алатыныңа(достарымның айтуынша), шын сезім билегенде кісі есалаң күйге түсетініне шүбәсіз сенген болатынмын.
Күткен кешіміз де жетті ау. Сезімім де жасырынып қала алмады. Бар күш-жігерді жиып, ойымдағының бәрін ақтарып салдым. Түсінемін, маған да өз сезіміңнің бар екендігін айттың. Ол кезде оныңның уақытша екенін білсемші. Дүние, өмір мен үшін аса маңызды болып көрінген еді сонда.
Қонақ та қашанғы қонақ. Ертеңіне өз үйіңе, өз қалаңа қайтпақ болдың. Жүрек…. Жібергім келмеді. Қалуыңды өтіндім. Қимадым. Қатты сүйіп қалғанымды сол уақыттарда түсінген сияқтымын. Екі күнге қала алатыныңды жеткіздің. Сондағы қуаныштың орны бөлек шығар. Сол күні кешкісін отырыс болды. Сондағы қыз-жігіттердің ішінде өзін аса бақытты санаған екеуміз емес пе едік?! Мен үшін шығар деп ойлаймын өзіңді де біраз қырыңнан таныта білдің. Иә, бәрі, бәрі уақытша екен ғой өмірде.
Ол уақыт менің жұмысқа енді орналасып жатқан уақытым болатын. Жұмыс жасауды ұмыт қалдырып, сенің елесіңді құшып кететінмін. Не керек, уақыт жетті. Қайтатын болдың. Қимай қоштастық. Ауылда қалып қоя бердім. Мен үшін ұялы телефон адам өмірін ұзарта түсетін аппаратқа айналғандай.
Арада айдан аса уақыттан соң, ұзақ жерде тұратыныңды желеу еттің бе, басқа қалада тұратыныңды айтып, көңілің суыды ма тек дос болып қалуды өтіндің. Әрине арамыз жақын болып, көрісіп тұрғанда басқаша болар ма еді кім білсін.
Құрметті оқырман мен жайлы қалай ойласаңыз да мен дәл сол уақыттарда қатыгез, жексұрын жанға айналып бара жатқандай сезіндім. Біреудің ойнап айтқан сөздері үшін ашу-ызамды солардан алғанымды да жасырмай ақ қояйын. Тіпті, өзімнен өзім айқайлағым, жылағым, жаман жолға түскім келетін сияқты. Бірақ оның бәрінің қалай болатынын білмейді емеспін., Тек бар білгенім, қолымнан келгені мынау болған еді:

Сені көрдім, басыла алмай, жүрек шіркін дір етті,
Сонда да сен аямадың, жаралы бұл жүректі.
Жүрмек түгіл, айтар едім мәңгілікке ұсыныс,
Тарттың алға, болмашы бір, әншейін себепті.

Неге мені тайғақ жолға, әлсіз күйге түсірдің,
Сені көріп бұл өмірдің құндылығын түсіндім.
Ренжіме деп қойып қалдың үнсіз ғана жымиып,
Одан маған бір сөзді емес, бар қайғыны ұсындың.

Не мән қалар жүре берсем түсініксіз, осылай!!!
Жүрегімді ауырттың ғой бір болуға қосылмай.
Егер қисаң жүрегіңнің бір бұрышын түсініп,
Айтар едім: — Жанымда бол!, мәңгілік,-деп тосылмай!

Күндіз күлкі, түнде ұйқы, еркіндіктен қалдым ғой,
Үнсіз кетсең осылай сен, мен есімнен тандым ғой.
Күтем сені, күте берем, күте берем жалықпай,
Неге? Неге? Неге жаным! Мені әуреге салдың ғой!!!

… Ұмыта алмадым. Басқа жанға барып тұрып, көз алдыма сенің бейнеңді елестететінмін. Кездесе қалған қызды өзіңмен салыстырып бітетін едім. Өзіңді артық қоятынмын сонда да. Одан бері жылдан аса уақыт та өтіп кетіпті ғой…
Көрші жолдасым сен тұратын қалаға бармақ болды. Менің де бірге жүруімді сұрады. Мен ол уақытта басқа жанмен сөз байласып жүргем. Бірақ, сағыныш қой деймін, өзіңді бір рет көргім келді. Қасымдағы жолдасымды әуелі сенің үйіңе соғып шығуын сұрап көндіріп те қойдым. Не пайда? Үйіңде болмай шықтың. Соңғы үмітім үзілгендей, есігіңнің алдында тұрып телефоныңа қоңырау соқтым. Мазақ қылғандай жігітіңмен бірге жақын маңда тұрғаныңды айтып, кешірім сұрап, жігітіңмен таныстыратыныңды айттың. Жо-оқ, қазақы қыңырлыққа салып, бұл менің соңғы қоңырау соғуым екендігін айтып, нөміріңді өшіріп тастадым. Бірақ ол жүректе сақтаулы еді. Мейлі, сыртыңнан бақытты болуыңды тілеп қайтқан болатынмын сол жолы.

Айтқандай, жақында мүлде бейтаныс біреуге, көрмеген адамыңның алып қашуының құрбаны болып үйленіп кеткеніңді естідім. Қазір енді бақытты ма екенсің? Менің тілерім адал бақ пен бақыт қана.

Салды ма көзің көңліме жалын, қара дақ,
Қалды ма жүзің, кетсең де алыс тым ұзап.
Көлеңке елес қалмай да қойды күн ұзақ,
Жүректің кеттің жартысын алып, жаралап.

Сен кеттің, қалдым, болған соң бақты аралап,
Жібермей көзім, ойым да жатыр саралап.
Тілеймін саған ашық та, анық даңғыл жол,
Боларсың тапқан аралап жүрер жаңа бақ!
Бөлісу:

3 пікір

bake
«Сағыныш -адамның сыртқа шығара алмайтын көңілі „
AknietTanirbergenkyzy
Иә, жүрек деген алып сезімнің, біздің еркімізге көнбейтіні аян. Дәл қазір сізді сарылтып, дүрбелең күйге түсіріп тұрған — сағыныш, қимастық сезімі. Десек те, «жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» — осыны естен шығармағаныңыз абзал!!! Ішкі жан дүниеңізді ақтару арқылы бір жеңілдеп қалған шығарсыз?! Өленіңіз де, жан дүниеңізден шыққаны көрініп тұр, әсерлі, рахмет!!! Шабытыңыз шарықтай берсін!!! Ақ жол!!!
Jenis8787
Рахмеет көңілдеріңізге, бұл негізі біраз жылды артта қалдырған хикая, қазір менің отбасым бар, әйбәт келіншегім бар, бақыттымын құдайға шүкір