Қазақстан Президентінің ядроға қарсы бастамалары – парламент өкілдерінің ерекше назарында
Санкт-Петерборда Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы қатысушы-мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қазіргі заманғы әлемдегі ядролық қауіпсіздік. Ядролық қарусыздану және таратпау үдерістерінде парламентарийлердің рөлі» халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады.
Таврия сарайына 20-дан астам елден, 500-ден аса шетелдік қонақтар жиналды. Олардың қатарында танымал парламент өкілдері, халықаралық ұйымдар жетекшілері, ядролық қауіпсіздік саласында мойындалған белгілі ғалымдар мен сарапшылар бар.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушылары мен қонақтарына жолдаған құттықтау хатын жалпы отырыста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин оқыды. Онда:
«Ядролық сынақтардан зардап шеккен санаулы мемлекеттердің қатарында Қазақстан да бар. Біздің жерімізде 500-ге жуық ядролық жарылыстар жасалды. Радиациядан бір жарым миллион адам зардап шекті. Сондықтан, біз ядросыз әлем жалпыға ортақ декларациясын әзірлеу туралы бастама көтердік, ядролық қару сынағына тыйым салу және оны мүлдем құрту идеясын ғаламдық қолдауды күшейтуге шақыратын «АТОМ» халықаралық жобасын ұсындық.
Қазақстанның бастамалары әсіресе, қырғынға ұшырататын қарулануды кері айналдыру үшін шешуші әрекеттер жасайтын қазіргі сәтте айрықша өзекті. Осы жолда барлық елдер парламенттерінің үлесі өте маңызды,-делінген Қазақстан Президентінің хатында.
Елбасы сондай-ақ, парламентарийлер әлемдік ядроға қарсы қозғалыстың қозғаушы күштерінің біріне айналатынына сенім білдірген.
2 пікір