Банкомат ақша бермей қойса...

Өрімтал: Банкомат ақша бермей қойса...

«Егер қыз болса, шашын бір талдап жұламын. Жігіт болса, тұмсығынан бір перемін» дедім ішімнен. «Халық банкіндемін». Кезек келіп болмайды. 203-тің алдында екі адам ғана бар деген, жарты сағат болды әлі күтіп тұрмын…

***

Америкадан келсем, банк карточкаларымды жарамсыз қылып тастапты. Карточкамда Алматыда бір ай күн көруге жарайтын ақшам бар еді. Өз ақшамды алу үшін банкке бардым. «Карточканы іске қосу үшін ақша төлейсіз, екі апта күтесіз» дейді (бұл арада банк қызметкерінің маған қазақша жауап бермей, біраз қырылысқанымды, банк охранигінің есіктің аузында кезек күтіп тұрған маған зілді дауысымен әрі тұр дегені, сарылып күткен кезектер хикаясын өткізіп жіберейін). Мақұл. Төледім. Күттім. Мерзімді күні барсам, карточка дайын емес. «Жұмыс орныңыздан справка керек» дейді. Мақұл. Справкасын апарып бердік. Екі аптадан соң, карточкамды алдым.

Бұл уақытта жұмысымнан екі айдың ақшасы түсуі керек болатын. Банкоматқа бардым. Әдеттегідей қазақ тілін таңдадым.  Банкомат «Күте тұрыңыз… Ақшаңызды 20 секундта алып үлгеріңіз» деді. Бұл жазудың жанып тұрғанына 20 секундтан асып кетті. Ақшамды тез алып үлгерейін деп қолымды дайындап мен тұрмын. Бір сәтте банкомат: «Сау болыңыз!» деді де бастапқы бетін шығарды. Ақша жоқ.  Карточка қолда. Қанша ай бойғы өз ақшамды алу үшін дедектеп жүгірген кездерім, маңдай термен тапқан ақшамды алу үшін маған дөрекілік танытқан қызметкердің банкіне 1%-імді қалдыратынымды ойладым. Қысқасы әділетсіздік!!!

Call центрге звондадым. Шіңілдек дауысты қыз "Қызмет сапасын жақсарту мақсатында әңгімеңіз жазылады" деді. Мақұл. Тұтқаның арғы жағындағы қызға «осылай да, осылай ақшамды банкомат бердім деген жазу шықты, бірақ ақшаны қолыма ұстатқан жоқ» деп тәптіштедім. Ішімнен «банкоматтың маған ақша бермегенін соткама түсіріп алмағаным-ай, бұл пәтшағарларға енді қалай дәлелдеймін» деп уайымдап тұрмын. Алматы өмірі мекемелерге сенбеуді әлдеқашан үйретіп қойған. Жалпы, Алматыда адамдардың бір-біріне сенуі сирек кездесетін сияқты.

Содан тұтқаның ар жағындағы қыз есепшотымнан ақша алынған деді. «Бірақ қолыңызға ақша түспесе, кез-келген банк бөлімшесіне барып, заявление жазасыз» деді. Кешкі сағат жеті еді. Алматыда 24 сағат бойы істейтін бір бөлімшесі бар деп естігенмін. Бірақ таксиге кететін шығынды ойлап, кейінге қалдырдым. Банкоматтың нөмірін жазып алып қалдым.

Бүгін. Банкке келдім. Ішім толы у мен кек ыза. Банк ішінде кезек қағазын беретін машинада «банкомат ақша бердім деп бірақ ақша бермесе» деген арнайы түйме жоқ. Ал енді қайсысын басамын? Сол жерде бастық бола алмай жүрген бір қызға күллі хикаямды баяндадым. Содан орысша бір қағазды бірге отырып толтырдық. Сосын тағы да кезек күттік. Қолымда 203-нөмірлі талон.

«Егер қыз болса, шашын бір талдап жұламын. Жігіт болса, тұмсығынан бір перемін» дедім ішімнен. Кезек келіп болмайды. 203-тің алдында екі адам ғана бар деген, жарты саған болды әлі күтіп тұрмын… Жарты сағатта кезегім келді.

Жігіт екен. «Ассалаумағалейкум?!» деді. «Уағалейкумассалам» дедім. Бірден сабама түстім. Құжаттарды қолына ұстатып, бұл жігітке ішімдегі запыранды қалай ақтарамын деп ойладым. «Бұл байғұстың кінәсі жоқ екені түсінікті. Бірақ маңдай термен тапқан ақшаны банк бермей жатса, бұл да әділетсіздік!». Содан әлгі бауырымыз ақшаны 15 күн (!) ішінде карточкама қайтадан құямыз деді.

Айттым. «Бұл сіздің кінәңіз емес екенін түсінемін. Бірақ бұлай істеуге болмайды. Адамдар бір ай бойы маңдай термен жұмыс істейді. Бір ай бойы осы ақшаны күтеді. Енді сіздер тағы екі апта күттіресіздер. Бұған нақты сіз кінәлі емес екеніңізді білемін. Бірақ алдағы уақытта банкоматта ақша жоқ екенін қайдан білейін? Басқа адамның басында да осы жағдай қайталанбас үшін не істеуіміз керек? Бұл сіздің кінәңіз емес екенін түсінемін, сонда да қай басшыңа хабарласайын?» дедім.

Жігіт маған тура қарай алмайды. Төмен қарап отыр. Иманы бар екен. Өзімнің де бетімнен отып шығып отыр. Намазхандарға банктерде жұмыс істеу онсыз да оңай еместігін ойладым. «Техникаға сенім жоқ қой, аға. Кассадан алғаныңыз дұрыс болар» деп ақтарылды.

Не деймін?.. Ассалаумағалейкумның болғаны жақсы болды.  

Егер банкомат ақшаңызды бердім деп, бермей қойса:

1. Карточканың артындағы call центрге хабарласыңыз.

2. Банкоматтың нөмірін жазып алыңыз. Қанша сумма ала алмағаныңызды айтыңыз.

3. Банк бөлімшесіне барып, өтініш толтырасыз. Банк қызметкерлеріне бұл оның кінәсі емес екендігін, алайда банкоматтарының қызметінің сапасын жетілдіру керектігін естеріне саласыз.

4. Ақшаңызды қайыра алу үшін екі аптадай сабыр сақтайсыз!

пысы. Сіздің де басыңыздың осындай жағдай өтсе, айта отырыңыз. Алматыда жағдай осылай болса, басқа қалада қалай екен деп ойлап қоямын.

Сурет СС рұқсат негізінде catatronic фотомұрағатынан алынды
Бөлісу:

26 пікір

Ereimen
Әбден қиналғаныңыз көрініп тұр, сізге берер көмегім «Техникаға сенім жоқ қой, аға. Интернет банкинг қостырып алғаныңыз дұрыс болар» барлығын сонда отырып басқара аласыз.
ол туралы мен осы сайта Халық банкінің интернет банкингі деген тақырыпта жазбам бар соны да оқи салыңыз артық болмас… Міне сілтеме
ken
ақшаны алу керек болса бәрібір банкоматқа не кассаға барасың ғой
urimtal
Пікіріңізге көп рахмет, Ereimen! Халық банкінде бастық бола алмай жүрген қыздардың бірінен сұрағанымды «айлық алатын карточкамен онлайн банкингке тіркеле алмайсыз» деген соң жылы жауып қойған едім. Ал Kazcom-ның homebank-ін қолданып жүргеніме бірнеше жыл болды. Шынымен де өте тиімді. Көңілімді қалдырған емес.
asaubota
жұмыста бәріміз қолданамыз банкингті. саған берілген ақпарат өтірік
urimtal
такссс, бастық бола алмай жүрген қыздың шашын бір талдап жұлу керек болды онда. Беті бүлк етпестен өтірік айтатындарына таңмын… Білмегененнен дұрыс білмеген жаман деген осы болар. Рахмет. Барып тағы тексеру керек екен.
ken
мен де айлық алатын карточкаммен интернет банкингке тіркелгенмін. коммунал қызметтерін сонымен төлеймін.
Karakyz
Менде де болған бұндай жағдай. Астанада, Казкоммен. Бірақ ақша алып жатқанда емес, кэш ин, яғни ақша салып жатқам банкомат арқылы. Ақшаны салғаннан кейін істен шығып қалды. Бірден колл центрге хабарластым, бөлімшеге барып өтініш жаздым, олар да екі аптадай уақыт алды ғой деймін.
Өтініште банкоматтың орналасқан жерін, инцидент орын алған уақытты барынша дәлдікпен көрсету керек. Соткаға түсіріп алмадым деп өкінбесе болады, меніңше әрбір банкоматта видеокамера бар, уақыты арқылы не болғанын сол арқылы білетін сияқты. (өтірік болса түзетіңіздер)
Интернет банкинг халықбанкте бар, менікі тіпті жалақы карточкасы емес, студент кезімнен стипендия үшін аштырған карточка, бөлек өтініш жаздым ау деймін, есімде жоқ, бірақ интернет банкинг пайдаланамын.
urimtal
Мен арыз толтырғанда бастық бола алмай жүрген қыз «банкоматтың нөмірін, адресін білмесеңіз ештеңе етпес, примерно қай жерде екенін көрсетсеңіз болды» деген еді. Менікі сауда үйінің ішінде болған. Сосын пысықсынып өзім жазып алып қалғанмын. Мұндай жағдай Қазкомның да банкоматтарында болады екен-ау. Біліп жүретін болдым. Рахмет, Қарақыз!
bizbike
Банкпен ондай жағдай болған емес, бірақ Ақсайдың АХАТ тегімді ауыстыру үшін үш рет барғанмын. Үшінші рет барлық құжаттарымды алып барсам, тіркеуімді сұрайды ғой. Сосын келіп: "Қай жерде тіркелдіңіз, сол жердегі АХАТ барыңыз" дегенде ана қыздың шашын жұлғым келді талдап. Бірақ заң бойынша тіркелген жердегі емес, тұрғылықты жердегі АХАТ баруға болатынын білемін, аналарға дәлелдеп көр соны. Алла, Алла. Ақыр аяғында электрондық үкімет арқылы бердім, сонда да маған соғып, құжаттардың көшірмелерін алып келу керек деді. Электронды түрде барлық дерек шығып тұрса да. Алла, Алла сақтасын.
urimtal
мдааа. Біздегі қағаз бастылық шынымен де адамды қажытады. Әйтеуір соңынан құжаттарыңызды реттестіре алдыңыз ба?
bizbike
Әлі дайын болған жоқ. Жақында АХАТ қызметкері соғып: «туу туралы куәлікте Килинин ауданы деп жазылған, ол қазір қандай аудан?» деп сұрайды ғой Құдай сақтасын, еговта бәрі шығып тұр сонда Бостандық ауданы деп.
manshukn
Мен көретінді центр кредиттен көргем. Сатпаев-Желтоқсандағы бөлімшесінде бір ағай бар, жүйкесі жұқарып кеткен біреу. Досымның карточкасын банкомат жұтып қойған, содан жүгіріп сол ағайға бардым. Ол деген аспай-саспай мен сізді қабылдай алмаймын дейді ғой. Үзіліс дейді, мен деген қайдағы үзіліс сағат әлі 12 болмады деп. Қазір үстіңізден шағым жазамын деп бастығына бардым. Ол орыс тәте жақсы екен, түсіндіріп берді. не істеу керегін. Сосын сабама түстім ғой, бірақ та сол кезде банктің пайдасы шамалы болды. Карточканы банкоматта ақша бітіп қалып, ақша салатындар келгенде соларға түсіндірдім, солай алғам. Олардың түсінігі жақсы екен, әйтпесе карточка менікі емес қой))) Жалпы, біздің банктерде қызмет көрсету өте нашар ғой.
urimtal
Осы барлық банктердің арасында бір рейтинг жасау керек сияқты екен. Өз басым Халық банк пен Қазкомды салыстыратын болса, Қазкомға + қояр едім. Әрине, қазкомда да ұнамайтын тұстары бар, бірақ Халық банкімен салыстырғанда біраз жұмысыңды стрессіз жасайсың.
omarbirat
Пайдасы аз болуы мүмкін, бірақ сонда да көмегім болсын:
Жалпы, банктердің бөлімшелерінің жанындағы банкоматтардан алуға тырысу керек шығар. Бірдеңе бола қалса, бөлімшеге кіріп, сол жердегі қызметкерлерге айтып түсіндіруге болады. Сонымен қатар, ол банкомат бөлімшенің өзінде орналасқандықтан, банкоматта әрдайым ақша болу ықтималдығы жоғары болады. Айтпақшы, бөлімше болғанда да адамдар кезекте көп тұратын орталық емес, шағындау бөлімше болғаны да дұрыс сияқты.

Мұны не үшін әлдеқандай кеңес қылып жазып отырсың дейсіңдер ғой?
Қыста жаңа алаңдағы Қазкомның бөлімшесіндегі банкоматтан ақшамды алып, карточкамды ұмытып кетіппін. Карточка алынбағасын, банкомат оны жұтып қойған ғой. Карточкамның жоғалғанын үйге келгенде кешкісін бір-ақ білдім. Колл-орталыққа хабарласып, құлыптатып тастайын десем, кодтық сөзім дұрыс емес дейді. Отырып алып, барған, жүрген жерлерімнің бәрін еске түсірдім. Дәу де болса, сол күндіз ақша алған банкоматта қалып кетті деп түйдім. Ертесі күні әлгі бөлімшеге барып, қызметкерлеріне айтып, сол жерден-ақ шығартып алдым. Кемінде бір апталық уақытым үнемделді ғой деймін сол кезде
urimtal
Күшті кеңес екен! Әдетте банк бөлімшесінің қасындағыларда адам топырлап жүретін болған соң, ол жердегі банкоматтарға жоламайтынмын. Енді ескеру керек екен.
omarbirat
Ірі сома алатын кезде өзім жоғарыда жазғанымды істеймін. Ал бөлімшелерден алыс орналасқан банкоматтардан осындай бір проблемалар шығып қалған жағдайда ішім ашымайтындай көлемде ғана аламын. Әдетте 5000 теңгеден аспайды.
Соңғы түзету:
Tyulpan
казком карточканы ең соңынан алатын етіп өзгерткені жаман болды. басқа қалада болып, банкоматта ұмытып кеткем. сонда, ол қаладан сол күні кету керек болғанда қайтер едім? жеке есепшот ашқызып, карточкадағы ақшаны соған түсіріп, оны күтіп, құжаттардың түпнұсқасын сұрап, оған көшірмемен беруге рұқсатты әзер беріп, біраз жүгірткен… содан соң «ком» десе «ком»/коммерциялық/ деп аты айтып тұрғандай, әрбір операциясы ақылы ғой(( қазірдің өзінде қызыл квадратпен карточка артынан берілетінін айтып ескертіп тұрса да, ұмытып кете жаздаймын…
patick
2007 жылы Алматыға келгенде қорлықты көп көрдім, Сол қорлықтардың басым бөлігі осы Халық банктің үлесінде.

Пәтер іздеп, бір кемпірдің бөлмесіне тұруға келістім. Ақшасын кешке әкелемін деп уәде бердім де, банкоматқа бардым. Карточкамды салып едім, жұтып қойды. Сөйтіп, кемпірге жалынып, төлеу мерзімін 1 күнге әрең шегеруге көндірдім.

Кейде ақша болмағанда ағамнан көмек сұраймын. Ол осы Халық банк арқылы лақтырады. Мәз болып алуға барасың, банкомат істемейді немесе бөлімше жабық тұрады. Тапа-тал түсте. Үйіңе жаяу қайтуға мәжбүр боласың.

Кассаға барып шотыңдағы ақшаңды алмақ боласың. Кассирлер жекіріп, сұраққа дұрыс жауап бермей итіңді шығарады.

Бір күні Халық банк картамдағы соманы -700 еттім де, картаны лақтырып тастадым. Содан кейін жоламаймын.
Adiletshu
Карточкаң -700-ге өтіп кетті ма, әлде Халық банкіне садақа деп 700 теңге беріп кеттің ба
patick
Картадан картаға ақша аудардым ба, әйтеуір бір операциялар жасадым. Сөйтіп минусқа кіріп кетіпті. Лақтырып тастадым сосын
dark_nazgul
хехе. енді жоласаң, сол картаны содан бері пайаланғаның үшін ақша қарыз болып шығатыныңды ескердің бе? сен банкті лақтырып кеткен жоқсың, өзің косякқа кірдің.
patick
Жолағанмын одан кейін. Бірақ ешкім ештеңе демеді
ereke_enu1
Телефонмен сөйлесіп тұрып, шығаран ақшамды алмай, карточкамды ғана алып кете берген жағдай болған еді. Ұмытып кеткенімді, не түсіріп алғанымды білмеймін. Банкоматтың қасынан біраз іздеген едім, адамдардан күдіктеніп. Ертесіне банкте арыз жазған соң, 10 күннен кейін шотыма лақтырды. Сізде де соған ұқсас жағдай болған сияқты. Машинаның қатесі. Егер шотыңыздан ақша шықпаған болса, банк бөлімшесінен шығарып алуға болушы еді ғой. Интернет банкингпен қолдануға кеңес етпес едім. Егер біреу жеке кабинетіңіздің паролін біліп алса, ақшаңыздың қайда кеткеніне банктың да жауап бере алмай қалатын жағдайға душар болуыңыз мүмкін.
Basic
Халық банкінде, цеснада, Hsbc, kazkom-да да карточкаларым бар. Тұрақты түрде қолданып тұрамын. Байқағаным казком мен оның хоумбанкіне әлі ешбір банк жетпейді. Ал бастық болып жүрген қыз сізге қате айтты. Маган 2 апта бұрын халық банк бөлімшесінде карточкамды тіркеп, онлайн банкингті қолдану жайлы түсіндірді. Сонда да олардын myhalyk қосымшасы хоумбанкке жетпейді. Шынында да әлгі жігіттің ассалаумағалейкумі көмектескен екен))))
dark_nazgul
менің халық банк карточкам пенсионный. опшым түк те істей алмаймын…
KONILDI
Шынымды айтсам (өз пікірім) сол Халық банкінің қызмет көрсету сапасына мүлдем көңілім толмайды. Жүйелері тым нашар. Тіпті жақсартуға да тырыспайды ше, менеджерлері де өздеріне ұқсас келе ме, әлде маған өңшең бір тектілер кездесе ме білмедім, қайсысына барсаң да тырысып, ісініп отырады. Құдай бір жерге бастарын қосатын секілді, кәдімгі таң қаламын, бір сызылып тұрған менеджер көрмедім сол банктен. "Ә" десең «МӘ!» деп тұрады. Немесе менің жолым болмай үнемі сондайларына тап келемін…

КАЗКОМ банкоматымның пин кодын жоғалтып алған кезімде 15 минутта калпына келтіріп берген, ұмытпасам 200тг, ал дәл осы жағдаймен Халық банкі 2 аптадан соң кел деді, 700тг
Соңғы түзету: