Үш құдірет

Үш құдірет

Үш нәрсе бар жүрегімде,
Денемде,
Қуат алам сеземін де,
Сенем де.
Үш құдірет дарынымды жебеуде,
Үш құдірет – ғұмырым да,
Өлең де!

Біріншісі – иманым бар, әрине,
Жаратушым нұрын шашқан әр үйге.
Құдірет бар иман айтқан әр үнде,
Жолдас болып сақталады бәрінде!

Сенесің де, жүрекке нұр тағасың,
Ғұмырыңа сонан азық табасың.
Өлшеуіші жақсы менен жаманның,
Жалғастырар екі дүние арасын!

Екіншісі – махаббатым тап-таза,
Тосылмайтын тасқынға да,
Отқа да.
Сүрінбейтін тірілікке де, шотқа да,
Жеңілмейтін сотқа да.

Риясыз,
Тәтті,
Таза,
Өлшеусіз,
Сондай адал сезімдермен көркембіз.
Мейірімен жалғастырған ғаламды,
Онсыз бақыт таба алмаймыз, еркем, біз!

Үшіншісі – ұжданым бар қайтпаған,
Ұят-иба,
Ар-намысын сақтаған.
Мықтыларша өмір сүр деп баптаған,
Әлсіздіктің ауылына соқпаған.

Алтынға да,
Атаққа да сатпаған,
Адамдық пен ақылымды жақтаған.
Рухымды,
Жігерерімді тасытып,
Адамға жат қылықтырдан сақтаған.

Осы үшеуі қатар барда – батырмын,
Бірі жоқта – жартымын.
Үш құдірет – өмірдегі асылым,
Үш құдірет қасиетіне бас ұрдым.

Үш құдірет бар ауылға түнеймін,
Жақсыға дос,
Әлсіздерді сүйеймін.
Туыс-туған,
Дос-жараным,
Ел-жұртым,
Барлығыңа сол үшеуін тілеймін!Блог - AknietTanirbergenkyzy: Үш құдірет
Бөлісу:

1 пікір

Dzhonsaken
Бағыт алуға болатын жолдар екен. Меншік иесі Сіз бе!