Қалалық проза немесе қоқысқа төгілген қан мен тер
Ақтөбеде Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романына қойылған ескерткіш бар. Кейіпкерлердің образдары мейілінше дәл берілген. Тіпті, шығарманы оқымаған адамның өзі мүсіндерге бір қарап, кімнің-кім, мінезі қандай, арыстан ба, қорқау ма, адам ба, азғын ба екенін шырамыта алатын сияқты. Бір сөзбен, ескерткіш өзіне жүктелген эстетикалық міндетін абыроймен орындап тұр. Ләззат алуға да, қалың ойға шомып, пәлсапа соғуға да (кейбіреулерге пәлсапа соққанның өзі ләззат болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймын)болады.
«Қан мен тер» — Қазақстанда әдеби шығарма негізінде тұрғызылған алғашқы монумент. Алайда, 2009-жылы Ақтөбеде тағы бір өміршең туынды — Джордж Лукастың «Star Wars»-на ескерткіштер қойыла бастады. Дәлірегі, гексалогияның ең танымал кейіпкерлерінің бірі R2D2-ның мүсіндері пайда болды.
Жып-жылтыр. Күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Қарамау мүмкін емес. Алайда, R2D2-лердің негізгі функциясы эстетикалық ләззат сыйлаудан көрі әлдеқайда қарапайым, әрі қажеттірек болып шықты. Бұл – кәдімгі қоқыс жәшіктері екен (Формасына қарап бөшкі дегің келеді).
Олар тот баспайтын хромдалған болаттан жасалған. Әрбіреуінің құны 15 000 теңге. Барлығы 1 000 дана. Демек, қаланы әдемі қоқыс жәшіктерімен қамтамасыз ету үшін 15 000 000 (!) теңге жұмсалды.
Ақтөбелік шенеуніктердің фантазиясына қалай қол соқпаймыз? Қарасаң көздің жауын алатын, әрі бағасы қымбат қоқыс жәшіктері қала тұрғындары мен қонақтарының жауапкершілігін арттырып, тазалық сақтауға деген ықыласын оятуы тиіс-тін. Өкініштісі, бұл ізгі ойдан қандай нәтиже шыққаны белгісіз. R2D2-лердің арқасында қанша қоқыс далаға емес жәшіктерге тасталғаны туралы ақпарат жоқ.
Арада төрт жыл өтті. «Дроидтардың» қаншасы тірі қалғанын ешкім білмейді. Алайда, көпшілігінің орнын жаңа жәшіктер басыпты. Бірақ, бұлардан регресс байқалады. Материалы да нашар, түрі де сүйкімсіз.
Қаланың көркін қалыптастырып, ажарын аша түсу үшін түрлі ескерткіштерден көрі тазалықтың маңызы жоғары екені анық. «Қан мен тер» өзіне жүктелген міндетін орындап-ақ тұр-ау, қоқыс жәшіктері ше? Біреуі сынып, біреуі жоғалып, біреуі әдейі бұзылып жатқанына қарап, бұл да әлдекімнің ақша жасау амалына айналғанына күмән қалмайды. Әйтпесе Ақтөбеде ешкімге эстетикалық ләззат сыйламаса да, сонау алпысыншы жылдардан бері (қаланың қазіргі орталық көшелері мен гүлзарлары салынған уақыт) міз бақпастан тұрған тазалық сақшылары бар. Бұлар цементтен құйылған. Ақша жасамақ болған біреулер әдейілеп бұздырмаса, оларды ұрлау да мүмкін емес. Қарапайымдылығы өзіне бек жарасып, елеусіз болса да, өздерінің де, Ақтөбенің де абыройы үшін қызмет етіп тұр.
20 пікір