Перси Джексон және көз рахаты
Рик Риордан Перси Джексон туралы шығармаларын жазғанда экранизацияның дәл осылай боларын әй білмеген шығар. Әйтсе де араға үш жыл салып шыққан сиквел алғашқысына қарағанда тәуір деп ойлаймын.
Кітаптан әжептеуір ерекшеленетін "Перси Джексон: Құбыжықтар теңізі" туралы жағымсыз пікірлер фильмнің өз аудиториясын таппауымен және көрермендердің алабөтен, салмақты дүние күтулерімен байланысты деп ойлаймын. Бірден басын ашып жазайық, бұл туынды жасөспірімдерге арналған. "Аватар" яки "Кек алушылар" секілді үлкен масштабты қиял-ғажайып көремін деп ойламаңыз, ортаңқол, арнайы әсерлерге құралған блокбастер.
Ал егер осы тұрғыдан алып қарасаң фильм әжептеуір. Басталғанда-ақ жер теуіп шыққан Крит бұқасының модерн нұсқасы жеке өзіме айрықша ұнады. Өзге де компьютерлік визуалды әдістер артығымен жетерлік.
Актерлік құрамға әлдене деп кінә тағу қиын. Персидің рөлін ойнаған Логан Лерман ә дегеннен-ақ өз кейіпкеріне сай келмейтіндей көрінетін, бас қаһарман бейнесін дұрыс қабылдай алмаған себебім осыдан шығар. Ал өзгелері таң қалдырмаса да, тартымды: Александра Даддарио да (Аннабет), Ливен Рэмбин де (Кларисса) кем дегенде қылықтарымен ұнай алады. Жалғыз көзді Тайсонды сомдаған Дуглас Смит франшизаға жаңа леп әкелген секілді, көреміз.
Фильм артық-кемі жоқ тинейджерлік аудиторияға арналған өз деңгейіндегі туынды болып отыр. Кітапты оқымаған адам құр қалмайды бәрі түсінікті. Тек артық идея, ғаламдық ауқымдағы мессидж яки жүрек ауыртар кадрлар іздемесеңіз болды. Ар жағын Перси Джексон&Ко өзі бітіреді.
P.S. Кронос бейнесі қисық шыққан, келісемін, алты құдайдың әкесі анадай болмаса керек-ті.
1 пікір