Жайықтың жарық жұлдызы...

Блог - zulkharov: Жайықтың жарық жұлдызы...

21 тамыз күні аз ғана ғұмырында мәңгі өшпес мұра қалдырған Жаңақала ауданының тумасы, айтыскер ақын Асылбек Ишановты еске алуға арналған үлкен айтыс болып өтті.

Асылбек Ишанов 2007 жылы жол апатының салдарынан мәңгілік сапарға аттанған болатын...

Айтыстың ұйымдастырушылары БҚО әкімдігі, Жаңақала ауданының әкімдігі, «Жайық жұлдызы» аймақтық қоғамдық қоры. Айтыстың шымылдығын «Жайық жұлдызы» аймақтың қорының төрағасы, ақын Бауыржан Халиолла ашты. Ол өз сөзінде бүгінгі айтыстың мәні мен мағынасын түсіндіре келе, бүгінгі кештің жүргізушісі Талант Арғынғалиға сөз кезегін ұсынды. Өз кезегінде Талант мырза БҚО әкімі Нұрлан Асқарлұлының іс сапарда жүруіне байланысты айтысқа келе алмайтындығын хабарлап, оның бүгінгі айтыстың көрермендеріне арнап жазған ашық хатын оқып берді. Одан кейін ортаға Асылбекті еске алуға келген ақындар таныстырылды.

Айтысқа Бекарыс Шойбеков(Оңтүстік Қазақстан облысы), Астаналық Сырым Әуезхан мен Жандарбек Бұлғақов, Ахметжан Өзбеков(Тараз), Оразбек Қиынбаев(Ақтөбе), өзіміздің Оралдық Жансая Мусина мен Талғат Мықи, Жәнібектен Мұрадым Мирланов, Жаңақаладан Орынбек Мендіқұлов, Теректіден Елдар Ихсанов сынды жүйріктер қатысты.

Ақындардың алғашқы жұбы сахнаға көтерілгенде айтысты сағынған халықтың көңілінде зор қуаныш орнады. Себебі, Ақжайықта үлкен айтыс болмағалы қашан… Осыны өз сөздерінде алғаш сөз алған Талғат Мықи мен Сырым Әуезхан тілдеріне тиек етті. Ақжайықта айтыстың көптен өтпегенін Талғат Мықи былай жырлады:

Айтыс өтсе жастардың жоқ арманы,
Жақсы ғой бұл өнердің оңалғаны.
Біз жақта үлкен айтыс болмай кетті
Күйзеледі көрерменнің соған жаны.
Соңғы рет дүбірлеген дода болып,
Шайырлардың беделі жоғарылады.
Ол айтыс – Асылбекке арналған соң,
Ақындар жоқтау жырын көп арнады.
Араға төрт жыл салып ақындардың,
Белгілі Ақ Жайыққа жол алғаны.
Бұл айтыс та Асылбек атында екен,
Тағы да куә болмақ оған бәрі.
Аты-шулы айтыскер ағамыздың,
Арамызда болмауы обал-дағы.
Асылбек өзі өлсе де аты өшпегір,
Айтысты өлтірмейді Оралдағы.


«Батыстың батырының атын алған, Қазақтың атын айтқан ақынымын» деп сөзін бастаған Астаналық Сырым Әуезхан «Кіші жүздің еліне ризамыз, Ұлылықты танытқан еш жерде жоқ», «Жақсы адамдар өмірден ерте кетед, Өмірде дәл осындай қасқа заң бар» деп сөзін жалғады.

Халықтың мол ықыласына бөленген қос ақынның ізін жалғап сахнаға Жандарбек Бұлғақов пен Оразбек Қиынбаев шықты. Жайыққа алғаш келген Жандарбек ақын ағасына мынадай жыр арнады:

Ұл емен бекер ойнап, текке күлген,
Ұл едім қара өлеңнен шекпен ілген.
Тектілерді тербеткен бесігінде,
Айналдым, Жаңақалалық тектілерден!
Айдархан, қасиетіңнен айналайын,
Асылбектер түлеген мектебіңнен.
Жаңылсын анасының ақ сүтімен,
Ақынның жырларына от берілген.
Меразат әкесі де осында бар,
Асығып Жаңақаладай жетті өңірден.
Осындай ата-анадан тәрбие алып,
Талантымен танылды көкке бірден.
Тепсе темір үзетін жасқа келіп,
Ғұмыры үзіліпті-ау көк темірден.
Азаттың баласы боп туғанменен,
Қазақтың баласы боп өтті өмірден.


Оразбекте ой жүйріктігі жағынан Жандарбектен кем түспеді. Ол сөзінде қарсыласының іс сапарда көп болатындығы жайын сөз етіп, үйде жарың жалғыз қалады деп қалжыңдасып еді, Жандарбек «Ақынымды еске алып жатқанында, Қатынымды құшақтап жата алмаймын» деп жауап қайырды. Екінші жұптың айтысы аяқталар сәтте ақындарды сахнадан жібергісі келмеген халық қол шапалақтап тұрып алды…

Сахна төріне келесі жұп Асылбектің ауылдасы 10 сынып оқушысы Орынбек Меңдіқұлов пен Жәнібектің Мұрадым Мирланов көтерілді.

Айтыс өнерінің ортасына енді ғана еніп келе жатқан Орынбек ағасын:

Қайтейік, бұл өмірдің ережесі,
Бір-ақ сәтте сіңеді құмға арландар.
Мысалы, Асылбекті айтар болсақ,
Шыңға өрлеп, қанаты ерте сынған жан дәл.
Жұлдыздай қара аспанда жарқ етеді,
Жұлдызы бөлек болып туған жандар,
– деп жоқтады.

Теректілік Елдармен жұп болып сахнаға көтерілген Ахметжан Өзбеков

"Өзіңнен көп жас кіші жас баланың,
Қиын екен қабіріне жыр арнаған"
— деп жырлап жанар жасын жасыра алмады…

Айтысқа түйін қойған Оралдық Жансая мен Оңтүстік Қазақстаннан арнайы келген Бекарыс Шойбеков болды.

Халықтың көңілінен шыққан қос ақын да бір бірінен қалыспады. Менің ойымша айтыстың соңғы нүктесін Бекарыс Шойбековтің «Артында абыройы қалу үшін, Адамның жүз жасауы міндетті емес» деген сөзі қойды.

Иә, осылайша Ақжайықтағы айтыс та өз мәресіне жетті. Айтыстың ең басты ерекшелігі ақындарға жүлде үлестірілмеді. Біріне аға, біріне іні, біріне дос, біріне бауыр болған ақын АСылбектің рухына тағзым етуге айтыс ұйымдастырылғанын Бауыржан Халиолла жеткізіп, ақындарға арнайы алғыс хаттарды ғана табыс етті.

p.s. Жаның жәннатта болсын, бауырым!
bk
Бөлісу:

11 пікір

satibaldi
Ішкі саясат департаментінен тиын істеп жүрсің бе? «Шараны БАҚ-тарда кеңінен насихаттау жұмыстары» деген баппен?
19852407
ішкіде істейтіні рас…
zulkharov
кешіріңіз, мен ішкі саясатта жұмыс жасаймын.
zulkharov
блог жазу үшін ешкімнен ақша алмаймын.
Ispek92
Бауырым бүгін тіркеліпсің, енД cut қойып үйреніп ал
19852407
Әлеуметтік желілерді ойлап тапқан быраттармен кездесіп қалсаң, Янтарьға апарып, астаудан суғарасың ғҰә? Асау админді де сүйтпексің?
Соңғы түзету:
Abilakim
Кім жеңді? әлде, еске алу айтысы болған соң бір-бір мәрте ғана шықты ма ел алдына?
zulkharov
еске алу айтысы болған соң сахнаға бір мәрте ғана көтерілді барлық ақындар
Gulistan
Жансая Мусина!!! Ол қай да кетіп еді?
zulkharov
Пікіріңізді түсінбедім, Жансая ешқайда кетпеді)
Gulistan
Көптен көрінбей кетті, соңғы рет 2007де көріппін.