Ех, ертеңгі күн, сен не әкелесің?

Болашақ күтпейді, жаңа күн түнге кезегін береді. Осылайша болашақтың бір күні өтіп, «Ех, ертеңгі күн, сен не әкелесің?» — деп батқан күнге қарап, болашақты болжауға үміт береді.
Ішім қуатқа толы. Тың істерді атқаруға дайынмын. Мектеппен қоштасқалы жаз, күз, қыс, көктем, жаз болыпты. Тура бір жыл. Жиырма күнде оқуымды жалғастыруға қайта ораламын.
Күз де келді. Жаздың ыстық күнінде анық көрінген тау бөктері енді көкшіл реңге боялған.
Блог - bake: Ех, ертеңгі күн, сен не әкелесің? Үйдің терезесінен қос өркеш төмпешік көрінеді. Сондай таныс көрініс. Тек қана терезеден емес. Белгісіз. Әйтеуір, мұндай көріністі көргендеймін. Ойланып көрдім, таба алмадым. Бірде бір таныс туыс адам біздің үйдің терезесінен төмпешіктерге қарап тұрып:
— Терезеден көрініп тұрған мына таулар (төмпешіктер) компьютер экранның бетіндегі суретке* ұқсас, — деп айтпасы бар ма.
Әрине! Суретті компьютердің жұмыс үстелінің үстінен көріп жүріппін. Енді түсінікті болды.
Компьютер бетіндегі тартымды сурет – Еуропаның Голландия мемлекетінің ірі-қараның құнарлы жайылымы, көгалы ретінде теледидардан Голландия ірімшіктерін (сыр) жарнамалағанда, көзге қайта-қайта түсетін. Жатталып қалыпты. Яғни, жасыл алқап болса – Голландияда, әдемі таулар шыңы болса — Францияда. Шет елдің көп деректі, көркем фильмдерді көрудің арқасында Монблан таулар тізбегі деп жатталыпты. Бірақ сәл ойлансам, маған жақыны мына терезеден көрінетін қос төмпешік. Өз бетіңмен қыстыгүні шананы төмпешік үстіне шығарып алып, төмен қарай сырғанап түскеннен бастап оның тасын, топырағын баспаған күн аз болған шығар.
Өсе келе төмпешік биіктігінен жоғары тау шыңына шыққым келді. Ондай шыңды іздеудің де қажеті жоқ. Төмпешік үстінен он бес шақырымдай жерде таудың бөктері анық көрінеді. Күзде көкшіл тартатын тау бөктерінің дәл өзі. Жоғары қарай үш жүз, мүмкін, төрт жүз метр көтерілсең, таудың шыңына шығарсың. Тау шыңы жаңбыр, қар жауғанда көрінбей қалады. Атауын да біліп алдым. «Қыземшек».
Шың үстіне шығудың жеңіл жолы –ұшып шығу. Әрине қанатым жоқ, ұша алмаспын. Сол себепті қолымнан шыққан төртбұрыш батпырауық көкке ұшты. Ұзындығы он елі, ені бес елі, төртбұрыш батпырауық көкке көтерілгенде, тырнағымдай болып кішірейетін.
Аспанда ұшқан батпырауықтың құйрығы желге әрі-бері желбіреп, жел болып аққан ауаның үстіне — толқындарды тіліп жүзіп бара жатқан кемедей бағыттап ұстап, жолынан тайдырмайтын.
Қазір батпырауықты ұстап шыққанға ұяласың. Түсінесің, балалық шақпен іштей болмаса да, сырттай қоштасу керектігін. Алғашында, батпырауық орнына жұқа картонды жіпке байлап алып, оны ұшыра алмай жүргенде үлкендер бала тілін тәтті көріп:
— Өскенде ұшқыш боласың ба? Ана қолыңдағы самолетіңмен (ұшағымен) Алматыға ұшырып апарасың ба? — дегенде:
— Иә, — деп тура жауап бересің. Алды — артыңда көлденең ой жоқ қой. Қазір, кей-кезде, сол үлкендердің біреуі:
— Қашан Алматыға самолетіңмен (ұшағымен) апарасың? – дегенде, не деп жауап бере алмай, балалық қылығыңнан ұялып, үндемей кете бересің. Ішіңнен анық өз-өзіңе есеп бересің — мүмкін емес-ау, бәрі бала ойымдай оңай болса ғой. Осы күнде үлкейгенде қандай болатынымды көргім келеді: — неше балам болады, кімге үйленемін? –деп өз — өзіме сұрақ қоямын.
Қазір бала кезде түсінбеген көптің бір шамасын түсіне бастаған кезім.
Кішкене кезде соқыр Мариямен қорқытатын. Сексенге келгенде жалғыз қалған қаңғып жүрген соқыр кемпір. Күнде біреудің босағасында, жан аянышты болса, екі күн қондырады, үшінші күні екінші үйдің босағасына апарып тастайды. Жыл ішінде соқыр кемпірдің жайын ешкім ойламады. Кәрілер үйі бұйырмай көз жұмды.
Қате ойлап қалмаңыз, өмірдің жаман тұстарын тізіп айтуды мақсат қойған жоқпын. Көрген жамандық, жақсылық жинала келе алдағы өмірден не күтуге болатынын білдіртті. Аямайтыны белгілі.
Үйлену, үй болу жайлы айта бастаған едім. Ойымды жалғастырайын. Қалайша ана атанады? Қалай әке боламын? Естіген, оқығанымның ешқайсысы бұл сұрақтарға толық жауап бермейді. Дегенмен жауаптарын ала бастадым.
Былтыр дәл осы уақытта жоғарғы оқу орынды, мамандықты таңдап, қабылдау емтихандарын сәтті тапсырып, студент атандым. Қалада тұрғылықты орным ретінде пәтер жалға алынды.
Осы уақытқа дейін басымнан өткенді, не нәрсе мені қызықтырғанды айтқан болатынмын. Қазір сізге таңсық адам емес шығармын. Оның мәнісі өзіммен таныстыру болатын. Неге жақын, неден алыс екенімді түсінген шығарсыз. Басқа әңгімені бастап кетпеді демеңіз. Ана болу деген не? — деген сұрақтың жауабын бір күнде, бір айда алған емеспін. Күнге –күн қосып, өткен күндегі көргенімді бүгінгі күнмен байланыстырғандықтан болар, жауабын алдым. Сондықтан осы сұрақтың жауабын алуға себепкер болған жағдайын кеңінен, толықтырып айтайын. Өтінетінім ойымды тез қабылдауға асықпаңыз. Қойған сұрағымды қайталайын: — Ана болу деген не?.. Біріншіден жігіт қызбен танысады. Сосын жақындаса түседі. Мұндай сұрақтың жауаптарын өз құрдастарым да іздестірген шығар. Қыз –жігіт. Жақындаса түсудің не қиындығы бар? — дегендей қызбен таныстым ба екен?
Пәтердегі жиһаз: ас ішетін үстел, орындық, жөндеуді қажет ететін ескі темір төсек орын. Қаланың көшесін қашанға дейін бостан — босқа кезесің. Дайын асты алып ішу қымбатқа түседі, қалта таяз. Белгілі іс — ас дайындап үйрену қажет. Әзірше ауылдан келген сары майды нанға (тіліміне) жағып, үстіне қант сеуіп, шаймен жұтып, барды қанағат ете тұрдым. Істейтін іс, көретін теледидар жоқ. Күтіп тұрған істің асығыстығы жоқтықтан таңертеңгі аспен тамақтану уақытын барынша созамын. Таңғы сағат тоғыздан онға дейін.
Пәтер бірінші қабатта. Ас үйдің терезесі үйдің кіре беріс жағында. Кіре беріс есігі ашылып-жабылғаны анық естіледі. Есік дыбысы шыққанда, еріксіз терезеге көңіл аударасың. Үнемі бір уақытта, таңғы асымды ішіп жатқан кезде жиырма бес – отыздағы апай аулаға шығып, әрі-бері он-он бес минут шығып жүретін. Күнде сол кісінің белгілі уақытта шығып серуендеп жүргенін күтетін болдым. Кейде өз-өзімен сөйлейді. Терезе алдынан жақын өткенде, жыбырлаған еріндерінен байқағанмын. Үстінде үнемі бір киім, таза ақ емес, сұр да емес, боз түсті дер едім, ұзын етекті кең көйлек, үстінде сары-қоңыр реңді етегі тік, ұзын (белінен төмен түсетін) куртка. Көбінде екі қолын куртка қалтасына салып алатын. Жүрісі бір қалыпты, аяғын асықпай басатын.
Көзқарасында бір түсініксіз тартымдылығы бар. Ұзын сары шаштарын арт жағына буып жинайтын. Көбінде ту сыртынан бақылап қарағандықтан ба, білмеймін, соңынан қарағанды ұнататынмын. Үш ай осылай бақыладым. Қыс түсті. Қыстың суығынан қорғанды ма, басқа жерге көшіп кетті ме, сырттай бақылап жүрген апайым көрінбей кетті. Көзге көрінбей кеткен соң, көрініп қалар ма деп анда –санда «апайым» келе жатыр ма дегендей қарауды қойдым.
Ең алғашқы семестр сынақтарын тапсырдым. Уақыт тапшы. Кітапханаға бару керек. Оның үстіне уақыт өлтіретін құралдар пайда болды. Музыка ойнатқыш –плейер. Бұрын соңды қызықтырмаған классикалық, инструментальді музыкаға ғашық болып, сағаттар бойы тыңдауға құмар болдым. Көзімді жұмсам болды, ұшып жүргендей елес келеді. Ғаламның қандай да бір тамаша жерлеріне барып қайтқандай боламын. Үйді сағынғандықтан ба, кей-кездері тау-тастар арасында, жылы жаңбырдың астында қалғандай сезінемін. Ойнап тұрған музыкада жаңбыр сылдыры жоқ болса да құлағыма келеді.
Көктем. Күн жылынды деген күндердің бірінде күз бойы қар түскенге дейін бақылаған «апайым» пайда болды. Оны аулада күніне екі-үш рет көремін. Жалғыз емес, сәбиімен. Сәбиге арналған қол арбасын тербетіп жүреді. Дүниеге жаңа өмір әкелді. Күзде маған қызық болып көрінген жүрісінде ешқандай жамандық жоқ болып шықты. Тек жақсылық! Дүниеге келетін сәбиін күтіп жүрген ана неге тартымды көрінбеске. Іштегі сәбиімен сөйлесіп, тілегін айтпасқа!
Әйел адам –ана. Осылайша ана болу деген сұрағыма жауап алдым. Ол үшін қызбен жақындасқан жоқпын. Курстас құрбым ретінде жаңа жолдас таптым. Анығымен бұл басқа әңгіме. Әке атану қалай? Деген сұрағыма күтпеген жерден жауап алдым. Бірде перзентханадан алғашқы рет босанған әйелін шығарып алуға бара жатқан жігітке орта жастан асқан ер адам:
— Қазір әйеліңді перзентханадан шығарып аласың, балаңды алғашқы рет көресің, қолыңа аласың, сонда не сезесің?, — деп сұрақ қойды.
Сұраққа жауап бере алмады. Үндемей тұрмай жауап беруді сезіп тұрса да, келістірер жауап таба алмай қиналды.
Сонда әлгі ер адам:
— Ештеңе сезбейсің. Түнде балаңның ыстығы көтеріліп, ұйқың қиылып, қолыңа алып уатып жүргенде, оған деген әкелік мейірімің оянады, сонда ғана әке болып өзіңді сезінесің, — деп өзі қойған сұрағына өзі жауап берді.
«Әке болу деген не?» — сұрағыма жауапты лезде алдым. Байқасам, әке атану да тез екен, бірақ әке болғаныңды да білмей жүре береді екенсің. Ана болса, оны белгілі істен кейін көп уақыт өтпей сені әке атап жүреді.
Әзірше бәрі алда. Мүмкін. Осыдан кейін «әйел деген не, еркек болу деген не?» деген сұраққа жауап іздемедім. Оқып, көріп білу мүмкін еместігіне көз жеткіздім.
Балалық, бозбалалық шақтан қазіргі кезде айтатын сөздерім (сыртқа шығаратын, іште ойлайтын ойларым), істеген ісім (қылықтарым) жасыма сай жас жігітке айналдырды (балалық шақтан жоғары бір сатыға көтерілдім). Бойым ұзарды, киетін киімім өзгерді. Өзгермегені — көзқарас, іштен сыртқа қарап тұрған жанның:
-Ех, ертеңгі күн, сен не әкелесің?, — деп жаңа күнді асықтыра күттіргені.

P.S. Алғашқы нұсқаға 20.08 (қолды суытып оқығаннан кейін)түзетулер енгізілді.
Бөлісу:

15 пікір

bizbike
жалғасы бар ма? болса, күтемін…
bake
 «Жер асты елі» туралы жазып жатқан әңгіменің үзіндісі, сәл өңдеп, жазып жібергенім ғой  аталған әңгімені аяқталмай жатқаным
satibaldi
Болашақ күтпейді, жаңа күн түнге кезегін береді.
Сен данышпансың, сайтан алғыр!
bake
Осылайша болашақтың бір күні
өтеді… яғни ескіреді, сен ШАМАН болдың ғой от бсында тері керілген дабылды қағып жүгіріп жүрген. Оданша ағынан жарылып «Ертен күн шықпайды» деп қорқытпайсың ба?
Соңғы түзету:
AKA
Басында түсініңкіремей отыр ем, жақсы!
bake
Алтын уақытыңызды бөліп, әңгімемен танысқаныңызға ризамын
torgai
Шым-шытырық хикая ма дерсің. Көңілді құбылмалы сезімге бөлейді екен
bake
Әңгіме жазғанда алдыма қойған барлық мақсатқа жеттім деп те айта алмаймын. Бірде маған он бес жастағы қыз сұрақ қойды: -Неге менің жігітім менің көзіме шөп салады? -деп. Жігіті бірге оқиды. Тағы бір мысал, бір жастағы сәбимен үйіне күйеуі әкеліп тастаған жап-жас келіншек мұңы. -Бала тапқаннан кейін маған суып кеттің, бала маған бөтен секілді -деп, күйеуім бостандық сұрап кетіп қалды дегенін естідім. Тұрмыстық қаражат мәселесі, үй-күй мәселесі арада болмаған ғой. Көбі өтірік соны жалау етеді. Керісінше жас келіншектердің қарым -қатынаста қателескеніне куәгер болдым. Өз құлағымен естіген фраза, бір жас қыз екіншісіне: -Сен жігітіңмен жүрмей қалсаң, мен жүрер едім — т. с.с. Себептері түсінікті, жастар (жасөспірімдер) өз -өздерімен не болып жатқанына объективті баға беріп, қажет шешім қабылдай алмайды. Жауаптарын іздейді мысалы «COOL» журналынан. Қандай жауап алатыны белгілі. Қыздар: -Ана жігіт перспективті, ана қыз сол жігіт арқылы жолын таба білді т с с ойларға итермелейді. Әлгі он бес жасар қыз, жігітін уайымдап жүрген: -Не болса да аяғына дейін біреуімен болайын, үй болып «бірге ағарайық» -деп тырысып -ақ жүр, ескермегені екеуінің жастығы, бүкіл дүниедемен жалғыз қалғандарында. Жігіті болса кері тарт па, ұялу дегенді атымен білмейді. Сондайды өмірде кездестіргенде сөз таба алмай қаларсың керек кезде. Бәріміз жетім емеспіз, біреуге аға, апай боламыз. Бәріне, соның ішінде айтылған жайттарға қөзқарасымызды жеткізіп үйрене берейік. Іштегі жатқан қөзқарас көмек бермері рас. Қазір көнбейді деген бар. Көнбесі, өмір көндіреді, айтылған сөз құлақта болады, ертерек қажет шешім қабылдайды. Түпкі мақсатым ағаларды, апайларды дайындау. Олар көпті біледі, бірақ қажет кезде дұрыс жеткізе алмай қалады. Жазбаларыма көңіл бөлгеніңізге алғысымды білдіремін
bake
Генпрокуратуры России закрыть три молодежных журнала – «Молоток», Cool и Cool Girl, которые якобы эксплуатируют интерес несовершеннолетних к сексу мына жерден алынды
torgai
Ендігісі кеш қой
bake
пікірлерге жауапты сәл орынсыз асырып жазып жіберген секілдімін, бәрі өмірде тегіс ретімен болсын, қате қайталанбасын дейсің, болмайды -ау. Утопист емеспін, бірақ бір ұстаным үлгісіне тартылмасақ одан ыдырап кетер ме екенбіз((
MamaAya
Оқып болып «ех» деп бір күрсіндім, Бәке…
bake
Толғанып оқып шығатыңа сеніп едім…