ШӘУУӘЛ АЙЫ
Бірер уақыт бұрын ораза айын асыға күтіп, сол айға аман-есен жетсем екен деп жүрген едік, енді міне, рамазанды да тәмамдап, оның артынша келетін Шәууәл айына да қадам басқалы отырмыз. Рамазанда сауап жинап үлгерген жан — үлгерді, оның сауабын ақыретте Алладан күтеміз. Ал рамазанға немқұрайлы қараған жан — ұтылды, ақыретте ол оны орны толмас өкініш күйде табады. Рамазан оразасы өзін тұтқан адам үшін куәлік бергені сияқты, немқұрайлылық танытқан пенде үшін де қарсы куәлік етері сөзсіз.
Рамазанды бос өткізіп алдың ба?! Құлшылық айындағы құлшынысың баяу болды ма?! Құдайдан үмітіңді үзбе, бауырым! Бәрінің де орнын толықтыруға болады. Сен Шәууәл айына қадам басқалы тұрсың!
Һижра жыл санағы бойынша әрбір жыл 12 айдан тұрады. Аспандағы ай он екі рет көрінгенде, бір жыл толған болып есептеледі. Әр айдың өз атауы бар. Олар: Мухаррам, Сафар, Рабиғул-әууәл, Рабиғус-сәни, Жумәдәл-улә, Жумәдәл-ахира, Ражәб, Шағбан, Рамазан, Шәууәл, Зул-қағда, Зул-хижжа.
Рамазаннан кейін 10-шы рет көрінетін ай — Шәууәл айы.
Шәууәл! Ғасырлар бойы бабаларымызбен бірге жасап келе жатқан ай! Шәууәл — Рамазанның біткендігін білдірген ай! Айт мейрамының келгенін айтып, сүйіншілеген ай! Алты күндік оразасымен Рамазанды толықтырған ай! Құлшылық етсем деушіге зор мүмкіндік болып тұрған ай! Түнделетіп жорытушыға бағыт болған ай! Қараңғы түнек кездерде жарық болған ай! Бұл — Шәууәл айы!
Шәууәл айы Рамазанда жіберіп алған кемшіліктеріміздің орнын толтыру үшін таптырмайтын мүмкіндік. Міне, сол мүмкіндік есігімізді қағып тұр. Бұл қандай ай? Ол айда қандай құлшылықтар жасауға болады? Қандай артықшылықтары бар? Осы және өзге де пайдалы мәліметтерді өздеріңізге ұсынамыз. Құлшылықтың біз елей бермейтін қырлары көп. Жаратушымызға тағы да бір табан жақындау мүмкіндігі сіз бен бізге туып отыр.
Надандық кезеңіндегі Шәууәл
Надандық дәуірдегі көне араптар Шәууәл айын жамандыққа ырымдаған. Бұл айда ерлі-зайыптылардың бас қосуы дұрыс неке болмайды деген соқыр сенімде жүрген. Олардың Шәууәлді жаман ырымға балаған себебі — есте жоқ ескі замандардың бірінде үйленгісі келген жастардың бірнеше жұбы дәл осы Шәууәл айында қатерлі оба ауруына шалдыққан деген аңыз айтылады. Ал надан араптар сол тағдырдың қайталануынан қорқып, Шәууәл айында үйленбеу керек деп санаған. Шәууәлда үйлену қажет болса, аспанға көгершін ұшырып, соның ұшуына қарай әрекет еткен.
Яғни, тағдырын құстың ұшуына байлап Аллаға серік қосып адасқан. Арнайы ұшырылған құс оңға не алға қарай бағыт алса, олар мұны жақсылыққа балап, Шәууәлда үйлене беретін. Ал егер әлгі құс ұшқан бетте сол жаққа не арқа тұсқа қарай бағыт алса, олар мұны жаман ырымға балап, үйленуді тоқтататын болған.
Ислам дәуіріндегі Шәууәл
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) елшілік міндеті жүктеле салысымен ол өз қауымы ұстанатын ырым-тыйымдарға қарсы тұрды. Солардың бірі — Шәууәл айына қатысты ырым еді. Алла елшісі (с.ғ.с.) Шәууәлда үйленуге болмайды деген негізсіз ырымның тамырына түбегейлі балта шапты. Ол осы айда Айша анамызға үйленді. Осылайша ол Шәууәл ырымының жойылғанын іс жүзінде көрсетіп берді. Бұхаридің «Сахихында» Айша (р.ғ.) өзі бұл жайлы: «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) маған Шәууәлда үйленді және менімен Шәууәлда шаңырақ көтерді. Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.) қай әйелі оның алдында маған қарағанда сүйіктірек болып еді?!» — деп мақтанған. Яғни Ислам діні мұндай жалған сенімдерді тас-талқан етті. Юнус сүресінің 107-аятында: «Егер Алла саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Алладан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, онда Оның кеңшілігін тойтарушы жоқ. Ол оны құлдарынан қалаған кісіге береді. Ол өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» — деп айтылған. Яғни пендеге пайда да, зиян да бір Алладан ғана болатындығы Құранда ашық баян етілді. Ырымға сенуге болмайтындығы нақтыланды.
Шәууәлдің бірінші күні (айт мейрамы)
Он екі айдың ішінде алғашқы күні мейраммен басталатын Шәууәлдан өзге ай жоқ. Шәууәл айы ғана мейраммен басталады. Ол — ораза айт мейрамы. Оразадан кейінгі бұл айт мейрамы қуанышпен келетін болғандықтан, айтпен басталатын Шәууәл айы да мұсылмандар үшін қуаныш сыйлайды. Жас демей кәрі демей, барлығы бір-бірін айт мейрамымен құттықтайды. Міне, осы шаттықтардың бәрі Шәууәл айының тууымен басталады. Рамазан айымен қимай қоштасқан мұсылмандар Шәууәл айын қуанышпен қарсы алады.
Шәууәлдағы алты күн ораза
Рамазан айындағы парыз оразаны өтеп болған соң, Шәууәл айынан бастап Алла тағалаға нәпіл ғибадаттар арқылы жақындай түсу мүмкіндігі туады. Шәууәлдағы қосымша құлшылықтардың ең негізгісі алты күндік ораза. Муслимнің «Сахихында» келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтып, сосын оның артынан Шәууәлда алты күн ораза ұстаса, ол жыл бойы тұтылған оразадай болады» — деген. Бұл хадис Шәууәлдағы алты күн оразаны тұту Аллаға сүйікті амал екенін білдіреді. Фиқһ ғалымдары хадистегі «артынша ұстаса» деген мәтінді айт мейрамынан кейін арасын суытпай жалғастырса деген ұғыммен түсіндіреді. Алайда, бұл алты күнді Шәууәлдің соңына қарай ұстаса да жалғастылық үкімі үзілмейді — деген пікірдің де дұрыс екені құлшылық кітаптарында баяндалған.
Отыз күн оразаға Шәууәлдағы алты күнді қосып тұтудың бір жылдық оразаға тең келуін шариғат ғалымдары былай түсіндіреді: Әрбір жақсылық кемінде он еселенеді. Рамазандағы отыз күніміз үш жүз күнге татыса, одан кейінгі Шәууәлдағы алты күніміз алпыс күнге тең келеді. Ахмадтің «Муснәд» жинағында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан оразасын ұстаса, бір ай он айға тең келеді. Ал айттан кейінгі алты күннің оразасы екі айға тең. Барлығы бір жылдың оразасына тең» — деп айтқан.
Шәууәлдағы өзге де құлшылықтар
Шәууәл айы Рамазаннан кейін келетін ай болғандықтан, бұл айда өткен оразадағы кемшіліктердің орны толықтырылады. Бұхари мен Муслимнің «Сахих» жинақтарында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айының соңғы он күнінде жасай алмаған иғтикаф құлшылығының орынын Шәууәл айында толықтырғандығы айтылады. Мұнымен қоса, үзірлі себептермен ұсталмай қалған ораза күндерін дәл осы Шәууәл айында толықтырған жөн дейді ғалымдар.
Шәууәл айындағы шайқастар
Әр түрлі елеулі оқиғалар мен маңызды шайқастар Шәууәл айында болған. Дәл осы айда мұсылман әскері Ислам тарихындағы шешуші сәттердің куәсі болды. Һижра жыл санауы бойынша 3-ші жылы мұсылмандар Шәууәл айында Мекке мүшриктерінен жеңіліс тапты. Һижри 5-ші жылы дәл осы Шәууәл айында мұсылмандар Мәдинаны айналдыра ор қазып, қала халқын Мекке мүшриктерінен аман алып қалады. Ал һижри 8-ші жылғы Шәууәл айында мұсылмандар мен мүшриктер арасында Хунейн шайқасы болады. Осы шайқастардың барлығында да ораза айын артқа тастаған мұсылмандар Шәууәл айында жаңаша бір күшпен шығып, мүшриктерге қарсы пәрменді соққы бергендігі айтылады. Шәууәл айындағы бұл шайқастарда көптеген сахабалар дін жолында шәһид болды.
4 пікір