Party болсаң осындай бол

Шіркін-ай! Кешегі Астанадағы Домбыра Party бітпей-ақ қойса екен деп едім. Көрген де арманда, көрмеген де арманда деген осындайда айтылса керек. Домбыраны қолдан қолға тартып, таласып, ән айту үшін кезекке тұрдық. Несін айтайын, видеолары шыққанда өзіңіз де көрерсіз.
Бәрі әдеттегідей басталды. Алдымен Нұрғиса Асылбеков пен Алмас Алтайдың әндерін тыңдадық. Қонақ кәде сұрағаным сол еді Дастан есімді бауырымыз суырылып шықты. Шиелінің жігіті екен. Сырдың екі термесін орындап бергенде қол соқпаған жан қалмады. Дастан өрт сөндіруші болып жұмыс істейді екен. Әрі батыр, әрі әнші, сөзге де, іске де бар жігіт екен. Патиді Фейсбуктегі парақшамыздан естіп келіпті.
Сырдың жырлары төгіліп бола берген бойда Нұрбол Ханагат есімді жігіт сұранды. Адамзаттың бесігі, түркінің киесі болған Алтайдың әндерін шырқады. Екіншісін қолқа салып айтқыздық.
Домбыра Party-де алғаш рет ән орындағандардың қатарында үш журналист болды. Алдымен Алматыдан келген қонақ Ертай Нүсіпжанов көше әндерінен шырқады. Өзі көше әндері деді. Қазақстан Ұлттық арнасынан Жайнагүл Төлемісова мен Мөлдір Нұрманның да қара жаяу еместігіне куә болдық.
Party-ді алғаш рет көріп, алғаш рет қатысып, алғаш рет ән айтқандардың бірі Төлеубай есімді ақсақал. Қытайдан көшіп келген қандасымыз екен. Қазір Талдықорғанда тұрады. Астанаға жол түскенде мынадай шараға тап болып, Бәйтеректі де, Хан Шатырды да ұмытып, кетпей ақырына дейін қатысты. Ағайдың домбыра шертуіне де, ән айтуына да ырза болдым.
Осымен үшінші Домбыра Party-ға келіп әнімен тербеп жүрген бұрымды ару Ақнұрға алғыс шексіз. «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Ербол да осымен екінші рет қатысты.
Едіге Алпысбайды да ерекше атап өту керек. Беташар Домбыра Party-де қонақ кәде аз болғанда ауырып тұрғанына қарамай ән салған Едіге кеше де қарап тұра алмады.
Айтып айтпай не керек, кезек Алдан Жылгелдіге де жетті-ау. Досым ғой, бір мақтайыншы. Алдекен ән айтқанда, басқаны қайдам, менің көңіліме бір жайлылық орнайды. Айналаның бәрі бейбіт, мамыражай тірлік құрып жатқандай әсер аламын. Сарыбидайды тербеткенде сілтідей тындық.
Осымен бітіретін шығармыз дегенде сонадайдан жүгіріп үш бозбала жетті. Үшеуі үш домбыраны алып, сөзге де келместен күйді жіберді. Аттарын да сұрап үлгермедік. Білгенім Астанадағы Ұлттық өнер университетінің студенттері. Бірі Ақтөбелік, бірі Жезқазғандық, бірі өзін Арқаданмын деді. Жігіттер қанды қыздырды. Оған дейін де өнерпаздарды көтермелеп, демеп тұрған көрермен, бұл кезде қиқулап, ұрандап, азан-қазан болды. Мұндай перфоманстан кейін Домбыра Party-ді созудың ретін таппай, аяқтай салдық.
Әрбір кеш өзінше ерекше өтуде. Бірінен-бірі озып бара жатыр. Енді келесісі мұнан да керемет болатын шығар. Сіз де келіңіз. Құр келмей қонақ кәдеңізді арқалай келіңіз.
Бөлісу:

13 пікір

Marco
Суреттер қолыма түспей тұр. Түсіп жатса жариялаймын.
aizhan
мммм… күшті! Астанаға жеткенше армандайтын болдық қой астаналық Патиді)
Janasil
Соңғы үш жігіттің Домбыра party-дан хабарлары бар екен. Келіп не бұл деп аңтарылып тұрмады.
ofnur
Көруге арман болған (мен үшін)осы Елордадағы ДПға қатыстым. Керемет болды!!! Ұнады! Сарыарқа көгінде ән шарықтады. Жаны жайсаң жандарды көрдім. ФБдағы «жұлдыздарды», керекшілерді, (мен үшін) мықты блоггерлерді көрдім. Мықты боллллллллллллды) Быраттарға, алғыс шексіз!!!))))))))))))))))))))
torgai
Видео мен фото болса тақырып болушы еді
AKA
Мына жігіттер болса керек, мықты!!!
AKA
Ақтаудың мына жігіті де шебер екен, әртіс дерсің тура!  Керемет орындайды-ай шіркін, менің жақсы көретін әнім
omarbirat
Өз көзіммен көрдім. Бақыттымын
Екі сағат қалай өтіп кеткені білінбей қалды.
salta
видеоны көбірек салсаңыздар дұрыс болар еді. барып көре алмағандардың құлақ құрышы ең болмаса осы жерден естіп қансын))
Basic
қашан басталады осындай патилер
Marco
Бұйырса мамырдың екінші аптасында бастайық
asaubota
мейрамханаларда өткізу тәжірибесі қалай болар екен? үздіктерді марапаттауға болады және ұйымдастыратындарға да тиын-тебен түседі дегендей