Бытықана
Бытықана — су бойында өсетін жәндік. Ара секілді топ болып ұшады, бірақ денелері масадан да кішкентай болады. Еділдің суы көктемде жайылғанда, сумен бірге келеді. Мамыр айының басынан бастап, су қайтқанша — маусымның ортасына дейін болады.
Бытықана Еділден бөлініп шығатын Қиғаш өзенінің бойында тұратын қазақтарға жақсы таныс. Бұл жергілікті халық үшін жыл сайынғы құтылмас науқанға айналғалы қашан, тіпті қалыпты болып кеткен. Бірақ басқа өңірдің тұрғындары үшін бұл катастрофа болып көрінуі әбден мүмкін. Бытықананың шаққан жері көпке дейін қышып, ашып тұрып алады. Бірақ маса шаққандай ісіп, жараға айнала қоймайды.
Қорғану үшін адамдар не істемейді десеңші: бетіне-мойнына масаға қарсы қолданатын майларды, солярканы да да жағады, басына дәкеден жасалған тор да киеді. Бәрібір ебін тауып талайды. Тіпті бір жылдары иттер де шыдай алмай, үйге қашып кіретін. Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, бұл микро-монстрларды ешбір дәрімен қорқыта алмайсың. Халық ойлап тапқан кейбір тәсілдер ғана құтқарып жүр.
Адыраспан
Далада адыраспаннан көп өсімдік жоқ. Мал жемейтін, сасық өсімдік осындайда пайдаға асып жатады. Темір ыдысқа салып тұтатамыз да (темір ыдыс өрттің жайылуына жол бермейді), шыққан түтіннің ығына отырамыз. Бытықана түтінге жоламайды, әсіресе адыраспанның түтінін жек көреді.
Түтікдікті сиырларға да салады жергілікті халық. Әйтпесе олар да бытықанадан көп қорлық көреді.
Жел
Тағы бір пайдалы тәсіл бар: желге қарсы жүрсеңіз бытықана шақпайды. Каспий маңында жыл бойы дерлік жел соғып тұрады. Бірақ бытықана маусымында күн тынып қалатын сәттер болады. «Ысқырма, жел болады» деген халық тыйымы осындайда пайдаға асып жатады. Үлкен-кіші демей ысқырып, жел шақыратын кездер есімде.
Қиғаш өзенінің бойындағы ауылдардың біріне келе қалсаңыз, бытықана болмайтын уақытты таңдаған дұрыс.
Фотосуреттер алынған жерлер: ukusili.ru, news.ngs.ru
желмен құтылатын болғанда, не ғой, желдің өзін де онша жақсы көре қоймайтын едііеееем...))
Сосын адыраспанды мал жейді Қураған кезде жылқылардың қалай күтірлететінін көрсең
Ал Атырауға әзірге масаның өзі үлкен проблема болып тұр.