Есе қайтару немесе кек алу...

Менің ағам бар. Есімі Кенжехан. Мен мектеп табалдырығын аттағанда ол жоғарғы сыныптардың бірінде 9-шы сыныпта ма, 10-шы сыныпта ма оқитын. Қасында сыныптас Дархан деген досы болатын. Екеуі өте бұзық еді. Қазіргі оқушылар сынып-сыныпқа бөлініп төбелесіп жүретіні олардың заманында да бар еді.Бірде ағамның ғашығы Ботаға көрші үйдегі 11 сыныптағы Қайрат ғашықтық сезімге толы хат жазыпты. Ол хат менің ағамның қолына түскен.
Содан көршінің сұмырай ұлы Қайраттан кек алу операциясы басталып кетті.
Сондағы ағамның ойлап тапқан қаскөйлігі үйіміздің жанындағы көрші үйдің ауласын бақылауға мүмкіндігі бар асханамыздың төбесінде жатады. Бірде Дархан болады қасында, бірде мен болам. Шымкенттің 40-50 градустық ыстығында асхана үйдің шатырында тапжылмай жатудың азабын мен де көргем. Сондағысы Қайратты аңду… Бір күні іске көшкен ағам маған майыстырса сынатын сым берді. Ағамның үйретуімен оқ жасауды үйрендім. Сонымен мен жасаған оқпен рогатка деген бір атқыш қарумен Қайрат далаға шықса атады. Арақашықтық ұзақ болған соң ба, көөөөөөөппп атқан оқтардың біреуі ғана нысана Қайратқа дөп тиеді. Ал ол ауласын басына көтеріп жылайды. Көбінде оның бақшада жүргенінде ғана тигізе алады ағам. Сәл жақындау еді. Біздің оғымызды көрмейді ау, үйіндегілерге «мені ара шақты» деп жылайды. Күліп қойсақ, бізді байқап қояды. Күлкіден жарыла жаздап төбеден түсеміз. Ағамның құпиясын ашып қоймауым үшін, ағама тиесілі тәттінің бәрі менің үлесіме тиетін. Апам баласын «бауырмашыл жүрегіңнен айналдым» деп еркелетуші еді. Апам қайдан білсін қызының шантажынан. Кәмпиттерін ағам бермесе, апама, ең арысы Қайратқа айтып берем деп қорқытатынын…
Ағамның қазақ интернеттеріне кірмейтіні қандай жақсы… Біліп қойса, сазайымды тартқызады. Қазір де сол Қайраттан қорқады ма екен сол ағам…
Ой, Бота-ай!!! Бізді осынша әуреге салған…
Бөлісу:

11 пікір

Maka
енді ағаңыз сол Ботаға үйленді ме?))
zhanara2013
аха, уйленген, 3 ұлы бар
Қазір бұзықтық сол үшеуінен артылмайды
omarbirat
11 сыныпта оқитын баланың жылағаны бір түрлі екен. Кәдімгідей жігіт боп қалған кезі ғой
Maka
сынатын сымнан жасалынған оқ, жанына қатты батқан болар)))
omarbirat
Ондай кезімізде бірден боқтаушы едік
zhanara2013
Жаныңа батса, өзің де жылайсың…
zhanara2013
Әлі күнге дейін жылайтындар да бар ғой.
Кішкентай бөпелер ашуланса тістеп алса да жылайсың. Мысалы, қатты тістегені соншалыты бетімде тыртық қалдырған. Жылағам, ия…
Adiletshu
Ол емес 5-6 кластың өзінде таяқ жеп жатсақ та жылауды ар санаушы едік
zhanara2013
Бөтен біреудің алдында жылауды ар санаймыз ғой, бірақ өз үйіңде жылағың келсе аянбайсың ғой, еркеліктің бір түрі…
Arys_arlany
кек қайтару дегенге әнебір әнек есіме түсіп кетті. Купеде екі жолаушы келе жатады. Брі әйел, екіншісі еркек. Жол бойы іші пысқан екеуі бастарынан өткен қызықты оқиғаларын айтады. Әйел отбасында күйеуінің көзіне шөп салатынын, одан кек қайтарғысы келетінін айтады. Оны естіген еркек қарап қалсын ба, «кек қайтару операциясына жедел кірісіп кетеді». Іс біткен, екеуі жатыр, терең демалып. Әйел: «тағы кек қайтарғым келіп жатыр» десе, Еркек: «Мен кекшіл емеспін»))))))))))))))))) деген екен