Жаман айтпапты

Он жеті жасымда келіп едім

Біздің ауылда Қабен деген қария өмір сүрді. Ескіше де, жаңаша да оқыған, сауатты, көрген-түйгені мол адам еді. Қалжыңға да шебер болатын, бір айыбы — өтірікті тым көп айтатын. Сондықтан ол айтыпты деген сөзге сырын білетін адамдар илана бермейтін. Бір жылы ауылға басқа жақтан жас маман, мал дәрігері болып Майдан деген жас жігіт көшіп келді. Ол кезде Қабен атамыздың жетпістен асып кеткен кезі. Бірде әлгі жігіт Қабекеңмен әңгімелесіп отырып:
— Ата, осы Күршім өзенінің бойында тау сарымсағы өседі дейді ғой, рас па? – деп сұрапты.
— Рас, — деп жауап береді қария, — мен оның әгірөт (огород) болып өсетін жерін білемін.
— Барсақ қайтеді?
— Барайық!
Содан екеуі ветврачтың екі атын ерттеп мініп, азық, сусындарын алып жүріп кетеді. Межелі жерге жеткен соң сай-саланы ары шарлайды, бері шарлайды, бір түп те сарымсақ табылмайды.
— Өй, ата, — деген екен бір кезде әбден шаршаған Майдан, — әлгі әгірөтіңіз қайда?
— Келмегелі көп болып еді, ұмытыңқырап қалыппын, — деп сырғақтата жауап береді қария.
— Соңғы рет қашан келіп едіңіз?
— Он жеті жасымда әкеме еріп келіп едім…

Көлік жоқта «Москвич» те мәшине екен ғой

Бұл әңгімені Әбілмәжінов Қайролла ағамыз айтқан болатын…
— Теректіден шығып, Күршімге беттеп келе жатырмыз. Шекарашылардың тексеру бекетіне таяғанда алдымызда кетіп бара жатқан ескілеу «Москвич» автомобиліне 13-14-тер шамасындағы бір бала қол көтеріп тоқтатты да, отырып кете берді. Біз соңынан еріп келеміз. Жарты шақырымдай өткен шамада әлгі мәшине кілт тоқтап, жүргізушісі түсе қалды. Түскен бойда екінші жақтағы есікті ашып, әлгі баланы суырып алды да, жол шетіне қарай итеріп кеп жібергені. Анау тоңқалаң асты. Бұдан соң әлгі рульге отырып, көлігін бар күшіне салып айдай жөнелді.
Біз тоқтап, үсті-басын қаққыштап тұрған баланы отырғызып алдық. Отырар-отырмаста «Не боп қалды?» деген сауалды жабыла қоймаймыз ба.
— Ағамыздың мінезі жаман екен, — деп жауап берді әлгі жүгірмек, — отырып алған соң «Көлік жоқта «Москвич» те мәшине екен ғой!» деп едім, шабына шоқ түскендей болғаны…

Иттің басын ұстап көрсең қайтеді?


– Сен ел басқарып отырған адамсың. Ағайындығыңды айтпағанда, жасы үлкен ағалығың бар. Ана балаға ақылыңды айтсайшы, қаптап жүрген қазақтың қызы бұйырмай, кәріс қызына үйленбек болып жүр ғой. Мені тыңдайтын емес, мүмкін сенің ақылыңа көнер, – деп көмек сұрайды ауылдасы. Сонда Мұрақаң оған ақыл қосып, тоқтау айтудың орнына:
– Әй, Шәке, сенің осы баяғыдан бері қазаққа құда
болып, қойдың басын ұстағаның жетеді емес пе? Енді бір кезек кәріске құда болып, иттің басын ұстап көрсең қайтеді?! – деген екен.

қалған айтқыштардың айтқандары мынажерде, бәрі біздің жақтың айтқыштарының айтқандары
Бөлісу:

2 пікір

torgai
Москвичті өлтірген екен. Қайта артында сендер келе жатыр екенсіңдер)))
bake
Өзен бойында тау сарымсағы өсуші ме еді?