Екі рет жеңіс әкелген тұмсық немесе Отан қорғаушылар күніне оффтоп
Мүйізтұмсықтың мүйізі.
Әлі күнге дейін мүйізтұмсық мүйізінен жасалынған ыдысқа у қосылған шарап құйылса бұрқылдап қайнайды, мүйізден жасалынған ұнтақ ауыр толғақ кезінде оңай босануға көмектеседі, оба ауруын емдеп жазады, адамды жасартып, терісін балғын етіп, бет жүзінің әжімін кетіріп, ең бастысы еркектің қуатын қалпына келтіріп, күшіне күш қосып айғыр етеді деген сенім бар, наным бар, қысқасы сондай соқыр дүмшелік бар. Осы себепті де мүйізтұмсықты аулап, мүйізін жұлып, не қырқып алып, одан қанжарға сап жасап, не ішін ойып қуыс етіп, шарап құйып ішеді, ал бұтағы оянбай қиналып жүрген бейбақ болса, мүйізін ұнтақтап күнде ішеді. Сонымен, әлем халқы, соның ішінде Орта Азия тұрғындары, араб елдері әсіресе Қытай медицинасы құдайдай көріп, сеніп келген мүйіз расымен де сонау мифологиялық кейіпкер Дарамүйіздің (единорог) ұрпағы ма?Мүйізтұмсықтың мүйізі-ешқандай да сүйекті зат емес, талшықты зат. Бір-біріне қабыса,өріле, тығыз бірігетін кератин депи аталатын талшықтардан құралады. Көшеде кеуіп жататын аттың тұяғын көргендер бар шығар. Сондағы ат тұяғының неден тұратынын білген адам мүйізтұмсық мүйізінің де құрамын біледі. Ат тұяғы не, мүйізтұмсықтың мүйізі не, екеуі де бір құрамға ие, кератин деген заттан тұрады.
Кератин-бұл ақуыздың түрі, адамның шашында да, тырнағында, жануарлардың тұяғында, құстың қауырсынында, кірпінің тікенінде де, тіпті тасбақаның сауытында да бар. Мүйізтұмсық мүйізінің ерекшелгі сол, оның мүйізі толықтай дерлік кератиннен жасалынған. Айырмашылығы сол, үй жануарлары, арқар, антиолопа секілді мүйізді тағылардікіне қарағанда мүйізі бас сүйекке бекітілмейді, яғни сүйекке бекитін серіппе жоқ, тек тұмсық сүйегіне тері арқылы жабысады. Жас мүйізтұмсықтың мүйізін кесіп тасатағанда қайта өсіп шығады. Мүйізтұмсық өз мүйізін не мақсатта пайдаланатыны анық белгілі емес, қорғаныс үшін өзі де қолданбайды. Мүйізі кесілген аналық мүйізтұмсық өз баласына қарамай қойған, ұрпақ жалғастырмай қойған жағдайлар кездескен.
Мүйізтұмсықтың жойылу себебі сол өзіне қажетсіз мүйізінің кесірінен болады. Қытай медицинасы әлі күнге дейін мүйізге деген көзқарасынан айнымай келеді. Олар мүйізді өте мықты афродизиак деп есептейді. Ал ғылым мұны жоққа шығарады.
Объективке ілінген алыптар
Жыл сайын өткізілетін World Press Photo байқауы бар. Дүниенің түкпір түкпірінен фотографтар өздері түсірген фотоларын осы байқауға жолдайды. Бұл байқаудың жүлдесі де көп, әр жылы алуан тақырып бойынша жүлдегерлерін анықтап, орын беріп, жеңімпаз суреттердің әлемдік жылжымалы көрмесін ұйымдастырып, сол суреттерден құралған альбомдарын сатып жатады. Жылда тынысын байқап жүремін. Алайда, объективтілігіне сеніп кете бермеймін. Көбіне бас жүлдені мұсылман елдеріндегі әбіржіген, зұлматқа ұшыраған қоғам мүшелерінің суреті иемденіп жатады. Әлем назарын аударту үшін дұрыс та шығар. Көбіне табиғат бөлімі бойынша берілетін суреттерді бақылаймын, соларға қызығамын. 2012 жылғы қорытындыда табиғат сериясы бойынша бас жүлдені Брэн Стиртонның (Brent Stirton) «Мүйізтұмсық соғыстары»(Rhino wars) атты фоторепортажы жеңіп алды. Сонымен:Мүйізтұмсық мүйізін аулауға тиым салынғанына қарамастан, сұраныс өсіп келеді. Оған себеп бұрындары тек байларға ғана қолжетімді болып келген мұндай қымбат затты қазіргі азиялық орта таптың да сатып алуына шамасы жетеді. Бір жағынан, билік те бұл заң бұзушылыққа көз жұма қарайды.©Брэн Стиртон, «Мүйізтұмсық соғыстары»
Мүйізтұмсықтың мүйізін негізінен безгек ұстағанға қарсы дәрі ретінде, не антитоксин есебінде де қолданады.Вьетнамда мүйіздің 100 граммы жергілікті халыққа 1865 еуроға, ал шетелдіктерге 6340 еуродан астам бағаға сатылады. 2011 жылдың өзінде Оңтүстік Африкада 400 ден аса мүйізтұмсық өлтіріліп, әлемде 16 000-ға жетеғабіл мүйізтұмсық қалған.
29 сәуір 2010
Бұл қара мүйізтұмсықтың мүйізін браконьерлерден сақтап қалу үшін мал дәрігері кесіп тастаған. Сонда да кейіннен браконьерлер оны төрт жерінен атып, жаралап, қалып қойған мүйіз тұқылын жұлып алып, қансырап жатқан қалпында тастап кеткен. Қорықшылар тауып алғаннан соң жарасын тазалап, антибиотиктер беріп емдегенмен, мүйізтұмсық оңала алмай, аз күндерден кейін өлген.
09 қараша 2010
Оңтүстік Африканың Тугела (Tugela Private Game Reserve) қорығындағы мүйізтұмсықтың аналығы. Браконьерлер мүйізін шынжыр тісті арамен аралап алған. Аталық мүйізтұмсық оны өз қорғауына алды.
09 сәуір 2011
Жекеменшік Selati қорығындағы мүйізтұмсықтың өлі денесі. Ұстап алғаннан кейін, мойнына темір сым байлап, мүйізін алғаннан кейін өлтіріп тастаған
01 мамыр 2011
Hluhluwe-Umfolozi Game Reserve қорығындағы бұта арасында баласымен бірге жүрген ақ мүйізтұмсық. Бұл қорықта бас-аяғы 2300-ге тарта мүйізтұмсық бар
26 наурыз 2011
Мусина қаласына таяу маңдағы Дейви Грюнвальдтың жеке фермасы. Таңертеңгілік аңшылықта ұсталған мүйізтұмсық терісін тұздап жатыр. Оңтүстік Африка басшылығы кей мүйізтұмсықтарды аулауға рұқсат берген.
11 сәуір 2011
Дейви Грюнвальд,әйелі және ұзын саны 11 мал дәрігер мен аңшылар Оңтүстік Африка, Мессина қаласының соты алдында жауап беруде. Оларға жойылып бара жатқан жануарларды сақтап қалу жөніндегі Заң талаптарын бұзды деп айып тағылған. Оған себеп: Грюнвальдтің жеке фермасы аумағынан оның алдын қорықтан жоғалып кеткен мүйізтұмсықтардың өлекселері табылған. Ал енді жауап беріңдер, импотенттер!
02 сәуір 2011
Браконьерлерге қарсы күрес халықаралық қауымдастығының мүшесі Африка даласында қорық қорғаушыларына браконьерлермен қарсы тұру бойынша үйрету сабағын өткізуде
25 наурыз 2011
Оңтүстік Африканың, Клерксдорп қаласындағы аңшы фермасы. Мал дәрігері ақ мүйізтұмсықтың мүйізін алдын-ала алып тастап жатыр. Бұл іс браконьерлерлерден сақтап қалу үшін жасалады.
07 қараша 2010
Қара мүйізтұмсықты көлікке артып, мүйізтұмсықтар үшін қамқор мекенге айналған Hluhluwe-Imfolozi Game Reserve қорығына алып бара жатыр.
13 маусым 2011
Кениядағы Ol Pejeta Conservancy қорығы. Браконьерлікке қарсы күрес тобының адамдары мына солтүстіктік ақ мүйізтұмсықты тәулік бойына күзетеді. Әлемдегі тірі делінетін жалпы саны сегіз солтүстіктік ақ мүйізтұмсықтың төртеуі осы қорықта. Бұлар жойылып бітуге жақын түрге жатады
06 қазан 2011
Вьетнам, Баолак қаласы. Мүйізтұмсықтық мүйізін ұнтақтап жатқан әйел. Оның айтуынша, мүйіздің ұнтағы бүйрегіндегі жиналған тастарын ерітіп, құлан таза айықтырған-мыс.
Осы жеңісінен кейін, Брэн Стиртонның шығармашылығына деген қызығушылық пайда болып, фотосуреттерін көргенде құрметім тіптен артты.Фотожурналистикаға өз ырғағын ала келген фотографтың объективінен өткен фотолар тым ауыр. Алдағы уақытта жеке шығармашылығына арнап бір жазба жазамын деген де ой да келіп жүр. Сайтына өтіп, үңілуге болады.
Мұның алдын сонау 1992 жылы Майкл Ганзе (Michel Gunther) атты фотограф Табиғат категориясында мүйізтұмсық туралы фотосымен 3-орын алғанды. Ол сурет міне:
Африкадағы қара мүйізтұмсықтардың көбі Зимбабве аумағында шоғырланған. Браконьерлерді тоқтатамыз деген әрекеттердің барлығы сәтсіз аяқтала бергеннен кейін, Зимбабве үкіметі мен Бүкіләлемдік жабайы жануарлар қоры бірлесіп, браконьерлердің көз құртына айналған сол мүйіздерді өздері кесіп алуды дұрыс деп тапты. Яғни арнайы мамандар мүйізтұмсықты ұстап, оған зиян келтірмейтіндей етіп, медициналық жолмен мүйізін қиып алады. Мүйізсіз мүйізтұмсық-браконьерге керек емес. Мүйізге деген сұраныс жоғары. Оны потенциядан емдейтін дәрі ретінде медицинада және сувенирлік, әшекей зат есебінде тұрмыста қолданады.
Түсінгенім, мүйіздің құнды болу себебі ол потенциядан емдеп, импотент болу қаупін сейілтіп, не сол импотент болып қойғанды сол жаман аурудан арылтады екен. Ғылым мұны мойындамайды, АҚШ, Еуропа медицинасы да жоққа шығарады. Адамлардың қай-қайдағы нәрселерге сеніп, культ жасап алуын мазақ етеді.
Ертең-Отан қорғаушылар күні. Әлімсақтан келе жатқан түсінік кері айналып кетпеген болса, Отан қорғаушы ол-ер адам. Өткен жылы Мырзакерім Алшынбаев: "Қазақстандағы ерлердің 70%-ы сау емес: 30%-ы белсіз, 42%-инфекциялық аурулармен ауырады, емделу керек" деген сипатта мәлімдеме жасап, дүңк еткізді. Сыйы бар, елдегі бас урологтың сөзі бұл. «Еркекпін, урологтың алдына баруды намыс көремін» деп жүрмей, тексерілу қажеттігін айтады. Бұтағы семіп қалғанша жүре беру расында да дұрыс емес.
Барлық фотосуреттер World Press Photo байқауының сайтынан алынды
5 пікір