Оздырдым-ау әйтеуір...

Қазақты жылқысыз және домбырасыз елестету қиын. Біздің жақта Жолдыбай атты атбегі кісі бар. Сонау Кеңес заманынан бері қосқан аты бәйгенің алдын бермеген деседі. Біз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы, екі мыңыншы жылдарға дейінгі қосқан жүйріктерін көріп жүрдік. Оның қосқан атынан ат оздыру деген керемет мәртебе еді. Ол мәртебеге біздің ауылда менің ағам Ахмет және Жолтай деген құдамыз ғана ие болды. Ахмет ағамыздікі анық оздыру еді. Ол кісінің қосқан жүйріктері де бәйгенің алдын бермейтін болып шықты. Кішкентайымнан өзім бәйгеге шапқан буырыл атының әр аяғына құлынды бие байлаған Жолдыбайдың бетін қайтарғанын өз көзіммен көргенмін. Дегенмен, біздің айтпағымыз басқа әңгіме.
Енді, Жолтайдың Жолдыбайдан ат оздырған оқиғасына келейік. Бақ дегеніміздің өзі құс секілді ғой. Біреудің басына ұзақ қонады, біреуге тіпті қонбауы да мүмкін. Жолдекеңнің бағы тайды дей алмаспыз. Бірақ, бір жылдары қосқан аттарының бәйгеге ілікпей қалған кездері болды. Аттары көңілінен шықпаған соң, Жолдекең басқа жақтан жылқы сатып әкеледі. Ол жылқысын баптап, біреудің алпыс жылдығана ма әйтеуір бір дүбірлі тойға қосады. Ол тойға Жолтай құдамыз да үкілеп бір ат апарады. Шамасы 40-50 ат шапқан бұл бәйгеде Жолтай құдамыздың да Жолдыбайдың да аты ілікпей қалады. Бірақ та осы жарыстан соң біздің ауылда «Оздырдым-ау әйтеуір» деген сөз тіркесі пайда болды. Мәселенің мәнісі былай екен. Жолтай құдамыздың аты бәйгелі болмаса да атақты Жолдыбайдың атының алдында келіпті. Мұны көрген Жөкең «Жолдыбайдың атынан оздырдым-ау әйтеуір» деген екен-міс…
Бөлісу:

5 пікір

neoaskar
Жаздым-ау әйтеуір, қызық әңгіме екен. Негізі барлық уақытта бірінші болу табиғатқа қайшы келеді екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір түйесі бар екен. Ылғи да жарыстан бірінші келіпті. бір күні бір жарыста сол түйесі екінші келген екен. сонда сахабалардың көңіл күйі түсіп, бұл қалай болды, деген ой мазалайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл да Алланың әмірі. әрдайым бірінші болу табиғатқа жат. Сондықтан түйе екінші келді» деген екен. көп адамдар өмір бойы алда болуды қалайды. сондықтан қолда барға шүкіршілік етіп, қанағат тұту керек екен. Жеңілгеніңді мойындау да — үлкен жеңіс.
torgai
Жеңілмесең — тоқмейілсіп, өз шамаңды білуден қаласың. Оның арты — биіктен оңбай құлауға соқтыруы мүмкін.
torgai
Жеңіске ұмтылу — күрескерліктің белгісі. Бірақ, жеңіс — жеңілгендерді табалау болмау керек.
temir1986
Жолтайдікі бақталастықтың әңгімесі ғой.