Тавтология 2.0

басы
Тавтологияға жол берген журналистің бәрі бірдей дарынсыз емес. Менің ойымша мұның басты екі себебі бар: уақыттың тапшылығы мен еріншектік.
Тележаңалықтар – конвейер. Кейде мәтінді көркемдеу түгіл, эфриге үлгерудің өзі мұң. Уақыт аздығының емі – тәжірибе. Жүзуді жүзіп үйренетіні сияқты, жазуды да жазып үйренесіз (не деген тавтология).  

Алайда тәжірибелі тілшілер, редакторлар, шеф-редакторлар, жүргізушілер де тавтологияны байқамай қалып жатады. Бұл енді нағыз еріншектік! (Жасыратын не бар, менің де мәтіндерімде кездесіп тұрады) Әйтпесе, мәтінге ат үсті көз жүгірткенде-ақ қайталанған сөздер, қисынсыз теңеулер бірден көзге түседі. Ендігісі тек осыларды өңдеп шығу. Дарынның түк қатысы жоқ. Еңбектенген адам оп-оңай істей алады.

Алдымен, тавталогияны қалай анықтауға болатынын қарастырып көрейік. Сөздердің қайталануы түсінікті. Оны байқау үшін жақсылап оқып шығу жеткілікті. Қиыны бір мағына беретін сөйлемдерді табу.
Мысал: «Бүгін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада кәсіпкерлермен кеңес өткізіп, шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқандығын алға тартты. Президент экономикамыздың қуатты, саясатымыздың тұрақты болуы үшін отандық бизнеске барынша қолдау жасап, кедергілерді жою керектігін жеткізді».

Формула құрып көрелік: x=y – бұл тавтология
Х = мемлекет бизнес өкілдеріне жағдай жасауда
Y = отандық бизнеске барынша қолдау жасау
Екі сөйлемнің түпкі мағынасы өте ұқсас. Тіпті тең, олай болса x=y. Егер тавталогияны табу қиын болса әдепкі уақытта осындай формула қолданыңыз.
Бірақ, бұлай әурелену қажет пе? Оңайы төмендегі әдістер.

Дауыстап оқу. Әріптесім Елана Кливецтің айтуынша, тавтология радиожурналистердің тілінде өте сирек кездеседі. Себебі, қаруы тек сөз болатын олар әрбір мәтінді дауыстап оқып, тыңдап көреді. Сеніңіз, жазбаңызда қайталаулар көп болса, өз құлағыңызды аяй бастайсыз.

Визуалды әсер. Өзіңіз пайдаланатын Word немесе басқа редакторларға үйреніп кететініңіз сонша, көзді шел басып, қарапайым қателіктерді байқамай қаласыз. Мұндай жағдайда беттің түсін, шрифттің көлемін, формасы мен бояуын өзгертіп бір оқып шығыңыз. Қалалық арнада шығарушы редактор қызметінде жүргенде текстерді осылай тексеретін едім. Көмегі бар.

Сөздік қор. Шындығында лексиконыңыз бай болуы міндетті емес. Тележаңалықтарда қарпайым, түсінікті, жиі қолданылатын сөздер маңызды. Сондықтан кейбір теңеулерге балама таба алмасаңыз оны мүлде өшіріп тастаңыз.

UPDATE
Артыңа қарап жібер. Артыңа қара болғанда, өткенің дегенім ғой. Бұл тек тавталогия емес, жалпы кемшіліктерді жоюдың тамаша тәсілі. Осыдан 1-2, 8-9 жыл немесе 1 ай бұрын жазған материалдарымды қарап, кейде күліп, кейде лоқсып алатын кездерім болады. Есесіне, келесіде одан жақсы жазуға тырысасыз.

(Қателеспейтін адам жоқ. Менің де қателерім көп. Және түзеткен адамға алғыс айта аламын.)
Бөлісу:

6 пікір

Marco
Кеңестеріңіз болса бөлісе отырыңыздар
Marco
Update жасап жібердім. Мүмкін тағы қосармын.
omarbirat
Тақырыпқа қатысы болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін.
Твиттерде еш қысқарту әдістерін қолданбастан твит жазу сөйлемдерді ықшамдап, тек керегін қалдырып жазуға мүмкіндік береді. Шектеулі орын берілгенде сөз үнемдеудің неше көкесін көруге болады: сөйлемді барынша ықшамдағаныңмен, айтар ойыңды да жеткізу керек. Қысқартылған сөздердің әдемі көрінбеуі сияқты эстетикалық жағын да елемеуге болмайды
ken
«Бірі һәм бірегейі» туралы.
Осы тіркесті (осындайды «тіркес» дейтін бе еді?) қазір көп қолданады. Гуглге осыны жазсаң, мысалдың мыңы шығады. Сол мысалдардың бірі (бірақ бірегейі емес): «Жүрсін Ерман – танымалдығы бойынша алдыңғы қатардағы ақын ағаларымыздың бірі һәм бірегейі».
1. Ж.Ерманды алдыңғы қатардағы ақындардың бірі дейді де, сосын бірегейі дейді. Түсініңкіремей отырғаным — бірі ме, жоқ әлде все таки бірегейі ме? Егер «бірі» болса, демек басқа да алдыңғы қатардағы ақындардан артықшылығы жоқ, солармен тең деген сөз. Ал «бірегейі» болса, онда басқа алдыңғы қатардағы ақындардан ерекше һәм дара деген сөз. Екі сөз бір-біріне қайшы мағына береді. Қайшы екенін Гуглге бірі емес, бірегейі деп жазу арқылы көре аламыз.
2. Жоқ әлде бұл жерде «бірі» деп (қатарынан ерекшеленбейтін деп емес) жәй ғана «сол топтың (алдыңғылардың) қатарынан» екені айтылып отыр ма екен? Олай болған жағдайда, ақыры біреулердің ішінен «бірегейі» екені айтылса, онда ол адам сол топтың қатарынан екені (бірі екені) онысыз да түсінікті болады емес пе?

Бірінші жағдайда — қарама-қайшылық. Екінші жағдайда — сөзді көбейту, тавтология.
torgai
Сынды түсінетін де, түсінбейтін де адам бар. Өзіме талай айттың ғой сынды. Оқасы жоқ, қабылдап жатырмыз. Одан кем болып қалғаным жоқ. Бір жағынан, әзірге «жал бітпегеннен» де шығар.
zholantai
тавтологияға мән беруді доғардым, ойға қай сөз келеді, соны қонжитамын