Жолдар, жолдар...
Жолдар, жолдар… сен — көнекөз қария,
Ойларыңды айта алмайсың жария.
Жырлар болсаң там(ы)ры терең тарихты,
Жанардан жас ағар бейне дария.
Екі бөлек бұрынғың мен бүгінің,
Оның да бар шығар бәлкім сыры мың.
Шаршатты ма сені көлік дыбысы,
Сағындың ба тұлпарлардың дүбірін?
Құшақтар ем, сыймайсың-ау құшаққа,
Өтті сенен ірілер де, ұсақ та.
Құстар сенің самғайтұғын көгіңде,
Бүгін қатар қалықтайды ұшақ та!
Ойлап жатпас енді бірақ оны ешкім,
Көрдің екен қанша түрін соғыстың?
Жыландайын ирелеңдеп, созылып,
Тағы да бір өзге жолмен тоғыстың.
Жаным жалғыз, жабырқаулы болғанда,
Қашып кетем ой дейтұғын орманға.
Шексіз алғыс барар жерге апарып,
Бағыт берер тарам-тарам жолдарға.
Бақыт деген құс та емес қолдағы,
Жәндік емес қашып кетпес тордағы.
Жердегі жол сүріндірсе түк етпес,
Өмір жолы сүріндірмесе болғаны,
Маңызды емес, маңызды емес қалғаны…
9 пікір