Аутсайдердің түйгендері #bckz13

«Барған да, бармаған да арманда» деп осындайда айтылса керек. Қалың ел [блоггер атты] жыл сайынғы дәстүрлі құрылтайына барып келді. Бара жатқанда, препатиде, патидің өзінде, автепатиде әр түрлі суреттерін жариялап қанды да ішті, тұзды да жалатты. Иә, сырт көзге қарағанда алдыңғы екі жиынға қарағанда, осы жиын тамаша өткен секілді. Кәдімгідей ел боп қалыппыз, кәдімгідей мықты ұйымдастырылған. Санамаламай-ақ қояйын, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген барлық қыз-жігіттерге ақ алғыс.

Ал енді «сырт көз» демекші, сырттан қарап отырып мынадай бір ойларды түйгенмін, соны ұсыныс ретінде ме әлде жеке пікірім ретінде ме айта өтуді құп көрдім.

Сонымен:

  • Шыны керек, қанша блоггер жиналса да Астана Интернет Форумындағыдай туиттер жарылмады. Туиттерге жеке өзіне бір адам, құрылтайдың ФБдағы парақшасына бір адам, блогкэмп сайтына бір адам отырғызу керек екен.
  • Ілмектің #bckz13 екенін A4 қағазға жазып, блоггерлер отырған жердің төрт бұрышына іліп қою керек. Атамекен Стартап кезінде олар сөйткенін көргем. Әйтпесе әркім әртүрлі жазып кетті.
  • Ілмектің фидын, яғни тізбегін сайтқа шығаратын бір тетіктер болу керек, қателеспесем. Соны пайдаланып, оны да сайтқа шығару керек сияқты. Сонда реалтайм жаңару болып тұрады.
  • Блогкэмп сайтына болып жатқан шараның уебтрансляциясын басқы бетке шығару керек.
  • Алдыңғы екі құрылтай мен Астанадағы форумда және ҚазСРК кезінде болғандықтан түйгенім, үлкен жиынға келгенде, бұрын-соңды көп ешкімді реалда көрмегендер бар қызықтан құр қалатындай сезімде жүріп, туит жазудан, ыстық нүктеден ақпарат беруді бірден естен шығарады. Осыны ескере отырып, енді келесі құрылтайда осыған дейін елдің барлығын [Барлығын болмаса да көпшілігін] көріп, танысып болған Назгүл, Патик, Қисық, Розкабай, Айкона, Мейіргүл, Еркеқыз, Қалдықыз, Аршат, Конвикт, Ербол, т.с.с. сияқты «динозаврлар» осы шаруаны қолға алса. Яғни оқиға орнынан жедел ақпарат таратып отырса.
  • Серікқазы Кәкібала атты ағамыз бар. Таныстырып жату артық болар. Сол ағамыздың "Қазақ Интернеті" атты қоғамдық ұйымы бар. Ендігәрі құрылтайға қатысты, жалпы ҚазНетке қатысты барлық шаруаны сол ұйымның атынан жүргізсек? Бұл өз кезегінде демеушілермен қарым-қатынас кезіндегі ресми істерді реттеуге жақсы болады деген ойдамын.
  • Осы "Қазақ Интернеті" атты қоғамдық ұйымның жанынан қор құрсақ? Осы ұйымның ерікті мүшелері ретінде сол қорға әркім өз жағдайы келетін шамада ай сайын қаражат аударып отырса? Айталық, 100 блоггер болсақ, айына 1000 теңгеден аударсақ, бір жылда 1 200 000 теңге қаражат болар еді. Ал ол қаражатты құрылтайды ұйымдастыру алқасын құрып, соның шаруасымен жүргендерге жолақы, ақылдасу кештерінің шәйақысын, анау-мынау жүгіру кезіндегі ақысын өтейтін, блогкемп сайтының хостингі мен доменін көтеретін (тиын болса да), уебтрансляция жасағанда iframe-ді блогкемп сайтына орналасу ақысын, сондай-ақ осы шара барысында туындайтын барлық жұмыстардың шығыны осыдан төленсе.
  • Мүмкін ол 100 блогшы 2000 не 3000 теңгеден айына аударсақ, кешегідей футболканы лақтырып кететіндей, жалғыз Батырдың қалтасына түсетіндей жағдайда, тіпті керек болса еш демеушісіз өтетіндей, планшеттер мен азын-аулақ стартаптардың да қаражатын көтерердей ақша жиналар еді.
  • Сосын мен сияқты жердің бір жерінде пойызбен келуге уақыты жоқ, ұшақпен келуге қаражаты жоқ адамдар үшін [егер ол шеберлік сыныбын не баяндамашы болса] жол ақысы төленетін болса. [Міне, осы жерге келгенде барлығыңыз: «Манадан бері айтпағың осы ма? Ееее, түсінікті болды ойың» деп қара мысық жүгірткен жоқ деген сенімдемін. Ондай ойдан ада болыңыздар!]. Шыны керек, пойызбен барып-қайту үшін уақыт тым көп кететін болды. Оның үстіне мен отбасыммен бармақ ниетте болдым. Бұл енді кәдігідей проблема етін. Менің бұл жағдайымды бір кездері құрылтай Ақтауда болғанда Алматыдан, Шымкенттен келетіндер анық түсінер. Сол кезде бір Тимурдың келмей қалғаны ештеңе емес, Алматыдағы пішен блоггер келмей қалғанда бұл анық мәселе болады.
  • Асхат құрдас құрылтай кезінде туиттерге «Сонша блоггер жиналып ақыры не түйін болғанын жазбады» деп еді. Осы уақытқа дейін қанша баспасөз бен блогтарда рептер жазылып жатса да Асхаттың сол айтқаны әлі орындалмады. Жыл сайын кездесеміз де тоқетері айтылмай қалады. Бұл мәселені де Аршат, Назгүл, Нұрғиса секілді тісқаққан блоггерлер қолға алса деймін. [Өзімнің басымды алып қащып жатқан жоқпын, үлкендерге, алдыңғы толқынға жол беріп жатқаным]
  • Жалпы Асхат сол кезде құрылтайға қатысты, блоггинг, блоггерлерге қатысты біраз сұрақ қойды. Солардың барлығы ашық қалды. Оған ауызша не жазбаша жауап берілсе, кейінгі толқын үшін біраз бұлт сейілер еді.
  • Блогкемп сайтынан ба, әлде осы керекинфодан ба "Құрылтай кемшіліктері" атты бір бөлім ашу керек сияқты. Әйтпесе әр жер, көр жерде біреулер бірдеңе деп күңкілдеп, не нақтысын айтпай, не мақтауын айтпай, әйтеуір бірнәрсе дегісі кеп жатыр. Қаласа, солар келіп жазсын мына жұрттың назарына. Есесіне жауабы берілер не келесі жиынға сабақ олар.

Бұл енді дәл қазір ойыма келгендер. Мүмкін болса, толықтырармын. Болмаса, осы.

Айтпақшы: осы құрылтайда маған ееееең ұнағаны Талғат Байназаров бауырымның Аршат пен Ерболға сыйлық ұсынғаны болды [Маған ақпарат солай жетті, рас па?]. Қазақтың марқасқа жігіттері бір-бірін осылайша көтермелеп, марапаттап жатса, "Өсер елдің баласы, бірін-бірі батыр дер" деп осыны айтқан болар. Бәрекелді. Шын қуандым. «Келесіде үлгі қыларлық әрекет екен» деп түйіп қалдым.

Осы!

Айтпақщы #2: "Қазақ Интернетіне" менің еш қатысым жоқ, Серікқазы аға да мен білсем адай емес. Сол үшін де тағы да қара мысық жүгіртпеулеріңізді өтінемін. Бұл тек арамызда жүрген ағамыздың тым жақсы ұйымын неге пайдаланбасқа деген сұрақ еді. Аты да, заты да керемет. «Медиалабтықтар» мен басқалар еш ренжімесін. "Қазақ Интернеті" қанша дегенмен қазақ интернеті ғой. Баршамыз соның астына жиналсақ, мықты күш болар едік.
bk
Бөлісу:

25 пікір

konvict
Келісемін. Сосын менде бір ой бар. Егер мүмкін болса келесі блогкэмпке Асхат ағайды арнайы шақырсақ.
twitter_499519729
Фейсбукқа жаздым, бірақ көпшілік оқымаған сияқты көрінді.

БЛОГКЭМП ЖАЙЛЫ…

Шымкентті көрдік. Қонақжайлылығына риза болдым. Жақсы күтіп алды, жақсы шығарып салды. Әкім жақсы сөйледі, тауға барып демалдық. Телефоным бұзылып, интернетім болмай бір тынығып қалдым.

ОНДАҒЫ ІС-ШАРАЛАР ЖАЙЛЫ…

БлогҚұрылтайда Аршекең блог жайлы айтуды бастады. Сол жері ғана жұртқа (жұрт дегеніміз жаңадан БлогКэмпке келген шәйнектер) қызық әрі пайдалы болды. Ары қарай өзіміздің ішкі тақырып боп кетті. Сайттың функционалдық мәселесін қайдан түсінеді олар, блог пен сайттың ерекшелігін білмей отырып. Монетизация дегенді Ернар, Эльвира сияқты сайты бар адамдарға айтпасақ, қалғандарын ұқпайды әңгіме не жайлы екенін. Шет ел тәжірибесі жақсы болды, бірақ нақты шет елдегі блог жайлы бірдеңе ұқпадым. Газет жайлы айтып кетті ме, өзінің жұмысы жайлы айтып кетті ме бірдеңе боп кетті.

ТАУ ЖАЙЛЫ…

Тауға бардық. КерекИнфоның жігіт-қыздары бөлек жүреді, Массагет бөлек, Айтабер бөлек. Тамақ жегенде де, суретке түскенде де бөлек. Тауға шығып басқалармен танысу дегенді қатты байқамадым. Әркім өз танысынан ажырай алмай қалды. Түнімен мафия ойнады, ішілмейді деген арақ ішілген екен адамдардың айтуы бойынша. Еее, айналайындар, бұл жер мафия ойнайтын немесе кайфушалайтын жер емес, БЛОГҚҰРЫЛТАЙ ғой.

МЕНІҢШЕЛЕР…

Меніңше былай болу керек еді, КерекИнфо, Айтабер, Массагеттің қасқыр блогерлері бөлініп, шәйнектерден 10-15 адамнан өз командасына, бөлек аудитория ма, бөлмеге ме алып, соларға блог жазуды, сайт деген не, интернетте пайдалы не жасауға болады соны үйретіп, өзінің жазбаларын, мастер-классын көрсетіп, тәжірибесімен бөлісу керек еді.

Сөйтіп, бәрі жиналып, командалар арасында сайыстар, танысу үшін блогпен байланысты ойындар ұйымдастырылу керек еді. Сонда ғана жаңадан келген қонақтар бірдеңе түсінер еді. Әйтпесе, кетер кезде көпшілігінен сұрадым, дым түсінбеген.

Өз басым Facebook-тың қыр-сырларын үйрете алар едім, егер Біркөлікте прожектор болғанда.

Жалпы, ұйымдастырушыларға рахмет. Қанша демеуші тапты, жүгірді жорытты. Бірақ бағдарлама жағын келесіде жүйелі, салмақты құрастырсақ.

КЕЛЕСІ БЛОГКЭМП ҚАЛАЙ БОЛҒАНЫ ЖӨН???

* максимум 50-60 адам жиналса, оның ішінде 10-15 тәжірибелі блогер болса, сол кезге дейін блог жүргізіп келген, блогты жұртқа түсіндіре алатын. Қалғандары арнайы іріктеуден өткен жас блогерлер болса;

* әлемдегі мықты блогерлердің кітаптарын оқып, блогтарын талқылап, соны қазақ блогосферасына енгізуді қарастырсақ;

* сайттардың стараптарын БлогКэмпке араластырмай, оларға арнайы Стартаптар байқауы ұйымдастырылса;

* әлеуметтік-саяси мәселелерге өзінің объектив көзқарасын білдіретін, нақты тақырып бойынша жазып жүрген тәуелсіз блогерлерге сыйлықатр берілсе;

* БлогКэмпті бір жерде жатып алып, отырып алып өткізбей, поход сияқты қызықты әрі қиын болып өтсе;

* блогерлер ауыл аймақты аралап, сол жақтағы жастарға аз да болса, интернеттің не екенін түсіндірсе;

Жалпы айта берсек көппппп… Әңгіме-өсекті, арақ ішуді БлогКэмпсіз де кез келген жерде жиналып жасай беруге болады. Ал БлогҚұрылтайда сауаттылықты арттыратын, елге пайда әкелетін нәтижелі іспен айналыссақ. Қыруар қаржыны далаға шашпайық, құрметті блогерлер!!!
Erbol
Ел-жұрт сенің "«Медиалабтықтар» мен басқалар еш ренжімесін", дегеніңді, блогкемпке «Медиалабты» тықпалап, өліп, шауып жүргендей түсініп қалатын болды, інім. «Медиалабты» еш жерге тықпалаған емеспіз, тықпаламаймыз да. Құрылтайшыларының қатарында өзің де барсың. Түсінікті болу үшін айтқаным ғой. Айтпақшы, тағы айта кететін нәрсе. Былтырғы блогкемпте демеушілікке 2 компания бар деп айтқан едім. Олар 2012-нің аяғында хабарласып, бюджетті бекіткенде қаржы қарастырдық, деп сүйінші сұраған. Бірақ, жылдың басында блогкемпті қайда ұйымдастырады, кім ұйымдастырушы біраз түсінбеушілік болды. Артынан, тып-тыныш ұйымдастыру жұмыстары басталып кеткен соң, демеуші бар шығар, аралассам,ұйымдастырушы дегенге жағаласқандай, Тимур айтпақшы «Медиалабты» тықпалағандай болмайын деп, оларға рахмет дедім. Тек, жақындағанда Даниярдың демеуші керектеу деген жазбасын оқып, оларға қайта шыққам. Бірақ, олар біз толыққанды демеуші болуымыз керек деді, әрі олардың талаптарын қысқа мерзімде орындау мүмкін емес болды.Оны Даниярдың өзіне айтқанмын.
timurrr
Балшыққа батқыр, тоңқылдамаш! ))) «Медиалаб» деген бір тілге тиек қой, ол «Мінбер» болуы мүмкін, ол басқа бірдеңе болу мүмкін. Сонда қазір «мінберліктер» келіп: «бізден не жамандық көрдің, Тимур?» деп айқай шығару керек пе? Бұл тек сөздің реті ғой? Сен де Жүсіп боп кеткенсің бе, бала болып? )))

"… блогкемпке «Медиалабты» тықпалап, өліп, шауып жүргендей түсініп қалатын болса" онда оны әркімнің патша көңілі білсін. Дені дұрыс адам олай түсінбесі анық.

Ал басқа айтқан түйткілдеріңе келер болсам, мен де, өзгелер де бұл жәйттардан бейхабар. Ендеше сол бейхабар күйде қалайық. Әйтпесе, «Журналистер секілід емес, аузымыз бір» деп жүргенімде… Одан кейін, осындай кухниядағы әңгімелер "Қазақ Интернетінің" ішінде жүрсе дегенім ғой. Оның бір себебі Серікқазы ағамыздың бала да емес, шаға да емес, әркімнің де жетегінде кететін жағдайда емесін, сондай-ақ ақыл тоқтатқан, бізден бұрын иткөйлек тозыдрған жан ретінде ол кісінің кандидатурасын мақұл көріп отырмын. Бүкіл қазақ блоггерлеріне сол ағамыз бас болса, кім "қыңқ" етер? Осындай сен айтқан, оған дейін де болған, одан кейін де болатын түрлі жәйттар болмас үшін де осылай бірауыздан, мөлдір, не болып, не қойылып жатқаны жыл соңында ұйым есебінен көрінетін жұмыс жасасақ деген ой ғой.

Ұсынылып отырған тақырып біреуді біреуден артық қою емес, ортақ бір іске жұмылсақ деген ұсыныс қана.
Erbol
Енді аваны қарасашы Жалғастың Жүсіппен қосындысы тұрған жоқ па?) Құрдас, сенің ниетіңді түсініп тұрмын.Менің тоңқылдап, бықсып отырғаным кейбіреулер дұрыс түсінбей қалады екен. Кейбір іске шын ниетіңмен көмектескің келеді.Бірақ оның астынан астар іздеп тұратын пәле заман болды ғой. Біздің заманда ондай аз еді,қайтейін. Сосын отырғаның былай ғой, мынандай ғой деп.Былтыр блогкемпте демекші еді, биыл өзі де жоқ дегенді естіп қалдым, сосын пікірге қосылып кетті.Жалпы, келесі жылы Ақтауда өткізбек ниетің барын түсіндік)
Соңғы түзету:
timurrr
Хайырлысы, құрдас. Ендігі мақсат, сол бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ деген ниет қой…
Erbol
Уайымдама, бұйырса, бір балақтан аяқ та шығарамыз.
Erbol
«Былтыр блогкемпте демеуші бар деп еді», деп оқуды сұраймын.
Zako
Тимур, «Бәріміз бірігу керекпіз! Бір тудың астына жиналу керекпіз!» дегеннен не шығады? Шағын ғана топ тамаша етіп ұйымдастырсын қандай іс-шара болса да. Ал, қалғандары қатысушы (қонақ) ретінде барсын. Демеушілер мен әріптестер қандай қордың атынан шығып тұрғаныңызға қарай қояды дегенге өзіңіз сенесіз бе? Мен сенбеймін.

Аты да, заты да керемет. «Медиалабтықтар» мен басқалар еш ренжімесін. "Қазақ Интернеті" қанша дегенмен қазақ интернеті ғой. Баршамыз соның астына жиналсақ, мықты күш болар едік.
Аты керемет делік, ал затының кереметін көргендер бар ма? Менің білмеуім мүмкін, бірақ білетіндер болса соңғы 3 жылда аталған ұйымның қандай іс-шараларды ұйымдастырғанын айта аласыздар ма («Мінберден» басқасын білмедім мен)? Бұл сұрақтарға Серікқазы аға мен сіз еш ренжімессіз.
Негізі деймін де, бірігіп іс істеймін деген адамдар қандай ұйымның атынан болсын шығып істей береді. Ешкім кедергі емес. Қазнетте істеймін деген адамға шаруа жетеді. Ол үшін 100-200 белсендінің басын бір ұйымға біріктірудің қажеті шамалы сияқты.
Соңғы түзету:
timurrr
Бұл да енді өзіндік позицияң ғой.
nistalgat
Печа куча форматында шағын кездесулерді ұйымдастыруға болады. Алматыда білгенімен бөлісе алатын жандар баршылық. Алдында Жалғас Ертай да айтып жүрген осыны Шымкентте жасайық деп. Печа кучаны ұйымдастыру үшін керек болғаны презентация жасайтын жер ғана. Астанада соған ұқсас іс-шаралар ұлттық кітапханада өтетін. Араларында бірнеше адам офлайнда кездесіп «brainstorming» бір жасап кеткен жөн деп ойлаймын. Оған арнайы ұйым керек емес сияқты. Бір бастасаңдар, басқа өңірелер де алып кетер.
NurlanKulymbetov
Дұрыс айтасың, Тимур…
Серікқазы ағаның іскер екенін аңғардым және бір қауым болу деген өте дұрыс бастама деп ойлаймын. Қазір блоггерлерді кішкене болсын бір күш ретінде мойындай бастады, ал бірақ бізбен санассын десек онда бәріміз бір ойлы, бір тілді және бір ұйым болуымыз керек!
asaubota
Тимур, құрылтай алдында Гастаның бір жазғаны бар еді құрылтай барысында интернетке кірмеу туралы. мүмкін содан да шығар әлде жұрт интернетсіз демалғысы келді ме екен көп ешкім кіре қоймайды. лагерьде де ұстамады дұрыс. жеке өзім 3-4 күн кірмей демалдым.
Argyn
Бара алмаған біз сияқты мыңдаған адам не болып жатқанын біле алмай отырды.
Kuralai
Бірінші Блог құрылтайда Бекболат Тілеуханов айтып еді ғой: «Сынның өзін сағыңды сындырғысы келетін немесе саған көмектескісі келетін адамдар айтады» деп. Сол сияқты Тимур ағамыздың айтып отырған «Сонымені» жаны ашығаннан айтылған кеңестер деп білемін. Бірақ мұндай кеңестер келесі ретте шараның алдында айтылып, жиынды мінсіз өткізуге жәрдем болса жақсы игі деп ойлаймын.
SerikkazyKakybalanov
Тимурдың жаны ашып жазған барлық ұсыныстарына келісемін.

Zakoның мен туралы айтқан сынының жаны бар. Оны қабылдаймын.

"Қазақ Интернеті" қоғамдық бірлестігі Алматыда 2005 жылы маусым айында ашылып, 2006-2007 жылдары өте белсенді жұмыс істеді. Оған дәлел 2006 жылы ең бірінші рет қазақ пошталық сервері мен поисковик біздің тарапымыздан ашылған еді. Өкінішке орай қаржы тапшылығынан кейін жабылып қалды. Ұйым тарапынан көптеген қазақша сайттар жасалды. Қазақша интернет-кеңістік жоқ кезде бұл қосылған үлкен үлес еді.Сонымен қатар "Қазақ" интернет-газетінің жұмысын жүргізіп едік. Оның бер жағында үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар айтқан болатынбыз. Бірақ жалғызыдың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас дегендей мен жалғыз көп нәрсеге шамам жетпеді. Қоғамдық бірлестік жұмысын энтузиаст ретінде басқа жұмысты істемей сонымен ғана айналыстым. Қазіргі кезде тек қана барлық жұмыстың барлығын жауып қойып, қазақша интернетпен ғана айналысып жүрген адамды көрген жоқпын. Ол үшін ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ. Өйткені одан жеке адам басына түсетін пайда жоқ. Пайда тек ұлтыңа ғана болады. Бірақ кейін 2008 жылы бала-шаға жағдайымдағы қиындықтарға байланысты Астанаға көшуге мәжбүр болдым. Содан бері "Қазақ интернеті" қоғамдық бірлестігінің жұмысы тұралап қалғаны рас.

Мені көпшілігіңіздің танымау себебі мынау. Қазақша интернет туралы ұйым құрып мен ертерек айқайлап қойыппын, қазіргі көтеріліп жатқан мәселелерді 2005 жылдан бастап көтерген едім. Абайша айтқанда, қолымды мезгілінен кеш емес, мен ерте сермеп қойыппын. Осы айтқандарымның өтірік-шынын немесе менің қазақша интернетке қаншалықты қатысым барын қазақша интернет негізін қалаушылардың бірі оыс ұйымның белсенді мүшесі Аршат Оразов пен қазақша блогосфераның негізін салған Асхат Еркімбай мені бұрыннан білетін адам ретінде айтсын.

Ал жалпы бірігу туралы идея өте дұрыс. Және де "Қазақ интернеті" ҚБ — менің жекеменшік фирмам емес, бар болғаны қоғамдық бірлестік, оған кез келгеніңіздің кіріп, жұмыс істеп, тіпті басқарып, қазақша интернетімізге үлес қосамыз десеңіздер қарсылық жоқ. Оған қайта қуанамын. Егер тізгінді алып жұмыс істеймін деген жастар болса, оны беруге де дайынмын. Бұл осындай интернет мәселесінде қазақтар бір оянатын заман туады-ау деген арманмен құрылған ұйым еді. Жалпы айтқанда, дайын асқа тік қасық болу менің принципім емес.
SerikkazyKakybalanov
Жалпы алғанда, қазақша интернетпен айналысатын ұйым біреу емес бірнешеу болғаны дұрыс. Сонда үлкен күш болып көрінетіні рас.
KazaXXX
Менде Серікқазы ағаның сөзіне қоса кетейін, бастау бар, қоштау бар, тек ұйымшыл болайық… Бәріміздің ойымыз бір жерден шықпауы анық, бірақ өз мүддемізге келгенде бір болуымыз керек. Тағы екі қоғамдық бірлестік ашып жатырмыз, бәріндеде бірдей болсақ болады. Бірлестік дегеніміз біреудің меншігі емес және ол жерде бәрі тең, істейтін жұмыста көп, шешетін проблемада көп. Мен өзім Серікқазы ағаның құрған "Қазақ интеренеті" ҚБ-не қосылғым келеді… Сіздерді де шақырам.
Gastarbaiter
Нүрлан Жанайқай өз репертуарында. Ұйқвм кеп кетті. Жұрт араласпағанын қайдан көрдің, түнге қарай енді бір бірімізді көргіміз келді, өзімізше жылдап, айлап көрмеген бауырларымызды көргіміз, олармен болғымыз келді. Оған қалай күштеп біріктіріп қоятын сен МУН Корей Шіркеуінің папасы ма едің? Ал күндіз жұрт футбол ойнады, мен Эльдармен және болашақ журналист студенттермен таблдатып баскетбол ойнадық, қалғандары картошка ойнап жатты. Айтаберде де, Массагетте де, Керекинфода да тіркелгендер көп. Очм, Нұрлан Жанай әдеттегідей іш пыстырарлық ұсыныстар, аузын қу шөппен сүрткен мұңға толы қорытынды. Ух-піш-ш-ш-ш. Уххх-х-х пішш-ш-ш-ш. Қызықты бірдеңе айтылғанда оятыңдар.
Соңғы түзету:
satibaldi
Жарнамалық. Гав-гав-гав. Үзіліс.
dark_nazgul
Тимур менің атымды қайта-қайта баса атапты. Лайық көргені шығар. Үш құрылтайға қатыстым. Рас, осы жолғының соңғы бір сағатына ғана үлгеріп жеттім, бір себептермен.
Бірақ, ендігі жерде жай қатысуышы болмай, басы-қасында жүруге жарарлық тәжірибе жинаған сияқтымын.
Оның үстіне, осының алдында өзім де келесі құрылтайдың қандай болғанын қалайтынымды жазып едім.
Сондай қылып өткізу үшін барымды саламын.
satibaldi
Баналдылықтың көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам.
dark_nazgul
Сіздей бола алмаймын ғой, о құбылыс біткеннің шам-шырағы!!!