Үзінділер... (Қ.Шабданұлының "Қылмыс" романынан)

Қаңтар-ақпан үздіксіз отырып, романды тұтас оқып шықтым. Ішінен теріп алған үзінділермен бөлісе отырайын:

І- том:

… Ие, адам баласын мұңдастық таныстырады, мұңдастық достастырады, мұңдастық бірлестіреді ғой… (130-б.)

… Көңіл бұлты ашылғанда дүние көріктеніп, нұрлана қалғандай болатыны бар-ау… (330-б.)

… Адам көзінің отынан талай үміт күтуге болады… (359-б)

… Адам баласы береке-бірлікке кемдікпен емес, теңдікпен қана жете алады. Ынтымақ кеңдікте емес, теңдікте...(443-б.)

… өзім өмірдің анық білген, жете түсінген адамгершіліктің-елдіктің ең тәттісін айта кеткім келеді. Ол – татулық, достық. Меніңше, татулықтан тәтті «тағам” жоқ. „Бірлік болмай тірлік жоқ“...(449-б)

… Гүлге адамның көзі көп түседі. Бұлбұлға құлағы ұйиды. Бірақ, адам жүрегін екеуі де дәл ғашық жардай құмарлық отына тартып түсіре алмайды ғой… (483-б)

ІІ -том:

...Қысылған адам қиядан қорқа ма, асықтырмай арман бола ма...(269-б)

ІІІ- том:

… Бірақ мен махаббаттағы ерекше қызғаншақтықты, ерекше сүюдің нәтижесі деп қана түсінбеймін. Оның кері жағынан да туылатын нәтиже болады, мәселен, махаббатқа жеңіл қарайтын адамдар басқаны да солай түсініп, қарайғанның бәрінен қызғанатын болады (535-б.)

… мәңгілік тұрақты сенім әрқандай қызға оңайлықпен орнамайды екен… (567-б.)

… Жаңа шыққан күнді қарсы алғандай шырқай сайраған боз торғай, өз жүрегім сияқты, тым жеңіл де, тым сазды күймен қалқиды, көктемдегі жер бетінің түрлі майсасы мен сырлы иісін жырлағандай, төне, құмарта сайрайды. «Қабағыңды ашқанда неткен қызықты, неткен қылықты едің дүние!… (606- б.)

ІҮ- том:
… Арман-тілегін азат ете алмаған азаматқа азаттық қайда… (36- б.)

… Сұлудың басынан суық қатер кеткен бе! (76- б.)

...«Пышақ сайлай жүріп, құшақ жаятын, өз жүрегін аймалай жүріп найзалайтын, қандай таптың махаббаты бұл?». «Махаббат адамзаттың жоғары қасиеті, ал, таптар – адамзаттың экономикалық – тұрмыстық тәсіл жағынан бөлінісі. (134-б.)

… Ол да бүкіл жан-жүрегі, бар тілегімен, терең қаммен ойлайтын, шексіз махаббат иесі. Адам миы — әлем заттарының ең дамыған, ең жетілген жемісі десек, сондай күшті махаббат иелеріне болжағыш қасиет бітер-ақ. Ал, мен неге Мақпал жөнінде мұндай болжамды сенімге келе алмаймын?.. Әлде оған арналған махаббатым кемірек пе? Жоқ, тіпті де олай емес!.. Әлде сезімдік апараттарым әлсіздеу ме?.. Мүмкін, мәселе осыдан шығар!.. Әлде оның махаббат оты өшкендіктен бе?.. Жоқ, жоқ өшпек емес, өшпесін, өшпесін!» (275-б.)

… Дүниедегі ең баянды сұлулық адамгершілікте ғана. Гүл солады, жүз тозады, жан сұлулығы ғана тозбайды (284-б.)

… Арман деген бұғының мүйізіндей салаланып, бірінің үстіне бірі өніп тұрады ғой. Адам тіршілігі арман-үміттен адаланбауды шарт етеді. Ол өшсе өмірің де өшеді. Мүбәда өмірің өшпей қалса, адамгершілік қасиетің өшеді. Адамгершілік қасиет дегеніміз – өмір талқысына (жауыңа) қарсы жауап қайтара жасау. Яғни жауың қор етейін десе, мен сенен зор өтейін деп күресу. Ол қысқанда қабысудың орнына керней түсу. Адамгершіліктің ең негізгі қасиеті осы деп түсінемін...(234-б.)

Ү- том:

...«Қиялдан тұрмыс озды» деп жазушыларымыз бекерге жазып жүрген жоқ қой! Дүниеде қиялдан озған жүйрік болып па еді. Ал, секіріп ілгерілемеген тұрмыс қиялдан оза алар ма! (36-б.)

...«Шын мағынасында бұл да көркем гүл. Бірақ, өзінің тым ерте ашылып қалғандығымен бойын жия алмай, мына өктем құштарлықтың жалынын түгел сіміріп, шегіне жеткізіп алған, нәзік гүл. Жақсылығын айтып жұбатсам, жабыса қалады. Жазғырсам жасып солады. Мына халінде тойтарсам, күйреп те түсер!.. Ал, бірақ, менің де шыдамымды құртып барады мына от құшағы!...» (387-б.)

… Ондай қара көңілге ханым болудан, жанымның жарық күніндей сенің ғана қосалқың болып өткенім жақсы… Мен тапқан ең мағыналы махаббат осы ғана!.. Ал, мені қаншалық сағындырған кезеңде де алалың бола білемін! Бала бітсе тіпті жақсы, сыртқа білдірмей бағып өсіру маған қиын емес. Сенің перзентің ғана мен үшін ұлы табыс, өмірлік қуаныш бола алады! (388-б.)

… Махаббаттың жүрегі біреу-ақ екен. Оны жарты-жартыға жарып, екеу етуім мүмкін емес екен.… (389-б.)

...«Шіркін табиғат!.. алуан түрлі гүлі өзді-өз алдыларына алуан-алуан көрік, бір-біріне мүлде ұқсамайтын алуан түрлі сүйкіммен иіс тапқан неткен бай сырлы дүние бұл!.. (389-б.)

...құтты орнына қонбай, әйел заттың бақыты орнықбайды ғой… (452-б.)

… Махаббат деген адамзаттың ең ардақты қасиеті. Егер махаббат болмаса, аяушылық та болмақ емес. Күштісі күшсізін бас салып жей беретін екі аяқты хайуан қалпымызға қайта түсер едік. Адамды адам етіп отырған сол махаббат, тіршілікте сәл кемісе болмайтын сол ардақты қасиет қалыптан тыс күшейіп, ақылды билеп кетсе де болмайды екен. Шыдамсыз – әлсіз әйеншек жануарға айналдырып, тіпті өлтіріп те тастай алатын зияндас қасиет болып шығатын тәрізді...(490-б.)

… Көз жасы адамның қасіретін жұмсартып тынысын кеңітеді. Рухани күш хасыл қылады (527-б.)

ҮІ- том:

… Ер жігіттің сертіне қылыш өтпепті. Тағдыр да солай жазылған ғой… (410-б.)

… Біз табиғатты жеңеміз – құлданамыз дейміз ғой, сөйтсе те табиғат заңына құл бола жүріп батырсынатындығымызды ұмытпалық! (576-б.)
.
… некенсаяқ бақытты ердің маңдайына ғана бітетін дәулет құсындай жар екендігіңе шүбәм жоқ! (594-б.)

… Ер адамды сақтайтын дәрі, тек сүйгеннің сүйіспеншілік махаббаты ғана! (596-б.)

… Әлденендей күшпен жанымыз қосылып кеткен доспыз ғой, сенің көңілділігіңді көрсем, мен де көңілденеді екенмін! (598-б.)

… Махаббат деген өзінің сенімімен – пәктігімен ғана махаббат болады ғой… (692-б.)

… Жаны толықсынбайтын жарға жабысқан жұбай, күн өте келе жартасқа жабысқандай сорланатындығын білетін шығарсың… – Қызығу мен құмарту бір басқа да, махаббат байлау бір басқа. Қызығу мен құмарту да – ынтығу ғой. Бірақ, ол лезде өте шығатын, аса қатерлі құйын екен де, махаббат деген-тұтас бір өмірдің шырағы екен. Ол шырақты, күңгірт кінеретін толық анықтамай, қызығу-қызумен ғана қабылдай салсаң, күн өте келе тұрмысыңды зұлымат қара түнекке айналдырады. Бір-біріне қызығумен ғана байланысып, тұрмыстана қойған жастардың аз уақыттан соң-ақ жақтары солып, көздері өшкіндеп үңірейе қалатыны, сол құйынның үйіруімен бірін-бірі мұқият сынай алмай, асығыс қосақталған өкінішінен болады… (698-б.)

… Кіндік кесіп кір жуған жерім, туған елім, сендерден айырылып не көрмедім! Талап-тілегімнің жалғыз шырағы, тіршілігімнің жаны – туған елім, атамекенім, көзіме бір көрінбей қалар ма екенсің өстіп! Отаным! (820-б.)

...«Махаббат өлімді жеңеді»… Ал, оның кейде өмірді жеңіп, өлімге жетектейтін құдіреті де бар екен… (855-б.)

… Арт жағына шошқа ғана қарамауы мүмкін ғой. Өткенді күн сайын ескеріп, алдыңғыға үлгі етпей қоғам мен адамзат дами ма? (891-б.)

… Шынға өтірік, бөлінгенге бөрі, саяққа таяқ, жалаңашқа жел қашанда, қай дәуірде де өш болып жаралыпты! (918-б.)

… Дүниеде өз отанынан айырылудан зор қылмыс жоқ екен! (918-б.)
Бөлісу:

1 пікір

asaubota
былай әдеби құндылығы аса жоғары емес ау деген ойдамын…