Ғибрат

МӨҢКЕ БИДІҢ АЙТҚАНЫ
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады,
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады,
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады,
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады,
Кебір – жерге теңеледі,
Әйел – ерге теңеледі,
Көл – теңізге теңеледі.
Сиыр – өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы –
Сағынып тамақ жемейді,
Ащыны – ащы демейді,
Тапқанын олжа дейді,
“Алһам” білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады.
Заманақыр болар да, жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
“Ә” десе “мә” дейтін кесір болар.
Бас қосылған жерлерде,
Әйел жағы ден болар,
Жаман-жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар,
Сөйткен заман кез болар,
Түзелуі қиын болар!
Бөлісу:

6 пікір

ken
Мөңке би қай жылдары/ғасырларда өмір сүрген?
koskuzul
Тілеуұлы Мөңке би — белгілі би, Әбілқайыр хан кеңесшілерінің бірі, жырау.
Шамамен 1675 жылы дүниеге келген.
Adiletshu
Осыны біреу керекинфоға жариялап еді
asaubota
осымен үшінші рет
ken
бәсе, бір жерден оқығандаймын
temir1986
түзеу жағын айтпаған екен