Мұхтар ШЕРІМ. КӨКЕМ КЕЛДІ!

Блог - Satira: Мұхтар ШЕРІМ. КӨКЕМ КЕЛДІ!Үйленгенімізге бір апта да өтпеген келіншегімнің мінезі қызық. Есік алдына жүгіріп шықты да:
--Алақай! Көктем келді!—деп айқайламасы бар ма? «Көкем келді!» деп естіген шешем шалқасынан түсе жаздап:
--Шырағым, қай көкең келді? Үйге кірсін де...—деп далақтап жүр. Күн сондай ашық, мамыражай еді, келіншегім жүгіріп барды да, есік алдындағы ақ қайыңды құшақтай алды:
--Мен сені сүйемін, ақ қайың!—деді. Шешем ашуланып қалды. «Мына келіннің бұрын Аққайың деген жігіті бар ма еді?—деп менен сұрайды. Мен де жаспын ғой, бірақ әйелім сияқты «романтичный» емеспін. Мен ақ қайыңды сүймеймін. Маған ақ қайың ба, қара тал ма, томар ма, бәрі бір. Сосын жында адамша: «Ойбай, көктем келді! Әне, көктем анау тұр!» деп айқайламаймын да… Шешемнің жүрегін ұшырып… Бір күні келіншегім жоқ болып кетті. Сөйтсем, үйдің артындағы бақша ішінде дөңгелене билеп жүр, дауыстап қояды: «Мен саған ғашықпын, жарық дүние!» дейді. Шешем жүгіріп барып, таңдайын көтерді. Таңдайын көтеріп жатқанда қыршып тістеп алыпты. «Мына жынды басты қайдан тапқансың балам?»—деп анам өзіме ұрысты. «Келініңіз опера және балет театрында биші ғой, шығармашыл адам!» деп түсіндірдім. «Балетінің атасына нәлет! Шайтан шапалақтап тастаған келінді, молдаға түкіртіп кел!» деді. Келіншегім де қызық, «О, ақша! О, Доллар! Мен саған өлердей ғашықпын!» деп айтса мейлі… жарық дүние, жарық дүние… Өзгелер қараңғы дүниеде жүргендей… Ауылда сібет өшіп қалғандай… «Молдаға барайық?» десем, бармайды. Сосын амал жоқ молдаға өзім барып, қағазға түкіртіп, түкірігін кептіріп әкелдім. Қағазбен бетін сүртпей қойды ғой. Әне, әлі төбесі жабылмаған қораның төбесінде аяғының ұшымен билеп жүр… «Адамдар! Мен сендерді жақсы көремін! Бәріміз бір-бірімізді жақсы көрейік!»-- деп айқайлап қояды. Мені жақсы көре ме десем, адамдарды жақсы көреді екен! Мен оны, ол мені түсінбей жүрміз. Сіздер ше? Сіздер бірдеңе түсіндіңіздер ме? Әлде сіздер де: «Автобуспен көктем келе жатыр!» деп айқайлайсыздар ма? Қызық-ей…
Бөлісу:

2 пікір

bake
Жазбаңды оқып отырғанда Бахтың №6 Сюитасын тыңдап отырғанмын, екеуі бір-бііне сәйкес келгенде "Өмір, өмір -жер ғаламшарын билеген",-деп жар сала жаздағаным бар
Hetrou
Хм, Мұхтар Шерім де кіре ма мына жерге… «Жас алаштағы» жазбаларын оқып тұрам.