Армандар театры – орындалған арман

Old Trafford. Манчестер Юнайтед жанкүйерлерінің Меккесі. Бәрінің барғысы келеді. Барғандар кемі бірнеше жыл мақтанып, айтып жүреді. Мен соңғылардың қатарындамын.
2007-жылдың (көрдіңіз бе, арада 6 жыл өтсе де әлі айтып отырмын) 1-тамызы. Маусым алдындағы соңғы дайындық матчы. Қарсылас — итальяндық «Интер».


Ең қызығы жанкүйерлер көп болғанмен, ішке кіру үшін бірін-бірі итермелеп, итжығыс болып жатқан ешкім жоқ. Оп-оңай кіріп, өз орнымызға жайғастық. Орнымыз ең жақсы жерде емес, бірақ алаң алақандағыдай көрініп тұр. Ойынның басталуына әлі жарты сағаттай уақыт болса да Stretford End әнге басты. Дәстүрлі «Glory, Glory ManUnited» Гиггз бен Скоулздың, Руни мен Фердинандтың, одан қалды Кантона мен Басби бөбектерінің құрметіне арналған өлеңдермен жалғасты.
Жолдастық кездесу деген аты болмаса ойын тартысты өтті. Екі командадағы португалдық жұлдыздар, сол кездің өзінде ардагер атанып жүрген Фигу мен жас тарлан Криштиану Роналду, жарау аттай шауып жүрген Гиггз бен гладиатор Матерацци, не керек, алаңға жиналған кілең шебер маған ұмытылмас әсер сыйлай алды.
Өкініштісі Юнайтед бұл кездесуде ұтылып қалды. Бірақ қасымда отырған ақбасты жанкүйер, маған да сенім ұялатқан бір ауыз сөз айтты: «We will win tomorrow!». Иә, біз ертең бәрібір жеңеміз!
келесі жазбамда, менің алғашқы футболым жайлы жазбақпын.