Мөлдір Әуелбекова: "Бір халықты шоу-бизнес және той-бизнес тыңдарманы деп екіге бөлуге болмайды"

Әнші Мөлдір Әуелбекованың «Жұлдыздар құпиясы» журналына берген сұхбаты.

— Өмірдегі Мөлдір мен өнердегі Мөлдірдің айырмашылығы мен ұқсастығы бар ма? Өнер иелері үнемі маскамен жүреді дегенге келісесіз бе?
Біріншіден, кез келген өнерпаз үшін өнер – өмір, өмір – өнер. Сондықтан екі жерде екі түрлі болу – екіжүзділік. Өзгелер үшін жауап бере алмаймын, ал менің шығармашылығым – менің өмірімнің көрінісі. Мен шырқайтын әндер менің жан толқынысымның, менің ой-пікірімнің, менің қоршаған ортаны қабылдауымның, менің дүниені түйсініп-сезінуімнен туады. Өмірде басқаша ойлап, өнерде басқаша сайрасам кімге пайда, кімге зиян? Өзіңді жоғалту, мақсаттан таю, тірлікте адасу осындайдан басталады. Екіншіден, өнер иелері үнемі бетперде киіп жүреді деу – стереотип. Шекспир мырза «Өмір – театр, ал адамдар — актерлер» деген екен. Өмір сахнасында бәрінің бір немесе бірнеше бетпердесі бар. Ол әнші, ол мұғалім, ол депутат, ол құрылысшы. Сондықтан белгілі бір топқа ғана теліп қоюға болмайды. Бір білетінім – өнер адамы бетперде киетін бір жағдай бар. Өнерпаз да ет пен сүйектен жаралған адам, оның да өмірінде отбасы, қызметінде қиындықтар туып жатады. Бірақ тыңдаушысын сыйлайтын әнші сахнаға сол жан күйзелістерін бірге алып шықпайды. Іштегі түтінге қалың көпшілікті куә қылмай, сахнада жайнап, халыққа қуаныш сыйлаған жанды не үшін сөге аламыз?

— Қыз мұраты – кету, сіз бұл парызды қашан іске асыруды көздеп жүрсіз?
Бұрымдының бірі болған соң бұйырған бір күні жар, келін, ана атанарымыз хақ. Жаратқанның жазып қойған бір мезгілі бар. Сол уақытты күтіп жүрміз. Сіз бен бізге әзірге құпия.

— Мөлдір Әуелбекова «төлқұжат» әнін тапты ма? Хит әнді қайдан іздеу керек?
Сұрақтың бірінші бөлігі маған емес, менің тыңдарманыма қойылуы тиіс. Бұл – бір. Ал екіншіден, әншіде бір ғана «төлқұжат» әннің болуы оның еңбектенбегенін көрсетеді. «Керек әнді таптым, осы мені өмір бойы асырайды» деп келген жерге тоқтап қалу – тоқырау. Мен өзім жаратқан қуат берсе қайтпаймын да, қалмаймын да.
«Хит әнді мына жерден іздеңіз» дейтіндей белгілі мекен-жайын білмейді екенмін. Әркімнің бағы мен бабы бар. Ән де солай. Орындаушысын тапса, тыңдаушысын міндетті түрде табады. Ал жақсы әнді әуелі кенші, сосын зергер болған әнші ғана тудырмақ.

— Сұлулық құпиясы неде?
Денің сау болса, жаның да, тәнің де сұлу. Қай жерде көзіме түскені есімде жоқ, бір жазбада «кез келген кеселдің жартысы мидан, жартысы асқазаннан» дегенді оқып едім. Ми мен жүректегі жаратушы берген өмірге, елге, отбасына, кәсібіңе деген махаббат — жан тазалығының, түтінге тұтылмау, шайтан сумен құтырмау – тән саулығының кепілі. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп Абай атам айтқандай сұлулық жамбастап жатқаннан қашады. Мың шүкірлік, кішкентай күнімнен керіліп жатудан аулақпын. Спорттың бірнеше түріне қатысым бар. Қазір де сол әдеттен тайған жоқпын. Спортпен айналыспасам да таңғы жаттығу жасау міндетті түрде.

— Мөлдірді қандай қоғамдық мәселелер ойландырады?
Мына мәселе ойландырады, мына мәселе жайлы ойланбаймын дей алмаймын. Әлемде, елде болып жатқан жағдайлар назарымнан тыс қалған емес. Күнделікті жаңалықтан еститініміз – жеп қойды, тартып алды, атып кетті, тастап кетті, қашып кетті. Осының бәрі алаңдатады. Жемқорлықтың кесірінен дәрігерге барудан қашып, ұшаққа мінуден қорқып, жұмысқа тұруда қиналып жүрміз. Ешкімге сенбейміз. Сенім кеткен соң бірлікке, елдікке шақыру қиынға соғады-ау. Сырт көздің де күтіп отырғаны осы ғой деген алаңдаушылығым басым. Тіл мен дін мәселесін айтсам, жауыр болды ғой деп айылын жия қоятындар аз емес. Ұлт үшін маңызды болғандықтан осынша жауыр болғанын да естен шығармау керек.

— Сіз саясатпен айналысасыз ба, әлде саясат сізбен айналыса ма? Жалпы ел экономикасы мен саясатына қаншалықты мән бересіз?
Негізі әркім қолынан келетін іспен айналысу керек. Былтыр орысша КВН ойындарында керемет астарлы әзіл айтылды: «Главная проблема России — непрофессионализм». Ол мәселе бізде де бар. Етікші етігін жақсы тіксе, мұғалім сапалы білім берсе, басшы басқаруға ғана бас қатырса қоғамда орын алған талай келеңсіздік болмас та еді. Сондықтан мен саясатпен айналыспаймын. Ал қоғамның белсенді мүшесі ретінде азаматтық пікірімді білдіруден, өз таңдауымды жасаудан, өз кәсібімді жоғары деңгейге көтеруден тайған емеспін.

— Мөлдір үшін той-бизнес пен шоу-бизнестің арасында шекара бар ма? Тойға киген киімді сахнаға киіп, тойда айтқан әнді сахнада шырқап жүресіз бе, әлде өз шекарасы мен өз репертуарлары бар ма?
Шартты түрде шоу-бизнес өкілдері «Халық сапалы музыка тыңдамайды, той әндері ғана сұранысқа ие» дейді. Ал шартты түрде той-бизнес өкілдері тапсырыс алып, фонограммен «ән салып», ақшаны қалтаға басқанға мәз. Осының бәрі бір өнерді екіге жарып, бір халықты екі деңгейге бөліп тастаудың салдары. Бізді, әншілерді сахнадан көретін де, тойына шақыратын да, ТВ-дан көретін де, журналдан оқитын да бір халық. Кезінде Біржан, Ақан, Кенен бабаларымыз да тойда да, би-бектің алдында да ән шырқаған. Бірақ ана жерде мына ән, мына жерде мына ән деп екіге бөлмеген екен. Бөлінгенмен не болатынын өздеріңіз де білесіздер. Не жасасаң да, қалай жасасаң да, қанша жасасаң да уақыт елегінен емін-еркін өтетін сапалы дүние тудыру керек. Сондықтан «шоу-бизнесті түсінетін керемет музыкатанушы халық» және «музыка исі мұрнына бармайтын той халқы» деп шекара салуға болмайды.

— Сіз той-бизнеске қызмет етесіз бе, әлде шоу-бизнеске ме? Сіздің танымалдылықты арттыру үшін той-бизнес басты қызмет атқара ма, әлде шоу-бизнес?
Жоғарыдағы жауабым бұл сұрақты да толықтай қанағаттандырады деп ойлаймын.

— Болашақ жоспарларыңызды атап өтсеңіз, көрерменге қандай тың дүниелер әкелуді жоспарлап жүрсіз?
Әнші қандай тың дүниелер әкеле алады? Ән мен бейнебаян. Қазір үлкен ізденістеміз. Жауыр болған жанрлар мен «тізесі шыққан» тақырыптардан шығара алатын басқа, тың дүние іздеп жатырмын. Көп тыңдаймын, оқимын, зерттеймін. Біздің музыканың озған тұстары мен кешіккен кезеңдерін салыстырып, жаңа дуэттер, тың бағыттар, соны тақырыптарды барлап жүрмін. Күтіңіздер, сеніңіздер, біз сенімді ақтауға тырысамыз.
Бөлісу:

9 пікір

Marco
Тым жақсы, ойлы жауаптар айтыпты! Кәдімгідей көңілім толып отыр, өз ойы бар екен. Әрине, сұхбаттасушының қырнап-жонып түзегені де бар шығар.
asaubota
тың бағытты күтушілерденмін. күтемін.
Hetrou
Айтары бар қыз.Респект и уважуха.
Erkekyz
Сұхбат маған да ұнады. Салмақты жауап беріпті.
Соңғы түзету:
MickThatsMyNick
Мөлдірдің соңғы клипін көрдім, керемет шығыпты.)
asaubota
мындағы клип па? www.wifi25.kz/?p=42
User
қолын қозғалтса көтерілетін клиппа?!!!!