Айтары бар суреттер

World Press Photо 2013-жылдың үздік суреттерін анықтады. Бұл жыл сайынғы дәстүр. Былтыр табиғи апаттардан көрі адам өз қолымен жасаған сұмдық оқиғалар көп болған сияқты. Жеңімпаз атанған суреттердің көбісі соғыс тақырыбында.
Төменде маған ерекше әсер еткен суреттер және оларға қарап менің түсінгенім.

Жерлеу. (Газа, Палестина)
Автор: Пол Хансен (Paul Hansen)

Екі жасар Сухаиб Хижази мен оның тетелес ағасы Израильдің ракеталық соққысы кезінде қаза тапқан.
Кез-келген соғыстың бірінші құрбандары ең бейкүнә жандар. Бұл сурет те осыны меңзейді. Қорқыныштысы не екенін білесіз бе? Қорқыныштысы — соғыс адам баласы түгел қырылып бітпейінше тынбайтындығында. Балалардың мәйіті, өшпенділік жегідей жеген еркектер, артқа бұрылуға жол бермейтін арты тұйық әрі тар көше шығар жолдың жоқ екенін анық көрсетіп тұр.

Жаралы бала (Алеппо, Сирия)
Автор: Себастиано Томада (Sebastiano Tomada)


Үкімет әскерлері мен оппозиция жақтастары Алеппода кескілескен ұрыс жүргізуде. Жаралы бала қаладағы соңғы ауруханалардың бірінде дәрігерлер көмегін күтіп отыр.
Бұл суретке қарап қуануамыз ба, қайғырамыз ба? Қуанатын себеп бар – бала тірі. Бірақ қаншамасы қырылып қалды?! Аз еместігі анық. Қайғырған дұрыс шығар.

Дандора қоқыс полигоны (Найроби, Кения)
Автор: Мика Альберт (Micah Albert)

Күн ұзағына қоқыс сұрыптайтын мына әйел жұрт лақтырып тастаған кітаптарды оқығанды жақсы көреді. Жаңбыр кезіндегі үзіліс бірнеше бетті оқып шығуға жақсы мүмкіндік.

Аянышты-ақ. Басқа елде туған болса бұл әйелдің жағдайы әлдеқайда жақсы болар ма еді? Мұндай кітапқұмар жан ең болмағанда кітапханашы болып, түскі ас кезінде француз бриошынан бір тістеп, ыстық кофеден бір ұрттап, Ив Сен Лоранның соңғы шыққан әтірі туралы әңгімені соғып отырмас па еді? Енді басқа қырынан қараңызшы. Күн сайын интернетте отыратын Сізге ұқсайтын сияқты ма, қалай өзі? Ол қаптаған қоқыстың ортасынан өзіне керегін таңдап алып отыр. Ал сіз ше? Таңдай алмасаңыз өзіңізді аяңыз!

Таң алагеуім (Италия)
Автор: Сорен Бидструп (Soren Bidstrup)

Лагерьдегі жазғы демалыс. Біреу тым ерте тұрыпты.

Кенже ерте оянса ешкімге ұйқы жоқ. Баласы бардың бәрінің басынан өткен жағдай болар. Ұйқысын аша алмай отырған ана бәрібір балаға ұрыспасы анық. Қазір бетінен бір сүйіп, жуындырады да, тірлігіне кіріседі. Оған дейін бала барлығын бітіріп қоймаса.

Суреттер өте көп. Бәрін қарап шығуға кеңес берем. Арасында сериялық фотолар да бар. Ойландырады.
Бөлісу:

12 пікір

xsanatos
соңғы суретті күйеуі түсірді ма?
torgai
Қоқыстағы әйелге қатысты жақсы ой екен. Әкеміздің 22 жыл жинаған 300-н астам кітабынан қазір бірі де жоқ. Оқымадым емес, оқыдым. Бірақ, өзі кеткен соң сақтап қала алмадым. Енді ондай қорды жинай аламын ба…
bake
Оңтайлы кадр бір сағаттық бейнекөріліммен тең. Ұлы Отан соғысында фашистердің басқыншылық еткен мекендерде халықты жойғанда түсірілген кадрді көріп екі күн ұйықымнан айырғаным бар. Біреулер айтпақшы «нәзік» жанды шығармын, бірақ өз баламды ойлап кеткенде «тас жүрек» әкеніңде жүрегі жарылады екен.
Marco
Оның рас балалар бейнеленген суреттер әсіресе қатты әсерлі. Бұрын ондай емес сияқты еді, өзім балалы болғаннан кейін қабылдауым күрт өзгерді.
zholantai
KAYLA портреті ұнады, бәрінен де
zholantai
сәби фотоларға келсек, қай бір жылы жүлделенген- өлімін қарақұс күтіп отырған аштықтан бұратылған бала бейнесі өзіне дейінгі,өзінен кейінгі де көп фотоның фонында тұр
Marco
Ол аңыз сурет қой. Адамның барлық қатыгездігінің көрінісі. Оны түсірген фотограф туралы кино бар. Орысша нұсқасында «Клуб безбашенных» деп аталады.
ruben
Думкадамын. Қайда қарасаң да, сорлап жатқан (этник) мұсылмандарды көресің.
Marco
Негізі өте қызық мәселе. Неге олай? Не ексең соны орасың деген мақалдың кері емес пе?
dia_99
қатты аянышты суреттер екен. бәрінде өмір заңдылықтары бейнеленіп тұрғандай
MickThatsMyNick
иә, суперкулпикс сайтынан көргенмін, аянышты көріністер