Махаббатсыз дүние бос

Махаббат туралы талай ақын мен жазушылар жазатынның бәрін жазып тауысқан секілді. Бұл тақырыпқа келгенде Абай атамыздың «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деген сөзі есіме түседі. Меніңше махаббат деген «сүйемін» деген сөзбен, бірге болып, үйленумен анықталмайды, шектелмейді. Ол ғашықтықтан да, сүюден де артығырақ, ауқымдырақ ұғым. Адам махаббатты сезіне білу үшін ең біріншіден ол Жаратушыға оған өмір бергені үшін, адамзатқа табиғатты мінсіз етіп жатарқанын бағалап, соған шүкіршілік ете білу арқылы, анасына алпыс екі тамыры иіп, түн ұйқысын төрт бөліп, осы күнге дейін жеткізгені үшін оны сыйлау арқылы сезіне алады.
Адал махаббат, пәк махаббат тек қана Жаратушыға, ана мен бала, әке мен бала арасында болатын секілді. Бала анасын сұлулығы үшін, мінезі үшін, не байлығы үшін жақсы көрмейді, тек қана анасының бар болғаны үшін жақсы көреді.
Ана да баласын бір қасиеті үшін емес, тіпті баласы кім болса да аман жүруін тілеп, жақсы көреді. Яғни бұл махаббаттың ешқандай шарты жоқ.
Ал ер мен әйелдің арасында адал махаббат болуы мүмкін бе? Мүмкін болса, ол қандай? Қазіргі таңда жалпы махаббат ұғымы құнсызданып кетті деп жүрміз. Меніңше оның себебі қазіргі қоғамда адамгершіліктің төмендеуі, сыйластықтың жоқтығы. Қарапайым сыйластықсыз махаббат болуы мүмкін емес. Демек өз ата-анасын сыйлай білмеген ұл не қыз өз жұбайын сыйлауы, араларында махаббаттың болуы екіталай нәрсе. Махаббат деген «сүйдім, күйдім, сенсіз маған өмір жоқ» деген құр сөз емес. Ол қарапайым күйбең тіршілік кезінде сүйеу бола алу, өзінің талаптарың мен қажеттіліктеріңді дауламай, керісінше жұбайыңа мейірім, түсіністік сыйлай білу. Әрине қазіргі нарық заманында бұның бәрі бағалана бермейді. Жастар көбіне-көп нәпсісіне еріп, я белгілі бір есепке салынып кетеді. Сөйтіп жұбай таңдайды, үйленеді, үй болады. Бірақ уақыт өте келе сұлулығына не байлығына/ауқатты туысы болғанына т.б қызығып қосылған адамының қарапайым адамгершілігінің төмен/жоқ екеніне көзі жеткеннен кейін от болып жанған ғашықтық/сүйіспеншілік су сепкендей басылады. Кішкене қиындыққа төзе алмай немесе өзін ғана ойлап жұптар айрылысып жатады.
Сондықтан, жеке менің ойымша, махаббат қол ұстасып өмірбойы құанышың мен қайғыңды бірге бөлісіп, біріне-бірі сүйеу бола білген, сатқындық жасамай, бірін-бірі бағалай білген адамдардың арасындағы ғашықтық пен сүйіспеншіліктің жалғасы іспеттес болуы мүмкін. Яғни махаббат болуы үшін көпті бірге көріп, оған еңбегің сіңіп, өміріңнің қымбат бөлігі арналуы шарт.
Жақындарыңызды, жарыңызды бағалай біліңіз!
Бөлісу:

3 пікір

ademi_alem
Кішкене қиындыққа төзе алмай немесе өзін ғана ойлап жұптар айрылысып жатады.
Бұрынғы апа-аталарымыздың бақытты да, тату ғұмыр кешулерінің көп себебінің бірі — алдан шыққан қиындықты бірге жеңе білуі деп ойлаймын. Бала-шағасын бірге өсірді, бірге үй тұрғызды, сынақ болса бірге күресе білді. Ал қазір (бәрі деуден аулақпын) «дайын асқа тік қасық» болуға дағдыланып қалған. Бұрын отбасы құру үшін сезім, сыйластық бірінші орынға қойылса, қазір үй, көлік т.б.материалдық жағдай жасалмаса отбасы құруға тәуекел ете алмайды. Бұрындары соғыс болса да өмірге бір емес, бірнеше бала әкеліп, бағып-қағып, өсірсе, ал қазір бейбіт өмір болса да мінез келіспеу, баспананың жоқтығы сынды жағдайлар ажырасуға себеп бола алады. Оның бәріне басты себеп — бұрындары адамдар бір-бірі үшін өмір сүре білсе, қазір ӨЗІМШІЛДІК басым, сол себепті қит етсе екі жаққа кете салу қиын емес…
bake
«бәрі ажырасып жатыр, бізде ажырасайық», «ажырасқанның тұрмысы жаман емес, сұрап білдім» -дегендерді көрдім ақылына салып ойлағанға ерінеді, көбінде жанұяны сақтап қалуға болар еді
ademi_alem
«бәрі ажырасып жатыр, бізде ажырасайық»
Ужас, қандай жаман сөз! )))))