Аққуда бар адалдық...

Болашақ қалыңдығымен кездесуден келе жатқан Ербол жан жағына ойлана көз салды. Ары-бері сабылып жүрген адамдардың жүзіне қараған ол түрлі ойдың жетегіне кетті. Бірінің бар дүние ауыртпалығын құдды өзі ғана арқалап жүргендай-ақ қабағы қатулы болса, бірі бүкіл әлем ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұрғандай кербезденіп, тәкаппарланып кетіп барады.

Ол аяңдап басып, аялдамаға жетіп қалғанын да аңғармай қалды. Жолдың ар жағындағы аялдамаға жету үшін бағдаршамның жасыл жануын күтіп тұрған еді, кенет ту сыртынан:
-Қазіргі жастар ұяттан жұрдай! Көшенің қақ ортасында аймаласып тұрады! Оңаша кездесетін жер табылмағандай! – деген ашулы үн шықты.

-Ұялса не етті?! Жапанда екеуінен басқа жан жоқтай! Біздің кезімізде қандай заман еді?! – деп, қасында тұрған апаның сөзін жалғастырған қарияның сөзі Ерболдың тұла бойын шымырлатты. Жолдың арғы бетінде құшақтасып тұрған ғашықтарға көз салған ол назарын қарияға аударып:
-Сіздің заманыңызда қалай еді?! Бір қызды ұнатқан болсаңыз, сезіміңізді жеткізу үшін ұзақ уақыт оқталып, ақыр соңында жеткізе алмай-ақ кетуіңіз мүмкін бе еді? Қызға деген сезіміңізді қаншалықты дәлелдеуге тырыссаңызда, нәтиже шықпаушы ма еді? Қыз деген қашан да қол жетпес биік шың болып қалушы ма еді? Ондай сезім сіздің заманыңызда ғана болды ма?! Олай емес! Олай емес… – деп бар дауысымен айғайлағысы келді. Оның ойын қарияның:
-Неменеге бежірейіп қарайсың?! Мен біреуді өлтіріп тастағандай қарадың ғой! – деген мысқылды дауысы бұзып жіберді.
-Кешіріңіз… Мен… – дей беріп еді, бағдаршамның түсі жасылға өзгерді. Жолдың арғы бетіне өтіп, күткен автобусына отырған ол өткен өмірін көз алдынан өткізе бастады. Бәрі қалай басталып еді?..
…Ол кезде көңілге қуаныш ұялататын көрікті көктем еді. Екеуі облыстық драма театрында танысты. «Махаббат деген немене?» атты қойылымға барған Ербол көп адамдар мән бермеген сыңай танытса да, іштей мән беретін бұл сұрақтың жауабын қойылымнан емес, қасында отырған қарапайым қыздан тапқан болатын. Бас көзі сахнадағы қойылымда болса, жүрек көзі көңілінен шыққан қызда болған ол уақыттың тез өтуін тілеп отырды. Қойылым аяқталып, жиналған жұрт тарай бастағанда танысудың сәті түсті. Әдетте сырт көзге өркөкірек болып көрінетін қыздар таныса келе қарапайымдылық танытатын еді. Бұл жолы бәрі де керісінше болды. Ерболдың көзіне қарапайым көрінген Сағыныш әлдеқайда тәкаппар мінезді болып шықты. Телефон нөмірін сұраған Ерболға кім көрінгенге өзі туралы ақпарат бере бермейтінін айтқан қыз теріс бұрылып кетті. Өмірде мұндай сәттердің жиі бола бермейтінін түйсінген жігіт қыздың қыр соңынан қалмады. Аялдамаға дейін еріп барған ол қызбен бірге бір автобусқа жайғасты. Алғашында қыз қырқынның соңынан қалмайтын көптің бірі болып көрінген жігіт бұл жолы Сағынышқа ерекше әсер қалдырды. Бірақ мұнысын білдіргісі келмеген ару:
-Бекер әуреленесіз! Нөмірімді бере алмаймын! – деді.
-Бере алмауыңыздың тым болмағанда бір себебін айтыңызшы! Әлде жігітіңіз бар ма? – деді Ербол қиылып.
-Иә, жігітім бар! – деген жауап алған Ербол сәл ойланып:
-Өмірде өлімнен басқасының бәрін өзгертуге болады деген рас болса, менде мүмкіндіктің бар болғаны ғой! Өтінем, бетімен қақпаңызшы! – деді жалынышты үнмен. Сағыныш оны әрі қарай жалындырмады. Телефон нөмірін қолына ұстатты. Бұлай айтқанына оңай көнуінің де себебі бар: «Жігітім бар» деген ол шын мәнінде көңілінен шығар ешкімді кездестірмеген еді. Ол қалаған адам тек қиялында өмір сүретін. Қарсы алдында отырған жігіт сол қиялындағы адамға ұқсай бастағандықтан болар, жігіттің өтінішін жерде қалдыра алмады. Осы сәтте Ербол «Қалайша бұлай болды?! Әдетте бақыт адам басына оңайшылықпен қонбайды! Күресу керек!» деп ойласа, Сағыныш «Айтқанына көніп, ырқына жығыла берсем, қадірімді кетіріп алармын. Одан да өзімді асқақ қалпымда ұстайын» деп ойлап үлгерді. Осылайша басталған таныстық соңында табысумен аяқталды. Тек… бұл табысу ұзаққа созылмады.
Көрікті көктем кетіп, жайдары жаз мезгілі де жетті. Қос ғашық кездескен сайын жүректері алып ұшып, бір-біріне ынтық болғанмен, араларында түсініспеушілік туындай беретін. Сол түсініспеушіліктің себептері де сан қилы. Және көп жағдайда себепші болатын Сағыныштың өзі болатын. Бұл жолы да солай болды:
-Тағдыр бізге қосылуды жазбаса не етер едің?- деді ол назды үнімен.
-Қайдағы жоқты айтпашы! Қоспағаны несі?! Ниетіміз түзу болса, қосыламыз! Тек біраз уақыт керек… Оқу мен отбасылық өмірді қатар алып жүру қиын. Бір жыл шыдайық, – деді Ербол мұңлы кейіппен.
-Бір жыл?.. Бір жылда көп нәрсе өзгереді ғой… Бір жыл емес, бір күнде көп нәрсе өзгереді! Мысалы, ұйқыға кеткен адам қайтып тұрмай қалуы мүмкін дегендей… Адам өз дегенін істегісі келеді, ал тағдыр өз дегенін істейді.
-Сағыныш, саған осындай жаман ойлар қайдан келеді? Тек жақсы нәрселерді ғана ойлайықшы. Қалай болғанда да дәм-тұзымыз таусылғанша өмір сүреміз де…
-Жоқ, сонда да айтшы. Не етер едің?
-Сенсіз маған өмір жоқ…
-Біліп едім осылай жауап береріңді! Жаттанды сөз ғой…
-Сонымен не айтқың келеді? Маған сенбеймісің?
-Жай әншейін… Сөздеріме мән бермей-ақ қой. Бәрі де уақыттың еншісінде.
-Енді мұндай жайсыз ойлар айтпаймын деп уәде берші маған!
-Уәде берейін,- деп сәл жымиған Сағыныш келесі кездесуде де жайсыз әңгімелердің басын қозғады:
-Ербол, сен мені не үшін жақсы көресің?
-Ондай да сұрақ бола ма екен?! Бар болғаның үшін жақсы көремін! Себепсіз-ақ жақсы көремін сені!
-Олай да бола ма?.. Себепсіз жақсы көру… Ал отбасын құрғанда сезім суыйды, сонда немді жақсы көресің менің?
-Сағыныш-ау, тағы бастадың ба?! Сезім суымайды, ол не үшін өшуі керек?! Сезім өшер болса, оған кінәлі сен ғана болмақсың!
-Не үшін?
-Сол үшін! Сен маған үнемі күмәнмен қарайсың! Сен сағымдайсың. Қаншалықты саған жақындағым келген сайын менен алыстай түсесің. Айтар ойларың үміттен гөрі күдікке толы: «тағдыр қосылуды жазбаса», «сезім сөніп қалса…» деп басталады әңгімелерің! Олай да бола ма, Сағыныш! Сенім болмаса, несіне жүрміз?! Әлде сен мені жақсы көрмеймісің?
-Мұны қайдан шығардың?! Жақсы көрем…
-Онда не үшін ойларың тұманды? Үнемі менен сезімімді дәлелдеуімді қажет етесің, бірақ сен дәлелдеп көрдің бе? – деді Ербол ашулы үнмен. Оның бұлайша ашуланғанын бірінші рет көрген Сағыныш сәл ойланып:
-Артық ойлар айтқан болсам, кешірім сұраймын. Мен не айтсам да өмірде болуы мүмкін жайлар. Сен айтқандай-ақ болсын… Болашақты болжап, бал ашпай-ақ қояйық. Болатын нәрсе болады, болмайтын нәрсе болмайды! Тек бір білерім, адалдық аққуларда ғана болады… – деді оны сабырға шақырып. Сүйгенінің соңғы сөзін түсінбеген Ербол не айтқысы келгенін сұрауға оқталды да, тұтанып тұрған отты өршітпеуге бел буды. Үнемі қол ұстасып жүретін қос ғашық бұл жолы үнсіз ғана, аралары алшақ күйде келе жатты. Бұл жолы екеуінің аралары мәңгілікке алшақтайтынын ешкім де сезбеген еді…

Жолдың арғы бетіне өтуге оқталып тұрған екеуі екі жаққа қараумен болды. Ойлары да екі жақта. Ішінен «Мен неге осындай орынсыз сұрақтарды қоя беремін? Мен не үшін сабырсызбан? Неге асығамын?» деп ойлаған Сағыныш тағы да сабырсыздық танытты. Оның бұл жолғы сабырсыздығы сүйгенімен ғана емес, өмірімен қош айтысуға себепші болды. Бағдаршамның жасыл жануын тағатсыздана күтіп тұрған ол ойдың жетегінде тұрып, қалайша жүріп кеткенін байқамай қалды. Аса жоғары жылдамдықпен ағылып жатқан көліктердің бірі тежегішті басып үлгермей, оны қақты да кетті. Қыздың жанұшыра шыққан дауысынан селт еткен Ербол артына жалт бұрылды…

Міне, сол оқиғаның өткеніне аз уақыт өтпеді. Дегенмен оңаша қалған сәттердің бәрінде Ерболды «неге?» деген сұрақ мазалай бастайды. Сағыныштың көзі тірі кезінде қойған сұрақтарды өзіне қайта-қайта қояды. Бірақ ол кездегі жауап пен бұл кездегі жауаптар екі түрлі сияқты: «Сағыныш!.. Неге мені мазалайсың? Түсіме жиі енесің… Сенімен танысқан сол күні сені мәңгілік сағыныш болып қаларыңды сезбеппін ғой. Сенің елесіңнен қашсам да, құтыла алмаймын… Мүмкін сені жүрегімнен жібере алмаған болармын әлі де? «Тағдыр қосылуды жазбаса, не етер едің?» деуші едің. Мен сенсіз өмір жоқ екенін айтатынмын. Алайда арада екі жыл өтті, бірақ мен әлі де өмір сүрудемін. Енді қанша сүрерім белгісіз, әйтеуір әзірге тірімін… Сен бір күнде көп өзгеріс болуы мүмкін екенін айтушы едің. Мен сол күнгі оқиғадан кейін бір күн емес, бір қас қағым сәттің де көп нәрсені өзгерте алатынына көзім жетті… Сен «сезім суып қалса…» дегенді көп айтушы едің… Сезім суып қалса, кеудең қуыстанып, әлдебір нәрсе жетіспей тұратындай күй кешеді екенсің… Сол бос орынды толтыратын адам іздейді екенсің… Ол бос орынды толтыратын өзің ғана едің, бірақ сен жоқсың ғой бұл әлемде… Жақсы көрудің де себебі болуы керек екенін айтатынсың. Мен қазір өзгені жақсы көремін және себебін де білемін. Себебі ол мені сені сүйген жүрегіммен қоса жақсы көреді… Аққуда ғана адалдық бар деуші едің, оған да көзім жетті… Мен кеудемдегі бос орынды толтыра білген адамды кезіктірдім… Бәлкім, аққу болсам мен де артыңнан кетер ме едім, бірақ мен адаммын…Кешір… Саған берген жауаптарым да, саған берген уәделерім де жалған екен… Бәрі де жалған, өмірдің өзі алдамшы, жалған ғой!.. Бірақ бір ақиқат бар… Егер сол соңғы кездесуде сенен мәңгі айрылып қаларымды білсем, өлсем де қолыңнан жібермеуші едім! Не бірге өлер едік, не бірге тірі қалар едік… Мен көп нәрседен қорқады екенмін… Қорқатындардың ішіндегі ең қорқатыным – жоғалту екен. Сондықтан, мен қазіргі жұбымның жанында жүргенде қолынан жібермеймін. Себебі, оны да тағдыр тартып ала ма деп қорқамын. Бір кездері үнемі ұстап жүретін аялы алақаныңды бір сәттік ашуға бола босатып едім, сенен мәңгілікке айрылып қалдым. Енді жүрегімен босатуға тура келіп тұр. Себебі, мен – адаммын, мен – тірімін… Ал енді мені мазалама…» Өз ойымен өзі арпалысып отырған Ерболдың көзі қол ұстасып кете бара жатқан жұпқа түсті. Ол ішінен «Жұптарың жазылмасын!..» деп қайталай берді…
Бөлісу:

3 пікір