Тарантиноның Джангосы, Құбыжықтар корпорациясы және Гензель мен Гретель

Бүгін күн бейсенбі. Қазақстанда жаппай жаңа фильмдер көрсетіле бастайтын уақыт. Ендеше, жұмыстан кейін яки демалыста кинотеатр жағалап қайтамын деген біздің қадірлі де қымбатты оқырмандарымыз Киностан әзірлеген жаңа шолумен таныса алады.

Осы апта киномандар үшін сәтті шықты. Ойлап қараңыз: әуелгі болып сөзді ел үркетін фашизмді әжуәлап тастаған Тарантино алды. Бұл жолы ерекше жұмыс әдісі бар маманның нысанасына құлдық тақырыбы ілікті. Одан кейінгі кезекте ескі де жаңа «Құбыжықтар корпорациясы». Pixar-дың ең үздік туындысы деп аталып жүрген мультфильм 3D форматта қайта оралды.

Бұлармен қатар шығатын Борн туралы франшизаның соңғы фильмінде ойнаған Джереми Реннер бар «Гензель мен Гретель: Мыстан аулаушылар» да, аз ақша шығарып, үлкен табыс тапқан «Паранормалды құбылысқа» пародия ретінде жарық көріп отырған «Жынға толы үй» де, «Ата-ана тәрбиесі» атты комедия да көптің сұранысына ие болады-ау деп топшылап отырмыз. Сонымен…

Азат етілген Джанго / Джанго освобожденный


Көптен бері елді ұлардай шулатып жатқан фильм әлемдік премьераға өткен жылдың аяғында шықса да, Қазақстанға енді жетті.

Танымал Тарантиноның «Азат етілген Джангосы» «Дантист» деген лақап аты бар ақылы түрде қылмыскерлерді жоюмен айналысатын Кинг Шульц пен оған көмекші болған өз есебі ішіндегі қашқын құл Джангоның басынан кешкен оқиғаларды суреттейді. Сұмырай неміс офицерін әдемілеп ойнап беріп, егде тартқан шағында Голивуд пен әлемге атағы шыққан Кристоф Вальц және Уилл Смит, Крис Такер секілді мамандардың алдын орап Джанго рөліне ие болған Джейми Фокс дуэті ерекше стильдегі Тарантино туындысының мәні мен жаны болмақ. Бұлардан бөлек фильмде біз Жабайы Батыстың жалмауызын сомдаған Леонардо ДиКаприоны, титрдан оқымасаң танымай қалатын түрі бар Сэмюэл Л. Джексонды көре аламыз.

Бір сөзбен айтқанда, Киностан көруге қатты кеңес береді  



Жынға толы үй / Дом с паранормальными явлениями


Бар болған 15 000 АҚШ долларына түсіріліп, 190 миллионнан астам пайда тауып рекорд қойған «Паранормалды құбылыс» есіңізде ме? Көрсеңіз, ұнаған шығар, қорыққан боларсыз? Ендеше, дайындалыңыз, сізді одан да үрейлі фильм осы аптадан бастап күтеді.

«Жынға толы үй» — пародия. Пародия болғанда да сол баяғы «Ең қорқынышты фильм» стиліндегі дүние.

Сюжетін қысқаша айтсақ: Малкольм мен Киша өздері көптен арман еткен жаңа үйге көшіп келеді. Бірақ көп кешікпей онда шайтан тұратынан біледі. Кишаның есі ауыса бастағанда, Малкольм діни қызметшіні, экстрасенсті және жын аулаушылар командасын көмекке шақырады.

Қара әзілді, кино троллингін ұнататындар үшін таптырмас фильм.



Құбыжықтар корпорациясы / Корпорация монстров


Марқұм Стив Джобстың кезінде қырсығып, қызметкерлерін қудалап отырып жұмыс істеткізген Pixar-ы соңғы жиырма жыл бойы анимация саласындағы үздік компаниялардың бірі болып отыр. Қай-қай туындысы да жарық көрмей жатып танымал болып кететіндігі өз алдына әңгіме. Пиксарлықтар әр кейіпкерге, әр кадрға жан бітіреді деген пікірді сыншылардың жиі айтатыны тағы бар.

Ендеше, неге елдің есі кетіп ұнатқан «Құбыжықтар корпорациясын» прокатқа қайта шығармасқа!? 3D форматта. «Арыстан патшадан» кем бе?  

Сюжетін айтып, іштеріңізді пыстырмай-ақ қояйық, онсыз да білесіздер. Бұл фильмге қатысты айтарымыз бір: бару керек. Әрине, Монстрополисты, Саллиді, Буды, Майк Вазовскиді ұнатсаңыздар.



Гензель мен Гретель: Мыстан аулаушылар / Охотники на ведьм 3D


Ағайынды Гриммдердің ертегілерін кім пайдаланбады, кім қалай экранизацияламады. Енді, міне, кезек «Гензель мен Гретельге» келіпті.

Режиссер Томми Виркола ертегіні қайта түсіруді емес, жалғасын экранға шығаруды жөн көріпті. Анау күні ғана Аарон Кросс болып «Борнның мұрасына» иелік еткен Джереми Реннер алып мылтық алып мыстан атаулыны тырқырата қуады. Оған Гретельдің рөлін ойнаған Джемма Артертон қосылады.

Фильм түпнұсқа ертегідегі жағдайдан кейін болған оқиғаларды баяндайды. Зұлым мыстанның қолынан әрең аман қалған Гензель мен Гретель кек алуды мақсат етіп, зұлымдыққа қарсы күрес жолында аянбай айқасқа түседі.

Арнайы эффектілерді ағыл-тегіл қолданған фэнтези-ертегі қан қыздырып, қопаңдап қайтуға әбден жарайды.



Ата-ана тәрбиесі / Родительский беспредел



Біздің тізімге іліккен бес фильмнің ішіндегі ең елеусізі осы болды. Қара әзілді «Азат етілген Джангоның», қып-қызыл пародия «Жынға толы үйдің», өткен-кеткенді еске түсіретін «Құбыжықтар корпорациясының», жүрек ұшыратын кейіпкерлері бар «Гензель мен Гретель: Мыстан аулаушылардың» фонында «Ата-ана тәрбиесі» көңілді, артық-ауыс әңгімесі жоқ туындының кейпіне ие болып отыр.

Элис өзінің балаларын әке-шешесінің қолына тапсырып кетеді. Қариялар да немерелерінің келгеніне риза болады. Көп кешікпей Арти мен Диана (балалардың емес, атасы мен апасының есімдері) үнемі сабақ оқу мен тек күн тәртібімен жүріп-тұру балалар үшін зиян деп шешіп, нағыз балалықтың қандай екенін көрсетпек болады. Осылайша нағыз шу басталады.

Қысқасы, ми тынықтыратын мейірімді кино.



Құрметті киносүйерлер!
Киностан алдын-ала хабарланған, бірақ дер кезінде прокатқа шықпай қалған туындылар үшін жауап бермейді.
Шолу Киностан сайтында жарияланған мәліметтер негізінде дайындалды. Өз пікір-ойыңызды фильмнің жеке бетінде қалдыра аласыз.
Сіздерге тек қызықты фильмдер тілейміз!

Дінмұхамед Зиядин
Бөлісу:

6 пікір

patick
Джангооооооо? Джангооооооо!
Nurgisa
Ана бір жерді «біздің қадірлі де қымбатты оқырмандарымыз Киностан әзірлеген жаңа шолумен таныса алады» деп емес, «біздің қадірлі де қымбатты оқырмандарымыз Киностан әзірлеген жаңа шоумен таныса алады» деп оқығым кеп кетті.
qisyq
Кеше мен алғашында шоу деп жазып жіберіппін.
zholantai
Спагетти-вестерндерді дұрыс көргендіктен, Кристоф Вальц ойнағандықтан барамын, кинотеатрға. "Өз стиліндегі Тарантиноның киносы болғандықтан" деп айту артық енді. Еһһ, Тарантино, «Биллді өлтіру»-осымен қаншама рет қайталап көрген фильмім ғой, рысбек саған.
madikon
Бүгін ғана «ата-ана тәрбиесіне» барып көріп келдік. Жас шектеу болмағандықтан сіңлілеріммен соған баруға тура келді. бірақ керемет, комедия жанрында, тек күлумен болдық!
Abilakim
Гензель мен Греттелдің жапондық па корейлық па бір нұсқасын көріп едім бұрындары. мынау қызықтырақ секілді.Джангоны тамашалайтын болармын. Шолу керемет!