Амур aka Эрос
Бірінші бөлім. Қыз
«Айка! Айка! К тебе!»
Қоңсы орналасқан киім сатушы Светлана Павловнаның зор дауысын қатардың мына басынан естіген ол дүкеніне қарай тапырақтай жөнелді. Айналдырған алты ай бұрын ғана бәліш, тоқаш сатып жүрген Айка бүгін білдей бір киім бутигінде жұмыс істейді. Күн аяғында келіп бастығының есеп-қисап жасап кететіні бар, ал былайғы кезде өзі би, өзі қожа.
Оның үстіне ер адамдардың киімін сатқан да қызықтырақ болып шықты, осы жұмысының арқасында жігіттермен сөз қағыстыру өнерін де біршама меңгеріп алды.
Қалаға қызының артынан жетіп, пәтеріне жақын орналасқан шағын маркетке дүкенші болып тұрып алған шешесінің де көңілі тоқ. Кезінде қысы-жазы қабағы жазылмай жүретін ана кейінгі кездері қызына «болашақ күйеу бала» туралы әңгімелер де айта бастағанды шығарды.
Кішкентай кезінен сырласып үйренбегендіктен бе, Айка «мама, әлі ерте, қойшы» деп құтылатын болды. Әйтсе де, көңілінің терең түкпірінде әлдебір атпал азаматты кездестіріп, құшағына жар болып, қойнына бала сыйлағысы келеді-ақ, бірақ, жұмыс пен үй ортасын шаң қылудан қолы тимейді.
Ентігіп жеткен ол бутигінің ашық тұрған есігінен еніп еді, төр жақта қаз-қатар ілінген қыстық қалың жемпірлерді қарап, арқасын есікке беріп бір жігіт тұр екен. «Вам что-нибудь подсказать?» деген бұл «Нет, нет, спасибо» деген қоңырқай, жағымды дауысты естіді.
Жанына жетіп баруға ыңғайсызданды, алайда, ары қарап тұрған құпия жанның келбетін аяқ асты көргісі келіп кетті. Кенет жүрек қағысы жиілеп, өз-өзінен өрекпіп, тынысы тарыла бастады.
Ойына кеше кешкісін құрбы қыздарының картамен бал ашып отырып «Айка, сен бүгін арманыңдағы жігітті кездестіреді екенсің, так что мүмкіндікті жіберіп алма» деп айтқаны, оған күліскендері, таңертең жұмысқа келе жатып оң көзінің қоймай, қайта-қайта тартқаны түсті.
Ұшқыр қиял қазір таныстықтың қалай жүретіні, қалай өрбитіні және одан кейін не болатыны секілді бойды бір ысытып, бір суытатын оқиғалаларды көз алдына әкеліп қыздың жағдайын одан әрі ушықтырып жіберді.
Ал бұл кезде жемпір қарап болған жігіт, тақиясын баса киіп, бұған қарата бұрыла бастаған болатын…
Екінші бөлім. Жігіт
Мара өзімен-өзі «Так, ақшыл жемпір жарасады маған, жолақтарына қарап алсам қалай болады екен, шамамен бес мыңға айналады-ау» деп ойымен оңаша қалып келе жатты да әлдебір киім бутигінің алдында кілт тоқтады. «Мужская одежда. Турция» деген жазуы бар шамы самаладай жарық дүкен ақыл мен сана сезінбейтін жоғары бір жиілікте мұны өзіне шақырғандай болды.
«Жындымын осы, қайдағы жиілік, жемпір алуыма көрініп тұр-ау осы жерден» деп іштей ойлады да Мара бутикке кіріп кетті. Төрде қаз-қатар қойылған «апайтөс» манекендердің түрлі дизайн мен түстегі киімдері өздеріне әдемі жарасып-ақ тұр. «Ептить, менің денем мынандай болса, маған да кез келгені жарасушы ед» деп күбір етті.
Әнеубір ақшыл жемпірге көз тастап салмақтап тұрғаны сол еді, есік жақтан «Вам что-нибудь подсказать?» деген қоңырау сыңғырындай дауыс естілді. Қапелімде, көңілін қотарып кеткен мұндай үннен есеңгіреп қалған Мара «Нет, нет, спасибо» деп өзін-өзі қолға алмақ болып бір сәт сатушыға арқасын беріп тұрып қалды.
Не болғанын өзі түсінбей қалған-ды. Алып-ұшып сонау мектепте көрші қызды балалық махаббатпен сүйгенін есепке алмаса, бұрын-соңды қыз үшін осындай күйге түсіп көрмепті. Ысыды, суыды. Таза ақылы мен қисынын бір белгісіз қою тұман басып қалған. Бір сәт қорқып та кетті. «Бісміллә» деп баяғыда ұмыт болған, ауылында қалған әдет есіне түсті. Сол-ақ екен әлдебір тәтті, кіндіктің төмен тұсын сыздатып барып жүрекке соққан сезім толқынының астында қалды.
Сәлден кейін терең тыныстап алды да жайлап бұрылды.
Үшінші бөлім. Қыз
Алғашында өзегін сұмдық бір өкініш өртеп кетті. Шомбал қара, ала көз, салпы ерін жігіт Айканың алабұртып тұрған сезімін аяусыз тепкіледі. Өзі ең жек көретін типтің тура алдында тұрғаны қанын қайнатып жіберді. Жаңа ғана жолында әне-міне құрбандық болайын деп тұрған жігіттің алды сатал курткасы мұның күллі өміріндегі сезімдерін астына басып, жырқылдай күліп жатқандай болды. «Дура, блин» деді ішінен. Басқа ештеңе ойына келмеді.
Төртінші бөлім. Жігіт
Селк ете қалды. Аласа ғана бойлы, қара гамаш бен қара юбканы қабаттастыра киген, Calvin Klein деген страздармен жазылған жазуы бар кофтасы белдің тұсында буылтықтата бөлектеніп тұрған қара қыз әлгінде ғана Мараның басын айналдырып, көңілін құлыпқа алды дегенге сенгісі келмеді. Бір қадам артқа шегінді де байқамай рефлекспен «Бісміллә» деп қалды.
Бесінші бөлім. Амур
Соңғы екі күннің дайындығын Айканың құрбысының картасына, оң көзіне, Мараның адаспай дәл осы бутикке келуіне, екеуінің дауыстарын сексуалды жағымды тонға өзгертуге, бастарына сезім тұманын төңкеруге, жүрек қағыстарын жиілетуге, қайдағы-жайдағы қияли көңілдің қытығына тиер ойларды оятуға жіберген махаббат құдайы Амур оң көзінің асты дір-дір етіп, ауызы аңтарыла ашылып Акюлдыз Исламовнаның бутигінің төбесінде қалықтап тұрды да қалды.
көзі соқыр махаббатқа операция жасатқан қу дүние-ай…
өмір кино емес, біле білсеңдер. тап осылай!
Ішіп отырған шәйіма шашалып қалдым
Халық: муахахаха,Қисық, қуасың сен, муахахахаха, кетч бар.
қатаң, өте қатаң…
Бірақ ұнады.
Мына жерінде күліп алдым: "«Ептить, менің денем мынандай болса, маған да кез келгені жарасушы ед» деп күбір етті".
Рахметім жұма әдемі басталғаны үшін айтылмақ.
аптал емес пе?
тым қатал бірақ риясыз жазылыпты… мен күле алмадым… мұздап кеттім…
оған қимаим)Позитив Керекке қайта келді!!!
Осындай кұсық басқан архивте жатқан шедеврлерді осылай восстановить етіп отырса, күшті екен ғой. От души оқыдым. Керемет сценарий, неге екенін " дәметкен әруақтар" деген теңеу келді ойыма, оқу барысында.%) Обал-ақ.