Skyfall: Аспан құлаған кез



Бонд, Джеймс Бонд күңгірт кеңсе, күйбең тірліктен сұрқай тартқан көрерменге қымбат көлік, сұлу қыз, деміңді алар қым-қуыт шпиондық өмірден ләззат алатын, қарапайым пенде көзбен көріп, қолмен ұстамаған соңғы технологиялармен жабдықталған еркектің сырттаны бейнесін елу жыл бойы сыйлап келеді. Ресми түрде 23-ші бондиана болған «Скайфолл» «Американдық сұлулық», «Өзгерістер жолы» секілді адам жанының ұңғыл-шұңғылына үңілуге тырысқан күрделі драмалардың «иесі» Сэм Мендестің құзырына берілді. Бұл фильмнің бағы да, соры да болған секілді.

Төтесіне салсақ, «бондиалаған» топ туындының тура осындай тым «адами» шығарын күтпеген сияқты. Содан болар ноландық «Қара батырдың оралуымен», өзге де өліп, қайта тірілген қаһармандармен параллель жүргізіп, сынап-мінегендер көп болды. Ырс-ырс төбелес пен гүрс-гүрс атыс аз болды дегендер де, «аш қасқырдай белі бүгілген арудың құшағындағы Бонд қайдалағандар» да, «ең болмаса тұтас ықшамауданды жоқ қылатын шынашақтай тапаншасы болушы еді» дейтіндер де Мэндестің мендік стиліне қапалы.



Шамасы, режиссер кино әлеміндегі соңғы құбылыс-қимылдарды ескеруге тырысса керек. Бір кездері шетелдік тыңшы атаулыға қырғидай тиіп, оң қолымен қымбат шарап құйылған ыдысты, сол қолымен үріп ауызға салғандай сұлуды құшақтаған Бонд бүгінгі күні ашық идеологиялық құрал ретінде қолданыла алмайды. Тапталып-тапталып тас жолға айналған сюжеттік желімен де тасыраңдап шаба жөнелуге болмайды. Ендеше жол біреу: өткенді шұқылап, туындыға драмалық сипаттар беру арқылы бондиананың болашақ фильмдеріне бағыт сілтеу қажет.

Сондықтан біздің «скайфоллдық» Бонд жоғарыда айтылған тапаншаны ұстамайды, баскесерлерге әкесінен қалған ескі мылтықтан атады. Жүз неше қабатты үйдің төбесінде емес, кіндік қаны тамған, құлау алдында тұрған үйде жауларын күтеді. Шотландтық виски ішеді, мұңды көзқараспен М-ді сүйемелдейді, ұзын-сонар әңгіме айтады.



Біздің айтқан ерекшеліктер алда түсірілетін жобалар үшін «туа бітті Бондты сүйетіндер» армиясымен қатар елу жылдан кейін «есейген» қаһарманды көргісі келетіндер аудиториясын да жинап берген сыңайлы. Ал жалпақ жұрт екі ортада қалған соң жақтырмай қалып жатыр.

Актерлық ойынға әлдене деу қиын. Дэниэл Крэйг, Джуди Денч, Рэйф Файнс, Бен Уишоу, Наоми Харрис секілді актерлар аса қиналмаған секілді, оны фильм талап етпейді де. Алайда, киберлаңкес Рауль Силваны ойнаған Хавьер Бардемді бөліп-жарып кеткен дұрыс. Мен үшін туындының нәрі мен сөлі сол болды. Бұрынғы бастығына наразы, бет-әлпетімен тура мағынада да, ауыспалы мағынада да есті шығаратын Бардемнің жағымсыз тұлғаларды ойнай алатындығы әлдеқашан дәлелденген-ді («Қарттарға мұнда орын жоқты» еске түсіріңіз). Бұл жолы да актер шеберлігінен танбапты: шашын ақсарыға бояп, әуейі кейіпке ене қалған испандық тамсану мен тірікену сезімдерін қатар береді.



«Скайфоллда» Бондтың қыздары да кейінге шегерілген. Әуелгі Ыстамбұлдағы кадрда қылаң берген қыз да, фильм бойы ана тұстан бір, мына тұстан бір көрініп қалып жүретін қараторы Наоми Харристің кейіпкері де, кеште танысып, қайықта табысқан Беренис Марло ойнаған хаса сұлу да туындының бетке ұстар Бонд сүйіктісі деп айтуға келмес. Керісінше бұларға қарағанда агент М және еркек басымен Крэйгтің санына қол жүгірткен Рауль Силва Бондқа жақынырақ болған секілді.

Тыңшылық экшн ұнайтын болса немесе бондиананы құлай сүйсеңіз әлде фильм басында тұра алмастай болған қаһарманның қайта жарып шығатыны туралы туындылар жаныңызға жақса онда «Скайфолл» сіз үшін түсірілген.



Фильмнің басында ойналатын Адельдің әні үшін ғана баруға болады деп ойлаймын

Әрине, «Рақымшылық квантымен» салыстырғанда «Скайфолл» көш ілгері. Классикалық қасиеттерінің біразынан айрылса да жаңа адами Бонд жеке менің қарапайым өміріме әлдеқайда жақын.

Шынымен де «аспан құлаған кез»…



Дінмұхамед Зиядин

Киностан
Бөлісу:

12 пікір

patick
DVD нұсқада көрем ба деп отырмын
Nurgisa
Көруге болады. Сюрреалисттік эпизодтан гөрі, осылай реал өмірге жақындау сипаты ұнады. Одан соң ағылшындардың кәнігі минимализмі. Бар заттар аса люкс, жалт-жылт етеді. Ретромәшнә да, сағат, киімі мен ареал да.
Стамбұлды аша алмады бірақ. Гранд базаардың кәрәмәтін паш ете алмады. Оны мақсат та тұтпаған шығар, бірақ «место действие» болғасын күтерің күрт көбейе түсе ме, сондай…
Спецэффекттер шындыққа жанасыңқырайды. Тек, ана лашықтың жертөлесіндегі жарылыс тым компьютірлендіріліп жіберген бе деп қалдым.
Өз басым, қыста суға сүңги қоймас ем… Қалш-қалш ету былай тұрсын, приколы аздау шаруа сияқты.
Айтқандай, анау елсіз арал шынымен бар нәрсе-ау. Өткенде Жапония ма, Қытай ма… кезінде судан алынатын пайдалы қазба байлықтарын алатын шахтерлерге салып берген қалашық болса керек. Қателесуім мүмкін.
Abilakim
Осы «агент 007-нің» бір бөлімін толық көріп көрмеппін. Неге екенін…
Nur
Осыған дейінгі корген Бонд хикаяларының ішінен тек «Казино Роял» ғана ұнаған еді. Сонда драматизм басымдау, реалға жақындау көрінген. «Скайфолға» жазылған рецензияларды оқысам, мынаусы одан да мықты сияқты. Негізі, қазақша рецензияны бірінші рет оқып отырмын, ұнады.
Nur
Галамтордан коруге мумкиндик бар ма екен? Кім біледі? Болса, сілтемесін лақтыра салыңдар…
asaubota
қандайы керек? кинотеатрдан камераға түсірілігені ма, әлде таза, жақсы сападағысы ма?
Nur
Болса, жақсы сападағысы жақсығо.
asaubota
егер фильмді шығарушылар ақша үшін емес жалпы халық көрсін деп өнер үшін шығарған болса интернетке де шығарып қойған шығар, іздеу керек. олай болмаса біраз уақыт күту керек болады.
omarbirat
Жақсы сападағы кемінше үш айдан кейін шығады әдетте. Қазірден бастап-ақ CamRip көшірмелері жүруі мүмкін.
ruben
«эм.ай.6-ның аты шықпай қалды» деп канторасын өртеп жіберіпті