ҚҰРБАНДЫҚ
Биылғы жылы Құрбан айт мейрамы қазан айының 26 жұлдызына сәйкес келіп отыр. Айт намазы, Алматы қаласы бойынша сағат 08:00-де оқылады
ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУДЫҢ МАҢЫЗЫ
Құрбан – ғибадат ниетімен белгілі бір уақытта құрбандық малын шалу.
Құрбандық шалу дүние-мүлік арқылы жасалатын ғибадат және уәжіп. Хижреттің екінші жылында бұйырылған. Құрбан – Аллаһ жолында істелген пидакерлік және Ол берген несібелерге алғысымызды білдіру.
Бай-дәулетті адамдар шалатын құрбан еттерінен кедейлерге берілуі мұсылмандар арасында сүйіспеншілік пен бауырмашылық сезімдерді нығайтады. Бай-дәулетті адамдармен қоса кедейлер де қуанышқа бөленеді. Құрбан арқылы келетін бұл қуаныш халықтың бақытын арттырады.
Сүйікті Пайғамбарымыз: «Кімде-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса біздің мешітімізге жақындамасын» (Әт Тарғиб уәт Тарһиб, ІІ том 155 б.) дей отырып құрбан шалудың байлар үшін маңызды міндет екенін көрсеткен.
КІМДЕР ҚҰРБАН ШАЛАДЫ?
Төмендегі шарттарға сәйкес мына адамдардың құрбандық шалулары уәжіб:
1) Мұсылман болу.
2) Ақыл-есі дұрыс болу.
3) Балиғат жасына толу.
4) Бас бостандығы болу.
5) Жолаушы болмау.
6) Нисаб мөлшерінде дүние-мүлкі және ақшасы болу (Құрбан нисабында дүние-мүлік пен ақшаның зекеттегідей бір жыл қолында болуы шарт емес).
ҚҰРБАНДЫҚ ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ШАЛЫНАДЫ?
Құрбандық шалудың уақыты – Құрбан мерекесінің бірінші, екінші және үшінші күні. Үшінші күні күн батқан соң құрбандық шалуға болмайды.
Құрбандықты шалуға алып бара жатқанда, малға жақсы қарау керек, итеріп, ұрып-соқпау керек. Малды қинамау үшін пышағын өткірлеп, жақсылап қайрап, құрбан шалушы қолынан келсе өзі бауыздайды, болмаса біреуге бауыздатқызады.
Құрбандық шалынатын мал сол жағымен және құбылаға қарап жатқызылады. Бауыздайтын адамның өзі «Бисимиллаһи Аллаһу әкбәр» деп малдың иегі астынан өңеші, кеңірдегі және күре тамырларын кесе отырып, бауыздау жұмысын бітіреді. Малдың жаны шықпастан басын кесіп алу және терісін іреу – мәкруһ. Құрбандық шалып жатқанда біле тұра «Бисмиллаһ» айтылмаса, ол малдың етін жеуге болмайды.
ҚҰРБАН ЕТІ МЕН ТЕРІСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР
Құрбандық шалған адам құрбанның етінен өзі де жей алады және басқаларына да жегізе алады.
Құрбан етін үшке бөліп: бір бөлігін құрбандық шалмаған кедейлерге таратуы керек, екінші бөлігін туған-туысқандар мен достарына таратуы керек, қалған бөлігін өзі мен отбасы мүшелеріне алып қалады. Құрбан етін түгелдей беруге де болады, дін оған рұқсат береді. Құрбан терісінен жайнамаз немесе үйде қолданатын бір нәрсе жасау дұрыс немесе бір кедейге я болмаса қайырымдылық мекемелерінің біріне берсе болады.
ҚҰРБАНДЫҚҚА ЖАРАЙТЫН ЖӘНЕ ЖАРАМАЙТЫН МАЛДАР
Малдардан тек қана қой, ешкі, сиыр, буйвол және түйе құрбандық болады. Бұлардан қой мен ешкі бір жасқа, сиыр мен буйвол екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Бірақ қой алты айдан асқанымен сыртқы көрінісі қомақты болса, оны да құрбан етіп шалуға болады.
Ал ешкі ондай емес, міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Қой мен ешкі бір кісі үшін құрбан болады. Сиыр, буйвол мен түйені бірден жеті адамға дейін ортақтасып құрбандық шалуға болады. Бұл жануарлардың мүйізсіз болуы, мүйізінің біразы сынық болуы, тістерінің көбінің түсіп қалуы және ақсақ болуы құрбандыққа шалуға кедергі емес.
Ал мына кемшіліктердің бірі болса, ол малды құрбандыққа шалуға болмайды
1) Бір немесе екі көзі соқыр болуы;
2) Мүйіздерінің біреуі немесе екеуінің де түбінен сынық болуы;
3) Құлағының немесе құйрығының жартыдан көбісінің жоқ болуы;
4) Аяғын баса алмайтындай ақсақ болуы;
5) Туғаннан құлақтары-құйрығы болмауы;
6) Тістерінің көбі түсіп, қарнын тойдыра алмайтын болуы;
) Ауру;
8) Сүйектерінің ішінде жілік майы жоқ, арық болуы;
9) Желіндерінің ұштары жоқ;
10) Қой мен ешкі емшектерінің бірі, сиыр тектестердің екі емшегі бірдей құрып қалуы.
Бұдан басқа қораз, тауық сияқты үй жануарлары мен еті желінетін жабайы жануарлар құрбан болмайды.
НӘЗІР ҚҰРБАНЫ
Нәзір – бір адамның жасауға міндетті емес нәрсені өзіне уәжіп қылуы.
Нәзір екіге бөлінеді:
1) Ештеңеге байланысы жоқ нәзір.
Бір адам «Аллаһ ризашылығы үшін бір құрбандық шаламын» деп айтса, құрбандық шалу оған уәжіп болады және нәзірін қалаған уақытында орындайды.
2) Бір нәрсенің болуына немесе болмауына байланысты шалынатын нәзір құрбаны.
Мәселен «Ауруым жазылып кетсе, Аллаһ ризашылығы үшін бір құрбандық шаламын» деп айтқан адам ауруы жазылған кезде, құрбандық шалуы – уәжіп. Айтқан ісі іске аспай тұрып құрбандық шалуы дұрыс емес.
Нәзір, тек қана құрбан болып шалынатын жануарлардан болады: тауық, қораз сияқты жануарлардан нәзір құрбаны болмайды.
Нәзір құрбанының етінен атаған адамның өзі, жұбайы, әкесі, шешелері, аталары, әжелері, балалары мен немерелері жей алмайды және нисаб мөлшерінде дүние-мүлкі және ақшасы бар бай, дәулетті болып есептелетін адамдар да жей алмайды. Нәзір құрбаны түгелдей кедейлерге таратылуы керек.
Өлген адам үшін құрбандық шалудың мәні
Өлген адам үшін құрбандық шалғысы келген адам мұны құрбан айт күндері шалуы керек. Мұндай құрбан етінен, құрбандық шалған адамның өзі де, басқалары да жесе болады.
Егер құрбандық шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, бұл құрбанның етін мұрагерлері жей алмайды, бәрін түгелдей кедейлерге таратып беру керек.
Құрбан айтында тілеген тілектеріңіз қабыл болсын!