Үнсіздік

(Небары он екі жасында келместің кемесіне мініп кеткен Ақтілектің рухына арнаймын)

Өмірдің мәні қанша ғұмыр берілетінінде емес, оны қалай өткізе білуіңмен өлшенеді. Кейбір «шырылдауық шегірткенің» күйін кешкен адамдар кеудесінен соңғы демі шыққанға дейін өмірге не үшін келіп, не үшін кетіп бара жатқанын түсінбей-ақ кетеді. Өмірде одан асқан өкініш бар ма екен? Ал кей адамдар…

Бүгін Ақеркенің өміріндегі ең қуанышты күндерінің бірі болуға тиіс еді. Бірақ оның жаны жабырқап, әлденеге көңілі толмай жүр. Мұның себебін сұраған тірі жан болмады. Әкесі ішімдікке салынған, шешесі аурушаң қыздың жанашырлары жоқтың қасы еді. Бұл жалғанда жоқ болса қол ұшын бере алмайтын, бар болса көре алмайтын жандар көптеп кездеседі.Оның туған туысқандары да бұл отбасыдан бойларын аулақ ұстайтын. Оңашада ойға бататын кішкентай қыз «Олар бізбен не үшін араласпайды? Әкемнің маскүнем, шешемнің аурушаң болғаны үшін менің не жазығым бар?» деп ойлайтын.


Бүгін оның туған күні. Алтыншы сыныпта оқитын ол он екіге толды. Оған «құтты болсын!» айтқан біреу болмады. Таңертен маңдайынан иіскеген әкесі «Бүгін сенің туған күнің, қызым! Бұны атап өтпесе болмайды! Жуу керек!» деп, әндеткен күйі үйден шығып кеткен. Оның бір кетсе молынан кететінін түсінген қызы киім — кешегін киып, мектепке қарай бет алған. Талма ауруымен ауыратын анасының да емханада жатқанына бір аптадан асып кетіпті. Қорғаны бола алмаған ата — анасын көз алдына елестеткен Ақерке көзіне жас алып, бір күрсініп алды да, мектебіне қарай аяңдай берді…

Тұрмысы нашар болса да, жақсы оқуға талпынатын оның еңбегін ешкім елей бермейтін. Ол өзіне «маскүнемнің қызы», «қояншық Күләштің қызы ғой» дегендей сұқтана қарайтын сұсты көздерден жасқанатын. Кейде бірге оқитын сыныптастарының мазақ етуінен сескеніп, біліп тұрған сабағын айта алмай, бұғып қалады. Ондай сәттерде оқушыны жігерлендіріп, демеу көрсетудің орнына «Әкең іше бергенше, саған көңіл бөлмей ме? Көйлегіңнің жағасы да кір! Жуатын шешең жоқ па?!» деп ұрса жөнелетін мұғалімі де оның жаралы жүрегін одан әрі жаралайтын. Мектеп қабырғасында оның жанын түсінетін екі – ақ адам бар: бірі сурет пәнінің мұғалімі — Сәуле апай болса, бірі парталасы — Әділет еді. Оның ерекше қабілетін байқаған сурет пәнінің мұғалімі оған елден ерек көңіл бөлді. Тіпті сыныпта оны оңаша шақырып алып, түрлі түсті қағаздар мен қарындаштар сыйлаған да кездері болды. Ондай кезде бойын қуаныш кернейтін Ақерке «Мен қазір кішкентаймын. Бірақ өскенде сіздің үмітіңізді ақтап, әлемге әйгілі суретші боламын! Сол кезде сіз менімен мақтанатын боласыз!» дейтін жанары жасқа толып.

Ал парталасы Әділет қатарластарының алды болмағанмен, сабырлы да салмақты, артық сөзі жоқ, орнымен тұрып, орнымен жүретін бала болатын. Сыныптастары Ақеркені мазақтаған сайын оның да жүрегі қоса ауырады. Үйіне барып, дастархан басында отырғанда ол ата — анасына сыныпта болған жайды баяндап, ойлы кейіпте отырып «Мен өскенде үлкен жігіт боламын. Күшім көп болады. Сонда Ақеркені қорғап жүретін болам» дейтін сөздеріне әке — шешесі «Кіп-кішкентай болып осындай сөздерді қайдан үйреніп алады екен! Әлі бала ғой! Қайдағы бір маскүнемнің қызын қорғаймын дей ме? Өсе келе талғамың да өзгереді» дейтін күле қарап.

*** *** ***
Үзіліске арналған қоңырау шыр еткенде оқушылардын бәрі шуылдап, далаға шықты. Бірі асханаға, бірі дәретханаға қарай бет алып, кейбірі қуаласпақ ойнап жүргенде Әділет сынып ішінде қалды. Ол сөмкесінен сурет салатын жаңа дәптерді алып шығып, «Берсем бе, бермесем бе?» дегендей сұраулы кейіпте біраз отырды. «Берсем де қалай берем? Не деп берем? Әлде сабақ аяқталғасын...» деген сұраққа жауап таба алмай отырған сәтте кіру үшін соғылған қоңырау үні естілді. Ойын жинақтай алмай қалған ол не де болса деп, сатып алған сурет дәптерін Ақеркенің сөмкесіне сүңгіте салды…

Үйіне жабырқаулы жүзбен оралған Ақерке үй тапсырмаларын орындауға дайындала бастады. Қаламсабын алуға оқталған ол сөмкесінің бір бұрышында тұрған сурет дәптерін көрді. Ештеңе түсінбеген кейіпте қолына алып, бірінші бетін ашып еді, жүзіне күлкі ойнап, жадырап сала берді. Маржандай қаз қатар тізілген «Туған күніңмен! Сен бақытты болуға лайықтысың! Әділет» деген сөздер оның тұла бойын шымырлатып, көзіне еріксіз жас үйірді. Ақерке осы сәтте адам өмірінде өзі біле бермейтін тілеулестердің болатынын түсінді. Біреуге керек екеніңді сезіне білу — зор бақыт! Ақерке осы сезімді басынан өткергенде көңілі толқып, жүзіне күлкі үйірілді. Сәлден кейін үй тапсырмаларын ысырып қойып, сурет сала бастады…

Ертесінде мектепке барған ол сыныпқа кіре салып көзімен Әділетті іздеді. Ол да Ақеркені күтіп отырғандай-ақ, сырт еткен есік дыбысына елең етіп, артына жалт бұрылды. Жанарлары түйіскен екі дос бір — біріне жымия қарап, парталарына жайғасты. Осы сәтте Ақеркенің көзінен «Саған деген алғысым шексіз» деген, Әділеттің жүзінен «Шын жүректен!» деген сөздерді оқу қиын емес еді. Орнына жайғасқан Ақерке өмірде сөйлемей-ақ сөйлесуге, сөзсіз-ақ түсінісуге болатынын ұқты. Бұл үнсіз тілдесу оның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жаңадан туғандай күй кешуіне себепші болды. Тарих пәнінің мұғалімі тарих беттеріне үңіліп жатқанда, кішкентай қыз іштей өзінің жан дүниесіне терең үңіліп отырған болатын…

*** *** ***
Бұл жолы Ақерке үйіне жалғыз қайтпады. Қасында Әділет еріп келеді. Екеуінің де жүзі төмен қарап, аяқтарын асыға басуда. Не үшін асығыс келе жатқандарын өздері де білмейді. Әділет жан — жағына жалтақ — жалтақ қарап қояды. Көшедегі адамдар өз шаруаларымен жүрген болса да, құдды бүкіл әлем өздеріне назар салып тұрғандай ұялған ол бар күш жігерін жинап:

-Ақерке, тоқташы,- деді өтініп. Кілт тоқтаған Ақерке оған сұраулы жүзбен қарады. Осыны күткен бала:
-Ауыл сыртындағы өзен жағасында әдемі гүлдер бар. Гүл теріп қайтсақ қайтеді? Күн жылы ғой!- деді қиыла қарап. Оқу жылы аяқталар мезгіл жетіп, көктем келгелі күн де жылынып тұрған. Ақерке қарсылық білдірмеді. Үйінде күтіп отырған әке — шешесі жоқ қыз бала ауылдың шетіне бет алды. Өзен жағасына жеткен олар демдерін басып отыр еді, кенет Ақерке:

-Қызық… Күліп жатыр ма, әлде жылап жатыр ма екен? — деді. Сұрақты түсінбеген Әділет:
-Кімді айтасың? — деді таңырқаған кейіпте.

— «Кімді?» емес, «нені?» де. Мына өзенді айтам, күліп жатыр ма екен, әлде жылап…

Ішек-сілесі қата күлген Әділет:
-Оййй… сен де айтады екенсің! Өзен жылаушы ма еді, ол күлуші ме еді? Адам емес қой!- деді күлкісін тоқтата алмай.

-Қайдан білесің? Сыңғырлап аққан дыбысына құлақ түрші. Тек не күлгені, не жылағаны белгісіз, әйтеуір сыңғырлайды да жатады…

Осылай деген Ақерке сөмкесінен Әділет сыйлаған сурет дәптерін алып шықты. Өзінің сыйлығын тастамай, алып жүргеніне қуанып қалған бала:

-Не істемек ойың бар? — деп сұрады.

-Сурет саламын.

-Ой, мына жер сурет салатындай өте әдемі емес қой…

-Қайдан білесің?! Салып болайын, сосын көрерсің…

-Онда сен сурет сал, ал мен суға түсіп келейін, — деген Әділет біраз уақыт Ақеркенің көзіне көрінбей, аулақта жүрді. Сүт пісірім уақыттан кейін Ақеркенің қасына келген ол кінәсіз де, күнәсіз періште қызға өзі терген бір құшақ гүлін ұсынды. Жүзі қуаныштан балбұл жайнап, «рахмет, рахмет...» деп қайталай берген Ақерке:

-Ал енді мен салған суретке қара! — деді жымиып. Міне, ғажап! Сылдырап аққан өзен, ашық аспан, қалықтап ұшқан құстар, жағалай өскен ағаштар, қызылды — жасылды әсем гүлдер аядай ғана параққа сыйып кетіпті. Жане өмірдегі көрініске қарағанда әлдеқайда әдемі сияқты… Жан — жағына тағы бір көз салған Әділет:

-Мен өмірде байқамаған әсемдікті мына сен салған суреттен байқадым,- деді ұялған кейіпте жүзін төмен салып. Осылай айтарын білгендей-ақ Ақерке:

-Өмір қысқа — қысқа сәттерден тұрады, досым. Ол сәттердің тез өтетінін сондай, біз көп нәрсені байқап үлгермейміз. Сурет деген сол… сурет деген сол адамдар аңғара бермейтін сәттерді, құбылыстарды қағаз бетіне түсіру.

Ойға батып кеткен Әділет:
-Міне, қызық… Бұл туралы ойланбаған екенмін,- деді.

-Менің сөздеріме мән берме! — деген қыз үйге қайтатын уақыт болғанын ескерті.

*** *** ***
Алтыншы сынып аяқталып, жаңа оқу жылының басталғанына да біраз уақыт өтті. Күз аяқталып, қылышын сүйреткен кәрі қыс та келді. Ішімдікке салынған Ақеркенің әкесінің үйге жарытып ақша алып келген күндері болмапты. Шайтансумен дос болып жүргенде отын алып, қыстың қамын жасау керек екенін де ойына алмаған ол мезгілі жеткенде ана көршіден қарызға ағаш, мына көршіден көмір алып күнелте бастады. Көршілер де қарызға қашанғы берсін, бір — екі рет көмектескеннен кейін түрлі сылтау айтып, қол ұшын беруден бас тартты. Күндердің бір күнінде сол қарызға алған отын да бітті. Аурушаң ананың тағыда ауруханада жатқанына он шақты күн болды. Шығыстың аязды күндерінің бірінде өзіне тұмау жұқтырып алған Ақерке екі — үш күн үйінде жатуына тура келді. Дәрі қабылдап, ем қолданбаған адам сауығар ма? Оның дерті асқына түсті. Еріксізден аурухананы жағалаған ол он күн бойы емін қабылдап, үйіне қайтып оралды…

Үйіне келгенде де сол баяғы көңілсіз көрініс. Қараңғы бөлме. Жуылмаған ыдыс аяқ. Жиналмаған кереует. Қосылатын, бірақ өшірілмейтін теледидар. Пештегі бықсып жанған от. Түнімен ішіп, күндіз ұйықтап жатқан маскүнем әке. Үйреншікті жағдай болғандықтан, мұның бәрі Ақеркенің жанына бата қойған жоқ. Оның жанына батқаны басқа нәрсе… Үйге кіргенде оның көзі ең алдымен көмір тұрған шелектің ішінде жатқан сурет дәптеріне түсті. Жүгіре барып дәптерді қолына алған ол «Әке! Бұл не еткенің?!» деген ащы дауысымен айқайлап жіберді. Орнынан атып тұрған әкесі:
-Не болды, қызым? Тыныштық па? — деді көзін уқалаған күйі. Жанына барып, әкесінің кеудесінен ұрғылай бастаған қыз:

-Әке, бул не еткенің?! Менің сурет дәптерім… Менің жалғыз жұбанышым… Әке! Әділет сыйлады ғой..- дей беріп еді, қатыгез әке оның кеудесінен кері итеріп жіберіп:

— Ой, әкеңнің… Бұл сенің қай сасқаның! Отты тұтатам деп, қолыма түскені сол болды. Бір қағазға бола жылағаны несі адам өлгендей! Жамандық шақырып, көргенсіз неме! — деп, өзіне дүрсе қоя берді. — Қазір саған көрсетейін отқа өртеу дегеннің не екенін!

Қыз қолындағы дәптердің қалғанын пешке салуға оқталған оны қызы тоқтатпақ болып:

— Әке, өтінем, оған тимеңіз! Одан да мені өртеп жіберіңізші! — деп жалынды. Оған құлақ аспаған әке сурет дәптерінің парақтарын бір бірлеп алып, отқа сала бастады… Ол парақтың бірінде Ақеркенің болашақта тұрам деп армандап салған үйі бар еді, ал енді бірінде досымен қыдырған әсем табиғат бейнеленген. Тағы бір парақта оның ата — анасымен бір дастархан басында отырған суреті салынған болатын. Күндердің бір күнінде солай да болуы мүмкін деп армандаған қыз өмірде бастары бірікпеген отбасы мүшелерінің басын ақ парақта біріктіріп еді. Енді бір парағында Сәуле апайының сұлбасы салынған. Ол үшін қымбат адамдары мен асқақ армандары бейнеленген парақтар бір бірлеп лаулап жанған отқа түсіп, жоқ болып кетіп жатты. Сол парақтармен бірге қаршадай қыздың кеудесіндегі үміт оты да сөніп, кеудесіндегі асқақ армандары жоқ болып кеткендей болды. Айызы қанғанша парақтарды отқа салған әке қалған бір парақты қызының бетіне лақтыра салып:

— “Мына парақтарда менің армандарым бар» дейсің! Ол орындалмайтын армандар не керек саған, а?! Мендей бейбақ маскүнем әкең бар! Өмірі аурухана төрінде өтетін аурушаң шешең бар! Ал сен зәулім үйді армандайсың! Күнің осы параққа қарап қалған болса, мә, құшақтап ал, құшақтап жат! — деді ашулы үнмен. Өкініштен өзегі өртенген қыз өз кеудесін өзі жұдырықтап:

-Менің дәптерім… Менің арманым… — деп қайталай берді…

*** *** ***
Тар бөлмедегі екі кереуетте екі адам бүк түсіп жатыр: бірі қызына ұрсып — ұрсып алып, қалған ашуын ақ арақтан алған әке болса, бірі жазықсыздан жазықсыз әкесінен таяқ жеген кінәсіз қыз. Арақтың буы басына шығып, аяғын әрең алып жүрген әке кереуетіне сүйретіле жетіп, бүк түскен күйі ұйқыға басты. Ал қызының дене қызуы көтеріліп жатқанына да біраз болды. Өкпелеп жатқан қызының маңдайынан бір иіскегенде әкесі қызының хәл үстінде жатқанын білер ме еді? Бірақ ол өйтпеді… дене қызуы қырықтан асқан қыздың дауысы қарлығып «әке… тоңып барам» деуге шамасы әрең жетті. Оны естіп жатқан әке жоқ…

Бозарып таң да атты. Әкесі оянбады. Қызы да оянбады. Бозарып атқан күн тал түске көтерілді. Әкесі әдеттегідей оянбады. Қызы бірінші рет түске дейін «ұйықтады». Күн ұясына батты. Әкесі әдеттегідей күн батқанда оянды. Ал қызы… оянбады… Оны өлтірген аязды күн де, дене қызуы да емес. Оны өлтірген әкесінің үнсіздігі еді… «Қазір келер, маңдайымнын иіскеп, тіпті басқа сурет дәптерін де алып берер?! Онда мен бұл өртелген дәптерімдегі суреттерді қайта салып шығамын!» деген тәтті ойлардың жетегінде жатқан Ақерке әкесін әрі күтті, бері күтті. «Келді – ау!» дегенде ол қызына емес, кереуетіне беттеді… Осы кезде хәл үстінде жатқан қыз үнсіздіктің адамды тірілте де, өлтіре де алатынын түсінді.

*** *** ***
-Қызым, сен де әлі ұйықтап жатырмысың? Тұр енді, сабағыңнан қалдың тағы да, — деп өз — өзімен күбірлеп жүрген әке қимылсыз жатқан қызының қасына барды. «Құшақта!» деген парағын құшағына алып жатқан қызының маңдайынан иіскеген ол тұрған орнынан қозғала алмай қалды…

Тірісінде хал сұрамаса да, өлгенде қалмай баратын көрші — қолан, туған — туыс көздеріне жас алып «Жақсы бала еді! Ерте кетті» деп жылады. Сол көзіне жас алғандардың көбі жылағысы келгендіктен емес, жылау керек болғандықтан жылауда. Араның ұясындай ызыңдаған адамдардың ішінде бір-ақ адам үнсіз отыр. Ішінен «Қорғай алмадым… Қорғай алмадым… Үлгермедім...» деп қайталай берген Әділеттің көзінен бір тамшы жас шықпағанымен, жүрегі қан жылап отыр. Оған көз салған екі мұғалімнің бірі:

-Мынау қандай қатігез бала! Сыныптасы өмірден өтсе де, көзіне бір тамшы жас алмады. Қандай балалар өсіп келеді! — деді пыш — пыш етіп…

*** *** ***
Өсек — аянға құлақ аспаған бала қалың қарды кешіп, ауыл шетіне жүгіре жөнелді. Олар жүрген өзен бойын қалың қар басқан екен. Аяғы жеткен жерге отыра кеткен Әділет Ақеркенің әкесі қолына ұстатқан суреті бар параққа үңілді. Өздері серуендеген табиғат бейнеленген суреттің сол жағын оттың жалыны шарпып өткен болуы керек, қарайып калыпты…
Бөлісу:

32 пікір

Abilakim
(Небары он екі жасында келместің кемесіне мініп кеткен Ақтілектің рухына арнаймын)

Жазбадағы Ақеркенің Ақтілек атты бауыры бар ма,қашан шығады екен деп ойлап отырдым.
ademi_alem
Әңгімеде адам аттары өзгертілді.
Abilakim
соны басында ескерте кетпейсіз бе?
ademi_alem
Ескертусіз де түсіну қиын емес деп ойламын, ағай…
asaubota
өзің жаздың ба? мықты! адамдардың ойларын мықты бергенсің.
ademi_alem
Рахмет, аға! иә, жарты жыл бұрын жазылған әңгіме…
asaubota
мұңды екен. бірақ өмірде шынымен бар нәрселер ғой… қазіргі кезде азайған сияқты негізі мұндай отбасылар. бұл қашан болған оқиға?
ademi_alem
Ақтілек қателеспесем бесінші, не алтыншы сыныпта көз жұмды. Ал мен ол кездері жетінші, не сегізінші сынып оқып жүрген кезім. Шамамен 2002-2003 жылдар аралығы болған. Бұл әңгімеде сәл басқашалау айтылған қыздың көз жұмуы, өмірде Ақтілек көз жұмған күні таңертең тұрған әкесі оған назар аудармай, үйден шығып кетіп, кешке оралған үйіне. Ішіп келген ол қызының әлі де қозғалыссыз жатқанын аңғармай, ұйықтап қалып, келесі күні таңда бірақ білген. Ол негізі шынымен ауруханадан емделіп шыққан тұмаудан, бірақ дәл осылай үнсіз ешкімге түсініксіз себептермен ұйықтаған күйінде оянбады.
Khorlan
Angimeniz — sezim palitrasy! Mykty zhazylgan!
aza
Тым балаң ойлар… Тайыз. Біздің оқырман есейіп кетті, мұндай құр баяндауды ешкім оқымайды. Бір жері ұнады тек қана: күндіз бойы "ұйықтатқаның". Осындай екі-үш деталь болғанда орташа деп бағалауға болар еді. Өмірде болғаны да құтқара алмай тұр: Қыртизм!
Abilakim
Апасынан нан сұрап жатып өліп кететін Қалидан кейін әсер еткен шығарма осы. Осы сарындағылардан әрине.
Азеке, төрт аяғы тең тұрған әңгіме жазуға бұл жерде ешкім міндетті емес, болған оқиғаны суреттеп әдемі жеткізе білген екен, мында салған екен,қатты сөгетін ештеңе жоқ
aza
Пікір ғо менікі. Өзге зорлап таңбаймын, өзгелердің де пікірін құрметтеймін, десек те өз пікірімді де өзгертпеймін!
Abilakim
өзгертуге тиісті де емессің,өз пікірі жоқтардан сақтасын!
Gastarbaiter
Трагедия жанрындағы хикая. Өз басым бұл жанрды ұнатпасам да, жазба түртті. Бұл жерде ешкім өзін анау зұлым әкенің орнына қоймайды, қойғысы да келмейді. Кейбірі тіпті: «Е-е-е, мынадай емеспін, менің қызымның жолы болған, біздің балалар әбден масығып кеткен ғой» деп өзін өзі жұбатуы да мүмкін.
Ал кейбіреулер бұл жазбаның бір сәт компьютерге шұқшия бермей, баласына ұрыса бермей, содан кейін кінәсін шаю үшін қажетсіз жерде тым назаршыл боп кетпей, өзінің жақындарына аса қажет кезін ым-жымсыз-ақ сезе білуге үндегенін түсінер.

Бір ғана ескерту: кейіпкерлер тым контрастілі. Ондай кейіпкерлер тек ертегіде болады. Әкесінің де бір жақсы жері болуы керек, қызының да бір кемістеу жерлері айтылуы керек-ау деймін.
Сосын мына жерде:
Кейбір «шырылдауық шегірткенің» күйін кешкен адамдар кеудесінен соңғы демі шыққанға дейін өмірге не үшін келіп, не үшін кетіп бара жатқанын түсінбей-ақ кетеді. Өмірде одан асқан өкініш бар ма екен?
деген жерде нағыз «шырылдауық шегірткелер» үшін өкініш болмайды дегім келді. Маған кейбір шегірткелер ұнайды.
ademi_alem
Әкесінің де бір жақсы жері болуы керек
Әңгіменің толық нұсқасында әкесінің ішкі монологы бар. Ол кейіпкер бейнесін сол ішкі монолог арқылы ашып көргенмін. Бірақ мына жерге салғанда әңгіме тым ұзақ сияқты болды да, біраз жерін қысқартып салдым.
қызының да бір кемістеу жерлері айтылуы керек-ау деймін
Мұны ескермеппін. Келесі жолы есте болады. Рахмет!
Rozatai
Әдемі әлем, саған өзімнің тілекші пікірімді жазғым келеді.
В целом мына дүние маған ұнады. Бірақ, неге екенін білмеймін, дәл осы дүниені бұрын да оқыған сияқты болып отырдым. Негізінде, әкесі ішіп, баласының көңіліне сызат түсіретін, анасы аурушаң боп келетін сюжетный линиялар көбінесе мынау аудандық, облыстық газеттердің отбасына арналған қосымша беттерде көп жарияланады ғой. Мен сондай газеттерді көп оқыған болармын.
Сен жан дүниең әсершіл, нәзік, осындай прозалық дүниелерді жазуға икемі бар қызсың ғой. Аз сөзбен көп мағына беруге тырыссаң екен, ИМХО!  Мысалы, мынадай жұлдызшалармен бөліп-бөліп, оқиғаны үтір-нүктесіне дейін баяндамай, шағын, бірақ, көтеріп тұрған жүгі ауыр, адамның жүрегін шым еткізетін дүние жазсаң. Мәселен, Дөнентаевтың «Көркемтайы», Әуезовтің «Жетімі», т.б. «Классиктерден көргеніңді менен неге талап етіп отырсың» демессің, тек болған оқиғаны бастан-аяқ баяндау міндетті емес деп ойлаймын. «Болған оқиға ізімен» деп айдар тағып, отбасылық трагедияны бүге-шігесіне дейін баяндау "Қазақстан әйелдерінде", баяғы Балтабай Әділдің заманында күшті әдіс еді.
Өмір шындығын бүкпесіз баяндаған жақсы, бірақ, сен оқиғаны онсыз да оқырманға әсерлі жеткізуге талаптанғаннан кейін, бұны өмір шындығы деп емес, уже көркем шындық деп қарастырсаң. Өзің білесің, көркем шындықта автор детальдарды әсірелей алады, солғындата алады т.б.
Пыс: Мен сенің тілекшіңмін! Алға!
ademi_alem
Рахмет, Розатай! )))))
мынадай жұлдызшалармен бөліп-бөліп, оқиғаны үтір-нүктесіне дейін баяндамай, шағын, бірақ, көтеріп тұрған жүгі ауыр, адамның жүрегін шым еткізетін дүние
жазғым келеді, бірақ мынау әңгіме қысқартылған түрі ғой. (( Шағын болғанмен, көтеріп тұрған жүгі ауыр дүниені жаза білетін санаулы адамдардың бірі — Қонжық аға деп ойлаймын.
Rozatai
ой, Қонжық ағаңды бұл жерге қоспай-ақ сөйлесең де болады  Біреу «Былай жазып үйрен» десе, сен «ой, олай жазу менің қолым емес» тартынбасай, жазып көр, нәтиже шығады қандай болса да. Чехов деген шал «Краткость — сестра таланта» депті ғой, қысқа, жұп-жұмыр жазу сенің қолыңнан келетіні көрініп тұр. Қалай көрініп тұрғанын айтайын ба? Меніңше, әдетте ұзақ-сонар жазатын қыздар (назар аудар, қыздар!) өздері білетін сөздік қолданыстағы барлық сөздерін орынды-орынсыз тықпалауға әуес келеді, сосын олар бірсыдырғы баяндауға шебер келеді. Сөйлемде өз жүйесін таппаған сөздер көп болғасын баяндап отырған ситуациясы тезірек аяқталмайды, ертегісі бітпей қояды
Rozatai
ал, сенде ондай проблема жоқ
ademi_alem
)))))))))) Жақсы, тырысамыз )))))
vebred
Әңгімені жаман деп айтуға келмес… сюжеті де… ал жазушылыққа бет алған жан осылай, осылай тақымын ашады… алдыңнан жарылқасын
Daniar-Alan
ооо хош келдіңіз  кішкентай қалай?
a63a1
Шабандоз тақымын қысушы еді)))
Abilakim
Бұл кісі кішкентайлы болып, тақымын ашуға үйреніп қалған ғой)))
vebred
ха ха ха сенің жазған жауабыңды бүгін ғана оқыдым))) өлтірдің!!!)))))))))
vebred
мен мұнда шабандоз туралы емес, жүйріктің өзі туралы ацтып едім… ысылады деген мағынада)
bazuka
маған әсер етті, жылап алдым.
ПыСы. Зарина толық нұсқасы бар депсіз, әңгіме көлемі үлкен болса файлообменниктерге жүктеп, осында сілтемесін қойыңыз.
bi2
ұнады. тек әдеби шығарма болмай-ақ қойсын… болған оқиға күйінде қалғаны көбірек әсер етеді