Сағындым сені...
Өзіңе хат жазып отырмын, қымбаттым. Осы хат өзіңе деген сағынышымды жеткізе алар ма екен?!
… Сен жанымнан кеткелі өмірге деген көзқарасымды өзгерттім. Қиыншылықпен жалғыз күресуді үйрендім…
Бұрын жасаған ағаттығымды сенен көруші ем, ата-анамның сөгісінен де «сенің арқаңда» аман қалатынмын. Қазір…
Екеуміздің ақша ұрлағанымыз есіңде ме? Ол кезде Абайдың суреті бар қоңыр қағазға көп сағыз, сары-жасыл кукруз, кәмпитпен қапталған таяғы бар алма, көп қораз кәмпит, үш шикалат келетін. Мектепке бармай тұрған уақыт, оның 20 теңге екенін білмепін-ау. Қорыққанымнан бір ғана сағыз алып, қалған тиындарын сыртқы терезенің алдына тастап кетіп ем ғой. Дәу қара телевизордың астында тұратын шкафтың ішінен ақшасы алынғанын сол кезде анам сезсе, сенен көрер еді…
Көршінің қызы Айнұрдың басын жарғаным ше? Өзімнен 8 жас кіші қыздың жазда шашын қырып тастағанын қызық көріп, үлкен тасты ойланбай лақтырыппын. Оны да сенен көрді, ал мен Айнұрдың апасының таяғынан аман қалдым…
Сенімен жүріп, жеңгемнің туфлиін туалетке тастағанымды ұмытпаған шығарсың? Биік өкшесіне қызығып, көшеге киіп шыққанда, өкшесін сындырам деп ойлаппын ба? Ал өкшесі сындырып болған соң бір сыңарынан құтылам деген шығармын, ешкімге көрсетпей, әжетханаға тастадым. Мамам маған ұрысқанмен сені жазалады…
Екеуміздің ешкім білмейтін бір құпиямыз бар еді ғой… Өзімнен үлкен қыздардан естіп келіп, екеуміз бірге орындағанымыз… Ия, дуа дегенге өлердей сенетін ем ол кезде, сен сендіретінсің. Кішкентай парақшаға өзім ұнататын жігіттің атын жазып, ортасынан қақ бөлінген алманың арасына салып қою керек болды. Белінен жіппен байланып 21 күн тұрсын деген қағидаға жетпей, шіріп тынып еді ол алма. Ал, есімі жазылған телевизордағы әнші жігіт сол күйі маған келген жоқ… Ерте шіріп кеткен алманы кінәлап ек қой екеуміз…
Сен бар кезде алаңсыз ем. Түнде үй артына жалғыз дәретке шығудан ғана қорқатынмын… Сосын… Екеумізді ағам сендірген үйдегі «ақ адамнан».
Сен кеттің, қорқыныш көбейді…
Сенің оралғаныңды қанша қаласам да, қолымнан ештеңе келмейді. Тек естеліктер мен фотолар ғана… Сағындым өзіңді, БАЛАЛЫҒЫМ…
Бірақ айырмашылығы авторы да кейіпкері де өзі боп шықты.
Менің шаблоным осы жайтты білгенде тағы шытынады.
Авторға: балалық кетпейді ешқайда, өзіңді түсінетін, осы біртүрлілеу мәнеріңде сүйіп қабылдай алатын, барлық үрейіңді бір құшақтап сейілтетін еркек пайда болғанда қайта тіріледі. Соған тілектеспін!
Ерекшелікті алға тартқан кәмплимент деп қабылдай берейін бе, Гастеке?