"Жас қалам" әнінің шығу тарихы
«Жас Алаш» газетiнiң түнеукүнгi нөмiрлерiнiң бiрiндегi «Ырғақ» музыкалық бетiнде бiр оқырман «Жас қалам» әнiне қатысты пiкiр бiлдiрiптi. «Кейбiреулер бұл әндi Қорабай Есеновтiкi деп жүр. Ал жазушы Қабдеш Жұмадiловтiң айтуынша, бұл әндi Төлеубек Жақыпбайұлы жазған. Мұның қайсысына сенемiз?», — дептi оқырман.
Кездессем ұрлана қараймын,
Асаудай тулайды жас жүрек
Мен сенi жаныма балаймын,
Сен үшiн менде бар бiр тiлек…
Мен бұл әннiң шығу тарихын жақсы бiлемiн. Республикалық радиодан бұл әндi Қорабай Есенов жазған деп терiс айтып жүр. Шын мәнiнде, бұл әндi Төлеубек Жақыпбайұлы жазған.
1955-56 жылдары Мақаншыдағы орта мектепте 9-10 сынып оқып жүргенiмiзде Қытайдан келген үш жiгiт — Төлеубек, Аманжан және Уақап жоғарғы оқу орнына түсу үшiн бiзбен бiрге оқыды. Бұлар Қытайда орта мектептi бiтiрген, жиырма бестен асқан жiгiттер болғанымен, ол жақтың оқу бағдарламасы бiздегiмен сәйкеспедi. Сондықтан 9-10 сыныптарды қайта оқыды. Төлеубек пен Уақап интернатта тұрды. Оң-солын таныған жiгiттер қызға қырындамайтын ба едi? Сол кезде орыс халқының әнi «Сорвала я цветок полевой» деп басталатын ұзақ әндi бәрiмiз жамырай шырқайтынбыз.
Бiр күнi қолтықтасып келе жатып әлгi әндi тағы да шырқай жөнелiп едiк, артымызда келе жатқан Төлеубек: «Әй, тоқтаңдаршы! Сары бала туралы әндi неге орысша айтасыңдар?», — дедi. Оның «сорвала» деген орыс сөзiн сары бала дегенiне бәрiмiз жамырай күлдiк.
— Бұл әннiң қазақшасы жоқ қой, әйтпесе айтар едiк, — дедiк бiз.
— Мен осы әнге қазақша өлең жазып берсем айтасыңдар ма?
— Айтамыз! Айтамыз!
Төлеубек бiзге «Сорвала я цветок полевойды» бiрнеше рет айтқызды да: «Ертең түстен кейiн бәрiң жиналыңдар. Қағаз-қаламдарыңды ұмытпаңдар, әнiмдi жазып аласыңдар», — дедi.
Ертеңiнде Төлеубек уәделi әнiн жазып алып келдi. Ән бәрiмiзге ұнады. Әннiң сөзiн таласа-тармаса жазып алдық. «Бұл әндi өзiмнiң және сендердiң алғашқы махаббаттарыңа арнаймын!», — дедi Төлеубек.
Оны зор, менi қор санасаң,
Мейрiмсiз соққаны жүректiң, — деген жолдар кездеспейтiн бе едi, әлгi өлеңде. Бұл — Төлеубектiң бiр қызға ғашық болып, оның бетiн берi қарата алмай жүргенде жазғаны. Кейiннен бұл ән бiзден кейiнгi бiрнеше буынның да сүйiп айтатын әнiне, махаббатын сүйгенiне жеткiзетiн құралына айналды. Мiне, «Жас қалам» әнi осылай туған. Тарихқа қиянат жасамайық.
Марлэс Сабырұлы.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы,
Благодарное ауылы.
www.zhasalash.kz/irgak/1464.html
P.S Абзалдың орындауында:
Асаудай тулайды жас жүрек.
Мен сені жаныма балаймын,
Сен үшін менде бар бір тілек.
Сені артық көремін басқадан,
Сүйем деп айтуға жасқанам.
Жеткізе алар ма жүректің,
Жан сырын, жас сырын жас қалам
Есімде алғашқы сауық кеш,
Ләззаттың тағдырын өзің шеш.
Ләйліден айрылған Мәжнүндей,
Дәл қазір менде жоқ ақыл-ес.
Әлде бір бар шығар сүйгенің,
Тәкаппар менсінбей жүргенің.
Оны – зор, мені – қор санасаң,
Мейрімсіз соққаны жүректің.
www.facebook.com/notes/688501447943231/?pnref=story