БАҚ өкілдеріне 3 сұрақ

— Бүгінгі отандық журналистика мен журналистердің кемшіліктерін атай аласыз ба?
— Еліміздің журналистикасында 10-15 жыл ішінде не өзгеріс бар?
— Жас әріптестеріңізге нендей кеңес бере аласыз?

Бұл сұрақтарды еліміздің радио, телевизия және газетте қызмет атқарып жүрген жас мамандар мен тәжірибесі бар белді журналистеріне қойған едік. Жауаптары төмендегідей:


Артур Нығметов, журналист:

Ең басты кемшілік — БАҚ-тың басым көпшілігі мемлекеттік тапсырысқа қарап отыр. Соның кесірінен кейбір маңызды мәселелер біржақты, дұрыс талданбай, бұқараға тарап жатыр. Журналистика дамуының ең басты көрсеткіші – тәуелсіз БАҚ-тардың көбеюі. Бұндай тенденция, өкінішке қарай, байқалмай жатыр. Соңғы 10-15 жылда ақпараттық кеңістік ұлғаймады, тіпті кейбір негативті процестердің салдарынан тарланып кетті деуге де болады. Ал мемлекеттік идеологияны насихаттау бағытында жұмыс жасайтын бұқаралық ақпарат құралдардың саны әлде қайда көбейді. Бұндай трендты мен журналистиканың дамуы деп айта алмаймын.

Ал журналистерге келетін болсақ, әр маманның деңгейі әр түрлі ғой. Ең бастысы, жас журналистер өз арын таптамай, адал болуы шарт. Біздің ең басты миссиямыз – халыққа адал қызмет ету. БАҚ-ды «төртінші билік» өкілі дейді ғой, бірақ біздің елде журналистердің статусы өте төмен, жалпы олар биліктің, әр түрлі саяси күштердің, олигархиялық топтардың құралы ғой, шыны керек. Сондықтан, әр журналист адалдық пен әділеттік үшін күрессе, қазақ журналистикасы «төртінші билік» ретінді міндетті түрде танылады.



Әсия Бақдәулет, «Халық сөзі» газетінің журналисі:

Отандық тележурналистиканың басыбүтін ұлттық бағытты ұстана алмай отырғаны жасырын емес. Телевизия арқылы бізге көбіне-көп шет елдің, сыртқы күштердің саясаты өтіп тұр. Оның үстіне тың идеялар, формалық ізденістер жоқтың қасы, қайталама бағдарламалар тым көп. Қазақ баспасөзі бұл тұрғыда жарты қадам болса да алда деп санаймын, өйткені ірі басылымдардың қай-қайсысын алсаңыз да, ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды.

Ал журналистерге келетін болсақ, әрине, ең алдымен білім сапасы қынжылтады. Академиялық білім алған тілшілер тым аз, шетелдік пресс-турлар ұйымдастырылатын кезде ағылшын тілін меңгерген қазақ журналистерінің саусақпен санарлық екені білініп қалады. Тақырып қайталау, бір-бірінен көшіру, әсіресе ғаламтор желісі қолданысқа енгелі журналистикадағы плагиаттар дағдыға айналып бара жатқандай. Және де біздің журналистикада салалық бөліністің, белгілі бір тақырыпқа маманданудың жоқтығы байқалады. Бізде «әмбебап» журналистер көп, бірақ мықты саяси шолушы, беделді экономикалық шолушы, беделді мәдени шолушылар аз. Көбіне әр тақырыптың басын бір шаламыз деп жүріп, бір саланы толық меңгере алмай жатамыз. Бұл, әрине, журналист ұсынатын өнімнің сапасына салқынын тигізбей қоймайды.

Он-он бес жыл бұрын біз бала болдық қой, білгішсініп, ол дәуірге баға бергеніміз жараспас. Бірақ ол жылдары елімізбен бірге журналистикамыз да Тәуелсіздігін жаңа ғана алып, тыңнан түрен салып жатты. Ол дәуірде публицистикалық мақалалар көп еді, ұлтты ұйыстыру үшін аға буын журналистер барынша тер төкті. Қазір бұл жанр жойылып бара жатқан секілді. Очерк жоғалып, есесіне сұхбат көбейді. Осы секілді жанрлық тұрғыда өзгерістер бар. Әр дәуірдің өз жанры болатыны түсінікті ғой. Дегенмен, қазір біз он-он бес жыл бұрынғы қарқыннан айтарлықтай алға жылжыдық деп айта алмаймын. Бір шабандық бар сияқты.

Оқы, оқы және оқы.Тынбай іздену арқылы ғана өз жолыңызды таба аласыз. Өзіңізге қызықты тақырыптар жайлы ғана өзгелерге қызықты етіп жеткізе аласыз, сондықтан білімқұмарлық – ең қажетті қасиет шығар. Әрине, журналист батыл болу керек, дегенмен әдептен (журналистік этикадан) аттамауды да біздің әріптестерімізге ескере жүру жөн шығар. Ең бастысы, қызметіңіздің мәні — ұлт мүддесі екенін ұмытпасаңыз болғаны.

Нартай Аралбайұлы, «КТК» телеарнасының тілшісі:

Баға беру менің жасымдағы журналистке мүмкін емес. Бірақ, қазақтың журналистикасы ешкімнен кем емес. Тіліміз бай, журналистикадағы қазақтың ұлы да, қызы тілшіліктің сырттандары.

Біздің елде төртінші билік өзінің нені билейтінінен бейхабар. Ол тілшілердің осалдығы емес, биліктің журналисттің аузын буып, қадағалағанынан туындаған нәрсе.

Журналист әрдайым ізденісте болу керек. Қателессең, шалыс бассаң, қателігіңді кішілерге қарап түзегенде тұрған масқара жоқ. Журналистика адамдарды жұлдыз ауруына көп шалдықтыратын сала, бір ауыздан. Сондықтан, ондай көбікауыздықтан, бос мақтаннан ада болып, ел үшін жұмыс істеу керек.

Журналистика — идеологияны насихаттаушы бірден бір маңызды жол. Сондықтан, мемлекеттің мүддесін шенеуніктер қатырып, оңсатып ойлап алсын. Ал қазақтың журналистикасы ұлттық мүддесіне жан аямай жұмыс істеуі керек!

толығырақ
Бөлісу:

1 пікір

Daniar-Alan
пікірсіз… еш пікірсіз…