Хэл Фостер: Америка баспасөзі - тәжсіз патша секілді

Бұл кісімен сұхбат алғаныма біраз болды. Сұхбатты бірден жариялап жіберуге бастық рұқсат бермеді. Себебі, біздің әңгімеміз журналистика туралы болғандықтан «төртінші биліктің» төл мерекесі қарсаңында жариялауды жөн көрдік. Алайда, Фостер мырза жылдамдық танытып кетті.

– Жаңа медиа туралы, қазіргі журналистика туралы пікіріңіз қандай? Артықшылығы, кемшілігі жөнінде айтсаңыз?

– Жаңа медианың басты артықшылығы – жаңалықтың тез арада оқырманға жетуі. Интернет арқылы оқиға жедел түрде жарияланады. Кемшілікті қайта жөндеуге болады. Ал, баспаханадан шыққан газетті өзгерту мүмкін емес. Қателессең, қалпына келтіру қиын. Сондай-ақ, жаңа медианың тағы бір ерекшелігі – мүмкіндігінің молдығы. Сайтқа мақаладан бөлек сурет, видео, аудио нұсқаларын қоюға болады. Яғни, жаңа медиа журналистиканы мультимедиалық тұрғыдан жетілдіреді.

Жаңа медианың ең үлкен кемшілігі деп сауатсыздықты айтар едім. Қазіргі интернет журналистикадағылар арнайы мамандар емес. Грамматикалық қателіктер өріп жүреді. Бұл ағылшын тіліндегі ғана емес, барлық елде бар мәселе деп ойлаймын. Кейде үстінен редактордың тексермеуі де үлкен қателікке алып келеді.

– Дамушы және дамымаған елдерде қарапайым тұрғындардың қолы интернетке жете бермейді. Мәселен, Қазақстанның өзінде интернет тұрмақ, әлі телефон жетпеген ауылдар бар. Олар да жаңалықтан хабардар болуды қалайды емес пе?! Яғни, оларға интернет жеткенше газеттің басылымдық нұсқалары өмір сүре береді ғой...

– Иә, пікіріңмен келісемін. Қазақстандағы ауылдарға жаңалықтың дер кезінде жетуі өте маңызды. Енді бір жиырма жылда қазақ баспасөзі басқалардан кем түспейді. Бұған сенімдімін!

Жалпы, әлемде шалғайдағы тұрғындар ақпараттың жетімсіздігінен зардап шегеді. Ақпарат – адам өміріне әсер ететін үлкен факторлардың бірі. Өзге елдің жаңалығын біліп отыру олардың қателігінен сабақ алып, жетістігін үйренуіне мүмкіндік береді.

– Қазіргі журналистиканың сапасы сын көтере ме?

– Журналистиканың сапасы төмендеп кеткендей. Жаңалықтың лезде интернетте жариялануы дәстүрлі БАҚ пен телеарналардың сенсацияға әуестенуіне әкелді. Адам өлімі, секс тақырыбы, жемқорлық, шоу-бизнес өкілдерінің өмірін егжей-тегжейлі жазуы көбейіп кетті. Дәстүрлі БАҚ-тың мұндай әрекетке баруының астарында интернетпен бәсекелестікке түсе алмауы жатыр. Бәсекеге қабілетті болуы үшін басқа не істеуге болатынын білмейді. Мүмкін, кейбіреулерге осындай ақпараттар қызық болар? Осының бәрін газет жаза беруі керек пе?! Сенсация қуу адамдардың жеке өміріне кері әсерін тигізеді деген ойдамын. Бұл шынында журналистиканың маңызын төмендетеді.

Газеттердің жергілікті хабарды жеткізуге дағдылануы оқырманды әлемдік жаңалықтан құр қалдырады. Америкалықтар бүкіл әлемді шулатқан Еуропа дағдарысы туралы білуі мүмкін, алайда, оның анық-қанығынан хабары шамалы. Қырғызстандағы саяси ахуалдан тіпті бейхабар. Себебі, бұндай жаңалықтар америкалық баспасөз беттерінде жариялана бермейді.


– Әрбір ұлттың өзіне тән ерекшелігі, кемшілігі болатыны белгілі. Қазақтардыкі қандай деп ойлайсыз?

– Қазақстанға келгелі менде қазақтар туралы тек жақсы пікір қалыптасты. Қонақжай, мейірімді, жағымды халық. Шет тілдерін жақсы меңгерген. Қазақтардың тарихы халықтың шынайы бейнесін көрсетеді деп ойлаймын. Ашаршылық, соғыс жылдары қиналған басқа ұлт өкілдерін шын көңілмен қарсы алып, барын бөлісті. Кез келген халықтың қолынан келе бермейтін шаруаны тындырды. Қазақтар туралы менде қалыптасқан жақсы пікірдің тағы бірі – креативтілігі. Аз ғана халықтың ішінен жетістікке жеткен ғалымдардың, әншілердің, бишілердің, спортшылардың көп болуы таңқалдырады. Мысалы, Батырхан Шүкенов әлемдегі ең мықты он джаз орындаушысының қатарына кіреді. Тимур Бекмамбетов – Голливудтағы таңдаулы режиссерлердің бірі.

Кейбіреулер сияқты қазақтардың кешігіп жүруін кемшілік ретінде санамаймын. Кешігу барлық ұлттың бойынан табылады. Сондай-ақ, қазақтарды жалқау деген пікір де қате. КИМЭП-ті бітірген кей шәкірттерім министрліктерде жұмыс істейді. Олардың жұмысқа деген құлшынысын көргенде қалай жалқау деп айтасың?! Жаңа айтып кеттім ғой, қазақтар – креативті халық.

Қазақстандықтардың кемшілігі – жасы үлкен, егде тартқандардың басым көпшілігі жаңашылдыққа тез бейімделе алмайтындығы. Әлемдік өзгерісті сезінбейді, жаңа білім беру жүйесіне көшуге асықпайды. Кейбірі тіпті әлі күнге кеңестік пікірден арыла алмай келе жатқандай көрінеді.

– Ал, америкалықтар қандай халық?

– Америкалықтарды озық ойлы, жомарт халық деп есептеймін. Көпшілігінің жемқорлыққа жаны қас. Халқының құрамына байланысты салт-дәстүрі әр алуан. Басты кемшілігі деп әлемдік жаңалықтан толыққанды хабардар еместігін айтар едім. Мен жақсылыққа жаным жақын болғандықтан, қазақтардың да, америкалықтардың да жаман жақтарын тізіп бере алмайды екенмін.


– Соңғы әрі ауырлау сұрақ қойсам… Энжидің* жағдайы қалай?

– Өткен жылы Энжидің егіз ұлдарының бірі Брайан шетінеп кетті. Ұлынан айырылу қызым үшін ауыр соққы болып тиді. Наурызда егіздің сыңары Итан бірге толды. Бір ұлының туған күнін мерекелеп жүріп, екінші ұлын еске алу Энжиді жүдетіп жіберді. Туыстарымыздың бәрі Портландта болғандықтан, Брайан шетінеген күні менен кейінірек келуімді сұрады. Қызымның жағдайын ойлап әлі де қайғырамын. Келешекте Энжиді Қазақстанға шақырғым келеді. Қазақтың үздік джаз орындаушысы Батырхан Шүкеновпен бірге ән айтса деп те армандаймын. Батырмен бірге өнер көрсету Энжидің қайғысын жеңілдетуге көмектеседі деп ойлаймын. Энжидің әнін тыңдап көріп пе едің? (Осы сәтте ұялы телефонымнан Энжи Фостердің орындауындағы «Never forget» әнін қостым –А.А)

– Иә, маған қатты ұнады. Қайғыңызға ортақпын. Энжидің тағдырға мойымайтын өжет екеніне сенімдімін. Әңгімеңізге рахмет!



*Энжи Фостер — Америкаға танымал әнші. Оның аты 11 қыркүйек оқиғасынан кейін қатты көтерілді. Сол кезде Энжи қайтыс болғандарға арнап «Never Forget» деген ән шығарған болатын.
Невер форгет

Сұхбаттың толық нұсқасын мына жақтан оқи аласыз
Бөлісу:

2 пікір

Zhan
«Нұр Астанаға» Абай келгелі расымен газеттің нұры кіріп қалғандай))))) Жарайсың, әріптес, мерекеңмен құттықтаймын, қаламың мұқалмасын!