Афроцирктен Америкалық зоопаркке дейін
"Мадагаскар 3" Нью-Йорк зоопаркінен қашқан арыстан Алекс, зебра Марти, керік Мелман және сусиыр Глорияның ұзақ саяхаттан кейінгі "үйлеріне" қайта оралу жолындағы тағы бір әрекетін баяндайды. Бұлар осы жолы пингвиндер мен маймылдар жасаған ұшақпен келе жатып, тағы да апатқа ұшырайды. Елге қайтуға үміт үзілді дегенде, тағы бір мүмкіндік пайда болады: егер олар Еуропаны аралап, өнер көрсетіп жүрген цирктің құрамына қосылса, Нью-Йоркқа да жетуге болады. Бірақ өнерлі жануарлардың қатарына қосылу да оңай емес…
Сюжеттік желі жалпы осы цирк төңірегінде өрбиді. Цирктің өнерпаз хайуанаттары жаңа «Мадагаскардың» негізгі кейіпкерлеріне айналады. Сценаристтер де осы жерден аздап олқылыққа жол берген секілді. Өйткені, сюжетте төрт достан құралған басты кейіпкерлердің қатысуы аз, солардың мазмұнды «ойындары» жетіңкіремей тұрғандай көрінді. Десек те, бұл цирк құрамындағы жануарлар образының нашар екендігін білдірмейді. Керісінше, әрқайсының өзіне тән міне-құлқы мен харизмасы айқын, есте қаларлықтай етіп ашып көрсетілген. Осылайша бұған дейінгі екі бөлімде қалыптасып қалған кейбір реттіліктерді қайталамай, туындыға жаңа бағыт пен келбет әкелгендей.
Сонымен қатар, үшінші «Мадагаскардан» басты кейіпкерлердің үйреншікті әзілдерін көре алмадық. Кино жасаушылардың шығармашылық тоқырауы ма, әлде басқа себеп бар ма? Сеанстан кейін баста тұрып қалған сұрақ та осы болды. Финалында тіпті драматикалық бағыттағы көріністердің куәсі боламыз. Мүмкін бұл адамдардың жануарлар мәселелеріне қатынасын, көзқарасын өзгертуге тырысқан сценаришілер мен режиссер әрекеттерінің нәтижесінен болар.
Финалын көре отырып, үш толықметражды және бірнеше қысқаметражды туындылар мен мини-сериалдарға негіз болған «Мадагаскар» атты үлкен мульт дүниенің логикалық аяқталуына куә болдық. Кейіпкерлер де көрермендерімен қоштасқандай сыңай танытты. Өйткені, үшінші бөлімнің соңы бәрі басталған тұсынан бітеді.
Көрерменін ерекше шаттандырып, әсер берген нәрсе — ол цирктің шоуы. Арыстан Алекстің бастамасымен қайтадан құрылған және адамдардың қатысуынсыз жұмыс істейтін әлемдегі тұңғыш цирк қиял әлеміне жетелейтіндей таңғаларлық қойылымдарымен есте қалды.
Баға:
6/10
19 пікір