Танымал алаяқтар ондығы: №4 Фердинанд Демара
Ол — жалған атпен жүрудің шебері болды. Өмірінде түрлі адамдардың кейпінде болып, көптеген мамандық иелерін атқарды.
Фердинандтың алғашқы алақтық ісі армиядан басталды. 1941 жылы досының атынан АҚШ әскеріне қабылданады. Ол тіпті орта мектепті де аяқтамаған, бірақ құжаттарды қолдан жасауда алдына жан салмаған. Армиядан өз еркімен кетіп, Әскери теңіз флотына түседі. Демара бұл жерден өзі ойлаған лауазымға қол жете алмаған соң, өзінің өлімін қолдан жасайды. Осыдан кейін басқа есімге ие болып, психолог маманы болады. Бірақ Флот оның жалған әрекетін біліп қалып, 18 ай түрмеге отырып шығады.
Демара алаяқтық карьерасында инженер-құрылысшы, шерифтің орынбасары, түрме бастығы, психология докторы, адвокат, балалардың құқығын қорғау қызметінің маманы, монах, редактор, хирург және оқытушы болып көрді. Бір қызығы — ол ешқашан бұл әрекеттерінен пайда көруді мақсат тұтпаған. Оны тек әлеуметтік статус қызықтырған.
Оған бастық болған талай адамдар Демараның қызметіне разылықтарын білдірген. Алаяқ тез есте сақтағыш, алғырлығымен таңғалдырған екен.
Оның ең танымал алаяқтық әрекеті — хирург Джозеф Кайр рөлі. Корей соғысына АҚШ армиясының құрамында қызмет ете жүріп, талай солдаттың өмірін аман алып қалады. Оқты денеден шығару секілді көптеген күрделі операцияларды сәтті жасаған. Оның осындай операциялары газетке шығады. Нағыз Джозеф Кайрдың анасы осындай мақаланы оқып қалып, ұлының соғыста емес екенін, ол АҚШ-та практикадан өтіп жатқанын айтып жар салады. Бұл мәлімдемеге әскери шенеуніктер сенгілері келмейді. Ақыры Демараның үстінен іс қозғалған жоқ, ол осы даудан кейін АҚШ-қа оралады.
Оның трюктары көпшілікке белгілі болғаннан кейін өмір сүру қиындап кетеді. Бірнеше жылдан кейін дипломды қолдан жасап, Техас түрмесіне жұмысқа орналасады. Бірақ бұл жерде де алаяқтығы әшкереленіп, 1960 жылға дейін көзден таса болады. Тек есімі ұмытыла бастағаннан кейін ғана үрейлі фильмде эпзодтық рөлге ие болады.
Фердинанд 1982 жылы жүрек талмасынан көз жұмды. Өмірінің соңғы жылдарында ол баптистік шіркеудің қызметшісі болды.
Фердинанд Демара туралы кітап жазылды, авторы — Роберт Криштон (The Great Impostor by Robert Crichton). Сонымен қатар басты рөлде Тони Куртис ойнаған фильм де бар.
5 пікір