Джеральд Стокпоул: Комикс түрлі өнерді тоғыстырады

Джеральдпен танысуымның өзі қызық болды. «Ағылшын тілін үйренушілерге арналған «EnglishClub» сайтының қолданушысы едім, жақынырақ таныссақ» деп электронды поштама хат жіберіпті. Екеуміздің таныстығымыз осыдан басталды. Ол маған Мексиканың Монтеррей қаласында дүниеге келгенін, әйелі, ұлы бар екенін айтқан еді. Уақыт айырмашылығына байланысты көп уақыт хабарласа алмадық.  Ұлы бір жасқа толған күні құттықтаудың сәті түсті. Әңгіме барысында комикс салумен және мультипликациямен айналысатынын айтып қалды. Екеуміздің арамыздағы аз-кем сұхбат осылай өрбіп еді...


– Карикатура салуды қанша жасыңнан бастадың?
– Алғаш рет 5 жасымда қолыма қалам ұстап сурет сала бастаған екенмін. Бала күнімде көбіне теледидардан көрген мультфильм кейіпкерлерін салатынмын. Флинстоун, Смурфтар, Тандер мысықтары, Симпсондар, адам сенгісіз Халк және Өрмекші адам секілді мультфильмдер менің бала күнімдегі ең сүйіктілерімнің бірі еді.
– Кәсіпқой комикспен қашаннан бері айналысып келесің?
– Бес жыл бұрын мектепті бітірген соң кәсіпқой карикатура саласына біржолата ден қойдым. Бала күнгі арманымның өзі осы еді. Қазіргі таңда бірнеше жерде графикалық дизайнер және карикатурашы болып жұмыс істеп жүрмін.
– Мультипликациямен айналысатын үлкен компаниялармен келісімшартқа отырып, жұмыс істеудің сәті түсті ме?
– Әзірге ондай мүмкіндік бола қоймады. Болашақта «Marvel», «Dc comics» секілді өзімнің жеке компаниямды ашып, кәсібімді дамытпақ ойым бар.
– Еңбегіңді қаншаға бағалайсың?
– Суретті салуға қанша уақыт жұмсайтыныма және оның сәтті шығуына байланысты. Мысалы, комикс салатын болсам көп уақытым ойлануға және әрлеуге кетеді. Сондықтан, комикстердің бағасы қымбат.
– Мексикада карикатурашылар еңбегіне деген сұраныс қандай?
– Бұл жақта карикатурамен айналысатындар өте көп әрі сұраныс та жоғары. Жұмыстарымды кәсіби деңгейге жеткізу үшін аянбай тер төгуге тура келеді. Кәсіби маман болу оңай емес. Сондай-ақ, танымал болу үшін қолдайтын, жұмысыңа көмегі тиетін сөзі өтімді кісілермен байланысың болуы керек.
– Кімді ең мықты карикатурашы деп бағалайсың?
– Стэн Ли ең үздік деп ойлаймын. Ол әрі керемет суретші. Халк, Темір адам, Өрмекші адам секілді кейіпкерлер – Стэн Лидің төл туындылары. Көптеген супер-батырларды да Стэн Ли ойлап тапқан әрі суретін салған.
– Қандай жетістіктерің бар?
– Еңбектерімнің біразы Буэнос-Айростың мұражайына қойылды. Бірнеше теледидар бағдарламаларына қатыстым. Арнайы тапсырыспен мексикалық жұлдыздарды салғаным бар. Көптеген карикатура сайысында жүлдеге қол жеткіздім. Дегенмен, мен үшін ең үлкен жетістік – өнерімді жұртшылықтың бағалауы. Мехиконың жұртшылығы еңбектерімді жоғары бағалады.
– Мысалы, кімдердің комикстерін салдың?
– Майкл Джексон, Элвис Пресли, Джон Леннон, бокшсы Саул Альварес-эль-Канело, футболшы Чичарито Эрнандес секілді танымал тұлғалардың комикс суретін салдым. Одан бөлек саясаткерлер, танымал адамдардың да комикстерін салғаным бар. Олар менің комикстерімді көрген соң туиттер арқылы хат жолдап, алғысын айтты. Танымал адамдардың еңбегіңе ырзалық танытуы мені қуантады.
– Танымал болу үшін не істеу керек деп ойлайсың?
– Қай нәрседе болсын ең бірінші табандылық пен қажырлылық керек. Бастаған ісіңді бар ынта-ықыласыңмен орындайтын болсаң танымал болу да, өзіңді мойындату да ешқайда қашпайды. Әрине, кей кезде өзіңді жарнамалау да керек болады. Адамдар еңбегіңмен көбірек танысқан сайын танымалдылығың да арта береді. Ал, тәжірибе уақытпен келеді.
– Карикатура салу үшін фантазия қайдан келеді, әлде бұл туа біткен дарын ба?
— Маған күлкілі комикстер салған ұнайды. Ойыма сәтті бір әзіл түсе қалса, ұмытып қалмау үшін бірден қойын дәптеріме жазып қоямын. Ақылыма келген сәтті әзілдер маған құдайдың берген сыйы деп ойлаймын.
– Карикатура арқылы Мексикадағы шешілмеген мәселелерді әзілмен жеткізуге тырысып көрдің бе?
– Мексикада көптеген шешілмеген мәселелер бар. Атап айтар болсақ, елде жемқорлық кең етек жайған. Нашақорлық та шешімін таппаған мәселелердің бірі болып тұр. Қолымнан келгенше осы және өзге де мәселелерді әзілмен жеткізуге тырысып жүрмін. Кейде мен басымнан өткен оқиғаларға байланысты анимациялық карикатуралар салып тұрамын.
– Қазақстан туралы хабарың қаншалықты?
– Өкінішке қарай, Қазақстан атын бұрын еш жерден кездестірмеппін. Бірінші болып сенен естідім.
– Әңгімеңе рахмет! Жетістікке жете беруіңе тілектеспін!

Суреттері мында
Бөлісу:

4 пікір

Gastarbaiter

Көрнекілік үшін амигоның өз суреті мен, оның карикатураларын көбірек қойсаң тіпті жақсы болар еді.
konvict
Сілтеме арқылы өтсең суреттері бар
Gastarbaiter
Сұхбат жақсы негізі. Тек кейіпкері сұмдық емес.
Шынымды айтсам, нашар карикатуралары. Шетелдік болса қайтейінАКY- нің комикстеріне жетпейд.