Өлдің, «Шпион», қор болдың...
Бізге Борис Акунин деген лақап атпен танымал жазушы Григорий Чхартишвилидің «Шпиондық романы» экранизацияланады деген ақпарат басқаны қайдам жеке өзімді фильмді тағатсыздана тосуға мәжбүр қылды. Ұлы Отан соғысының күтпеген сәтте басталуы мен кеңестік әскердің оған дайын болмауы туралы ерекше нұсқа ұсынатын шығарма кино мамандары тұрғысынан жаман түсірілмес деген үміт болған. Кешеге дейін…
Әрине, ауызды құр шөппен сүрту дұрыс болмас, әуелі «ТриТэ» студиясы түсірген "Шпионның" әлеуетті тұстарын атап кетсек.
Қор болған сюжеттің кінәлі кейпін бірнеше фактор, атап айтсақ, актерлар ойыны, шын өмірде жоба күйінде қалып, аяқсыз қалған КСРО астанасының келбеті, бірді-екілі арнайы эффект аз да болса ақтап ала алды. Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссариатының (НКГБ) аға майоры Октябрьский болып ойнаған Фёдор Бондарчук алғашқы минуттарда алды жалпы көрерменнің, арты кітапты оқығандардың жынына тиюі мүмкін, бірақ, шығарма желісі мықтылығының арқасында тек-ақ «түзеліп» кетеді.
Фильмнің әрін кіргізгендердің бірі басты рөлде (Егор Дорин) ойнаған Данила Козловский болды деп ойлаймын. Аңғалдау, Кеңес одағына жан-тәнімен берілген жас чекистің келбеті жақсы шыққан. Шығармада суреттелген еңгезердей, сымбатты, шапшаң қимылдайтын, жылдам ойлайтын әскери адамның бейнесі Козловский арқылы фильмде дәл көрсетілген сияқты.
Соғыстың алдында іргетасы ғана қаланып үлгерген, ақыры салынбай қалған Кеңестер Сарайының экрандағы сипаты, коммунизм көсемдерінің алып мүсіндері, сол кездегі адамдардың киім-киістері, жүріс-тұрыстары, өмірі де шынайы суреттеледі.
Бірақ, кітаптағы сөзді экрандағы кадрға айналдыруға тырысқан авторлардың басты кемшілігі жоғарыда келтірілген, бірқатар фильмдер үшін сөзсіз басты жетістік болып саналатын жағымды тұстарды жуып-шайып кетті. Ол – Акунин шығармасындағы ең сүбелі, нағыз драмалық сипаттарға ие, кейіпкерлердің бітім-болмысын ашып көрсететін тұстардың «Шпионда» көрініс таппауы.
Мәселен, кітапта Егор Дориннің тыңшы «Вассерге» ғашық болып, арбауын түсіп қалған, ақыры отанын сатуға мәжбүр болған чекист Ираида Петраковичтің тұтқынында болатын жері бар. Күні-түні тар төсекте қол-аяғы байлаулы жатқан Дорин Ираиданы жан-тәнімен жек көретін болады, бар ойы, санасы оны өлтіріп, бастығына (Октябрьский) бір ауыз хабар жеткізуге келіп саяды, бірақ, ептеп есі ауыса бастайды, ашығады, көзіне түрлі бейнелер елестеп, Ираиданың келуін асыға күтеді, тамақ әкелуін аңсайды, дәретханаға шығарса екен деп тілейді. Ақыр соңында, қу сүйегі қалған Дорин едендегі алақандай тесік (неге арналғанын ішіңіз сезетін шығар) арқылы қашып шығады.
Немесе тағы бір көрініс. Нарком (халық комиссары, прототипі Лаврентий Берия) телефон арқылы Доринмен сөйлескен соң (бұл әңгіме барысында Егор Октябрьскийді сатып кетеді), келіп бас кейіпкермен көзбе-көз жолығады. Бұл үшеудің неге сенетіні, қандай өмірлік ережелерді басшылыққа алатыны және шығарманың шарықтау шегіне жететін тұсы – осы.
Бірақ, өкінішке орай, шығарманың әрін келтіріп тұрған бұл сәттерді фильмнен таппайсыз.
Әрине, монитор бетіне «түскен» сипаттау солғын болып көрінер, бірақ, «Шпиондық романды» оқып, «Шпионды» көрген адамның мендік пікірмен келісетініне сенімдімін.
Жекелеген көріністердің жап-жақсы түсірілгеніне қарамастан, тыңшылық сюжет желісі толықтай құрастырылмаған. Кімнің не істегенін, қайда қандай оқиғаның қалай орын алғанын меңгеріп әкету қиын. Қиюы қиыспаған құрақ көрпе сипатындағы фильм Акунин шығармашылығымен, ерекшелігімен, кейіпкерлерімен тікелей таныспаған көрерменді тығырыққа тіреуі мүмкін.
Әжептеуір бюджеті (192 00 000 рубль), сценарийге негіз әбден бола алатын түпнұсқасы («Шпиондық роман», Борис Акунин), мықты актерлары (Данила Козловский, Фёдор Бондарчук, Владимир Епифанцев, Сергей Газаров, Виктор Вержбицкий, Виктория Толстоганова) бар фильм тұтасынан құйылған салмақты оқиғаға емес, ана жер, мына жерден жұлынған жамау сәттерге ғана ие болды. Өкінішке орай…
Киностан.кз
Нашар дүние деп ойлайм.
А жалпы, мелодрамаларда жақсы ойнайды. Көздері боталап тұра қалғанда кез келген әйелді сындырады.