Блогкемп 2012-ден Блогкемп 2013-ке
Бісмілләсі былтыр Алматыда айтылған құрылтай биыл Арқа төрінде арқасын кең жайды. Назарбаев Университет іргесін қалағалы блогшылардың осынау шоғырын қарсы алуы алғашқы рет шығар. Әдеттегідей, еріктілердің бейресми/ресми басқосуына ұйытқы болғандар аз болмады. Біріге көтерген жүк жеңілдің кезекті жарасымды мысалы болды бұл.
Былтырғы алматылық мақсаттастарымыздың пәрменіне қарап, елордадағы біздің бастапқыда аздап шайлыққанымыз рас. Дәл сондай деңгейде үйлестірушілік болады ма, жалпы, өткізе аламыз ба деген әуре-сарсаң ұзаққа созылмады, Талғат бауырымыз бастаған бастамашыл ырықтылар көз жұма кірісіп кетті. Жаман болмаған сияқты. Алматымыз бар, Шымкент, Атырауымыз, Өскеменіміз бар, басқамыз бар – ешкім қонақ екенмін деп шіренбеді, келген бойда екі қолға бір күрек ұстанып, кірісті де кетті. Тәнті боласың.
Препатидің «айсбрейкер» болатыны күнібұрын болжанып еді. Айжан қарындасымызға рақмет, жақсы жерді сайлапты. Жиналғандардың ішінде Есен Елеукен, оның шәкірттері болды. Әзілдестік, қағытпасыз болмады. Қуанышұлы Әли бастаған препатилеушілер 23 күнгі негізгі сессия алдында бір-біріне сіңісе алды деп сенейік.
Жалпы, былтырғыдан басты өзгешілігі – бір күнге сыйыстырдық. Жанасыл бастаған бригада презентацияларды қамтыған тезистік кітапша басып шығарды. Биыл 2011-дегідей алыс-жақын шет елден көп ағайын жинай алмадық. Қытайдан келді бірер бауырымыз тек. Батырды Алматы өкілі деп санадық.
Уақыт тығыз, презентация көп болғасын іріктеп, қызыққандарыма кіруге тырыстым, әрине. Массагет сайтының танытылымына, Жалғастың автордың, Патиктің қазақ киносының жаназын шығаруларына қатыстым. Сосын Айқаракөздің презентациясын арнайы барып тыңдадық. Бастапқыда барлық аудиториядағыны видеоға түсірсек пе деген ой боп еді, өту барысында аздап кілтипандар болды ма деймін. Білуімше, барлық презентацияларды видеосүйемелдеумен қамти алмадық. Ұзамай биылғы блогкемптегі презентациялардың нұсқалары қалың бұқараға жол тарта жатар.
Афтепатиде жігіттердің пәтерінде Блогкемп-2013 қайда өтсе деген брейнсторминг өтті. Сыға айтқанда, жағрапиямызды кеңейте берсек пе деп ниеттестік. Алматы һәм Астанадан кейін эстафетаны Шымкентке беру тұралы қарар қабылданды. Күнтізбені де қарадық, келер жылы да Наурыз мерекесіне орай 5 күн демалыс болатын тәрізді. Шымкенттің Машат шатқалында пансионаттар аз емес, солардың бірінде өткізуді көздегіміз кеп отыр. Ондағы өзгешеліктердің қатарына барлық қатысушы барлық презентацияларды көре/ести алатындай жағдайды туғызуды қостық. Концепцияның түптамыры сол: бір ғана жерде полотно болады, проектор болады, ауқымдылау диспут өрбиді. Тиісінше, ресми бөлігін екі күн деп алсақ па деген ой бар. Футбол, волейбол, басқа да спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастыру жағы да қатты қиындық туғызбаса керек. Бәріміз біріге костер жағып, кәуәп пісірерміз. Гитаралатармыз, домбыралатармыз, ә?! Бұл ретте, Шымкенттегі «Айтаберліктерге» қолқа салсақ па дедік. Жас қырандар жерге қаратпас, оңтүстіктің қонақжайлығын танытуда дес бермес деймін өз басым. Бұл тұжырым қыздардың консилимуына да білдірілді. Әзірше ұсыныс күйінде.
Қорыта келе, ынтымағымыз бекіп жатқанын, ҚазНеттегі қазақтілді сегменттің өре түрегелгенін атап өтуге болаты сияқты. «Виртуалдан реалға» слоганы жыл санап еліміздің түкпір-түкпірінде өміршеңдігін нықтай берсе деген үкілі үмітпен Блогкемп-2012 асарына алыстан ат арылтып келген достарымызбен қимай-қимай қоштастық.
15 пікір